С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қызметкерлері экологиялық тұрғыдан тиімді жобаны жүзеге асыруға жылға жуық уақыттарын сарп етіпті. Университеттің металлургия кафедрасының аға оқытушысы Әлібек Жақыпов пен мұнай-газ ісі кафедрасының аға оқытушысы Руслан Сабинов тұрмыстық полимерлік және техногендік қалдықтарды қосып, жаңа материал алуды көптен бері ойлап жүрген екен.

- Айналамызда тұрмыстық полимерлік және кәсіпорындардан шығарылатын өндірістік қалдықтар аз емес. Міне, соларды кәдеге жаратып, экологиялық ахуалға оң әсер етсек деген ой келді. Сөйтіп, екі қалдықты қосып, плиткалар жасап шықтық. Жасаған жобамыздың аймағымыздың экологиялық ахуалына да айтарлықтай оң ықпалы болары сөзсіз, - дейді жоба авторларының бірі Әлібек Жақыпов.

Полимерлік қалдықтар деп отырғаны тұрғындардың тұтынуынан кейін тасталатын түрлі ыдыстар, нақтысы, пластикалық бөтелкелер, көлік майлары, антифриз сияқты сұйықтықтар құйылатын конистрлар. Осы қалдықтарға жас ғалымдар зауыттардан шығарылатын шлак, күл, шаң сияқты заттарды қосып, жаңа өнім алып отыр. Жасалған материалды «күлді полимер» деп атапты.

- Кәдімгі плиткалармен салыстырсақ, біздің жасаған материалымыздың сапасы әлдеқайда жоғары. Себебі, өніміміздің құрамында полимерлік заттар бар. Полимердің ыдырауы 100 жылдан асып түсетінін білесіздер. Сондықтан біздің плиткаларымыз 40-50 жыл еш өзгеріссіз жатады. Сынап та көрдік. Ең мықты 500 мегапиксельді бетонның беріктігімен пара-пар болып отыр, - дейді жас ғалым.

Павлодарлық жаңа өнімнің тағы бір артықшылығы, бағасы жағынан да қалтаға салмақ салмайды. Себебі оның құрамына қосылған заттар бұрын пайдаланылған қалдықтар болғандықтан, нарықтағы плиткалардан құны екі есеге дейін арзанға түседі, дейді Ә.Жақыпов. Сондай-ақ, су жұқтырмайтын қасиеті бар. Бұл дегеніңіз, сыртқы әсерлерден бүлінбейді.

Жобаны нақты іс жүзіне асыру үшін жас ғалымдарға университет қажетті жабдықты сатып алып берген. Қос қызметкер алғашқы сынамалы өнімін шығарып, университет аумағында жаяу жүргіншілер жолына төсеп үлгерген. Әдейі қыс мезгілінде төсепті. Яғни, материалдың беріктігін сыртқы факторлардың тікелей әсерімен сынауды жөн көріп отыр. Ғалымдар егер жасаған жаңа материал оң нәтижесін көрсетіп, сұраныс артса, кәсіпті ары қарай дөңгелетуге әзір. Жоба авторлары алдағы уақытта тұрмыстық полимерлік және техногендік қалдықтар қоспасынан жасалған материалдан кәріз құдықтарының сақиналарын, қақпақтарын, жолдың жиек тастарын, үйдің төбесін жабатын жұқа қыш жасауды қолға алмақ.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz