Әдеби кеш шымылдығы ақын шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильммен ашылды. Әсіресе өңірдегі көрікті мекендерде ақынның өлең өрген сәттері көрерменге ерекше әсер етті. Шолпан Байғалы - журналистика мен ақындық өнерді қатар алып жүрген жан. Сонау 1980-1990 жылдардағы тіл мен ділдің қыспаққа ұшыраған шағында қолына домбыра алып, айтысқа шыққан ақындардың ішінде Шолпан апамыз да бар еді. Ілгеріде 2 жыл қатарынан облысымыздың 14 елді мекенінде «Жырлау-мен өткен жырлар-ай», «Аяулы менің аймағым, өнерім саған аманат» атты ретро ақындар айтысы болған еді. Қазіргі таңда өңірдегі ардагер айтыс ақындарының ізін басып, айтыс өнеріне құлаш сермеп жүрген 40-қа жуық жас бар. Шара барысында Шолпан апамыздың замандасы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажан мен «Алтын домбыраның» иесі, талантты ақын Аспанбек Шұғатаев сөз қағыстырды. Бұл да алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі буынның арасындағы сабақтастықты көрсетсе керек.

- Өлеңім - менің өмірім. Ешкімге ақтарып айта алмайтын сырым мен мұңым да осы өлеңдерімде жатыр. Жастарға үлгі боларлықтай аға буын өкілі болған шағымда жырсүйер қауымның басын қосып, оқырмандармен сырласуды жөн көрдім. «Менің тәтті тағдырым» атты жаңа жыр жинағыма 1970-1980 жылдардан бері қарай жазылған кейбір өлеңдерім енгізілді. Жастық шағымыз қилы-қилы тағдырларды бастан кешірген кезең еді. Келмеске кеткен кезеңдер өлеңдерімде бір белгі болып қалды. Әлі есімде. Белгілі журналист Ләзиза Серғазина апамыз біздің ауылға жиі келіп тұратын. Бір келгенде апамыз менің тырнақалды туындыларымды Алматыға алып кетіп, «Қазақстан әйелдері» журналына жариялады. Осы бір кез менің есімде ерекше қалып қойған еді, - дейді кеш иесі Ш.Байғалы.

Ел ішінде айтылып жүрген көптеген әндердің сөзін Шолпан апамыздың жазғандығын көпшілік біле бермейді. Ол жергілікті композиторлармен етене жақын араласты. Оның өлеңдеріне Асан Әбдікәрімов, Қайырбек Сәтиев, Назымбек Дүкенбай, Мейрам Ермекбаевтар ән жазды. Кеш барысында «Жүрегімнен жыр жазамын, туған жер», «Тереңкөл», «Сен мені кінәлама», «Өзіңсің», «Жан аға», «Қайдасың?», «Нұр қала» секілді әндерді жергілікті өнерпаздар орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

Шолпан Байғалы бүгінге дейін оннан астам кітаптың авторы атанды. «Еркелеймін Ертіске», «Сезімді қайтем тулаған», «Көктем тынысы», «Ай-Нұрым менің», «Сыр сандық», «Сағым уақыт», «Толқиды Ертіс», «Қызылтаң - алтын бесігім», «Таңшолпан» секілді кітаптары жарық көрді. Заманмен бірге жасасып, өмірден түйгенін өлең етіп өріп жүрген ақын апамызға шығармашылық табыс тілейміз.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz