Екі мың қазақ келді

Қазақтың байтақ даласына қай жақтан қанша қандасымыз келсе де, сыйдырып алуымызға мүмкіндігіміз бар. Әсіресе, ен тоғайлы Ертістің бойына жағалай ел қонып, олар қораларына мал толтырып, тіршілік етуіне бар жағдай жасалуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеумет-тік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшсы Меруерт Есенбаеваның айтуынша біздің өңірге бөлінетін квоталар саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, былтырғы жылдың басында ішкі көші-қон бойынша 1520 адамды, сыртқы көші-қон бағдарламасы бойыша 320 адамды қабылдау жөнінде тапсырма берілген. Алайда Павлодар өңіріне қоныс аударушылар бұл саннан әлдеқайда асып кетіпті. Көшіп келушілердің көбеюіне байланысты алдыңғысына қосым-ша 80 адамға және соңғысына қосымша 160 адамға қайта квота сұраған.

- Міне, осылайша өткен жылдың жос-парын артығымен орындадық. Қоныс аудару-шылардың 88 пайызы ауылдық жерлерге орналасты. Тіпті, облыс орталығынан шалғай орналасқан Ертіс, Железин, Баянауыл секілді аудандарға да барып жатыр. Баянауылға мал өсіреміз деп 40 отбасы келді. Міне, мемлекеттік бағдарламаның ең басты жемісі осы болып отыр. Себебі, ауылды көркейтудің жалғыз жолы – халық санын көбейту. Ал адамы жоқ ауылға кім қандай жағдай жасайды? Статистикаға жүгінсек, оңтүстік және батыс аймақтардан көшіп келген 1600 адамның 800-ден астамы еңбек жасында болса, 18-ге толмаған балалар саны – 751. Міне, дәл осындай оқушымен ауыл мектебін қамтыдық. Осы арқылы жабылудың аз-ақ алдында тұрған кейбір мектептерді «құтқарып» отырмыз. Ауылдарға көбінесе білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласының мамандары барады. Олардың 45 пайызы өздеріне жеке үй сатып алып үлгерді. Қалғандары әзірше жалдамалы баспанада тұрып жатыр. Ал, өз бетінше кәсіп істеп, күн көруге қауқары бар біраз отбасы қалалық жерге қоныстанды, - дейді бөлім басшысы.

Ішкі көші-қон бағдарламасына қатысу-шыларға қойылар талап қаталдау. Яғни, отбасында кем дегенде бір адамның маман-дығы болуы тиіс. Келгеннен кейін сол адам міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Негізі, арнайы мамандығы жоқ адамдарға да келуіне болады. Бірақ оларды жұмыспен қамту жағы қиынға соғатыны анық. Ал этникалық қазақтардың басым көпшілігі - орта кәсіби білімділер. Олардың барлығы-ның дипломы шетелдікі болғандықтан, құжат-тарын рәсімдеп, аударғанша біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалатынын айтады.

Үкіметке үй салуды ұсындық!

Еліміздің батыс және оңтүстігінен келу-шілерге де шетелден көшіп келген қандас-тарға да тағайындалған бастапқы жәрдем-ақының көлемі бірдей. Яғни, көшіп-қону жол шығынын өтеу мақсатында әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі. Бұл – 88 мың теңге. Сонымен қатар, үй сатып алуға жағдайлары келгенше пәтерақысын төлеп береді. Бірақ мұндай ақшамен бірден үй сатып алуға және кәсіп ашуға мүмкіндік жоқ. Себебі қазір ауылдарда бағасы жарты миллионнан төмен үй таппайсыз. Екіншіден, этникалық қазақтар мен ішкі облыстардан келетіндердің жолақы құны мен басқа да шығындарын бір-бірімен салыстыруға мүлдем келмейді. Яғни, бір елден екінші елге отбасымен бірге келу үшін әжептәуір шығынға батады. Міне, сондықтан өңірлік көші-қон бөлімінің мамандары берілетін қаражат көлемін ұлғайту туралы үкіметке ұсыныс-хат жолдаған. Мысалы, ішкі облыстардан келетіндерге берілетін жәрдемақы көлемін 50 АЕК-ке, шеттен келетін этникалық қазақтарға беріле-тін қаражат көлемін 100 АЕК-ке дейін көбейтуді сұрап отыр. Сонымен қатар, осы салада көп кездесетін түйткілдердің бірі – үй мәселесі. Мысалы, кейбір ауылдарда жұмыс орындары болса, алатын үй табылмайды. Ал кейбір елді мекенде бос үйлер бар да, жұмыс жоқ. Мысалы, былтыр Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының мектебінен үш бірдей жұмыс орны шыққан. Бірақ көшіп келген мамандарға алып беретін үй таба алмағандарын айтады. Міне, осы қиындықтан құтылудың бір жолы – бағдарла-ма бойынша қызметтік пәтер салу. Әсіресе, экономикалық және әлеуметтік ахуалы жоғары тірек ауылдар мен облыс және аудан орталықтарынан шалғай елді мекендерге үй салу мәселесін көтеріп, үкіметке ұсыныс жолдаған. Мұны жеке кәсіпкерлерге, құрылыс фирмаларына жүктеуге болады. Кейін мемлекет құрылысқа шыққан шығынды өтеп, жаңа үйлерді меншігіне алады. Биыл дәл осындай жүйені Солтүстік Қазақстан облысы пилоттық жоба ретінде қолдана бастады. Бұл өтініштің қалай қаралатынын әзір дөп басып айту қиын, бәрі - уақыттың еншісінде.

Көпшілікке белгілі, халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын басталып, елдің қолдауына ие болды. Дегенмен, осы бағдарлама бойынша көшіп келіп, қажетті қаражатын қолына алған соң келген жеріне қайтып кететіндер де бар екен. Мамандардың сөзінше, былтырдан бері оңтүстіктен көшіп келген 30-дан астам адам бұрынғы мекеніне қайта қоныс аударыпты. Бұлардың бірі біздің жақтың ауа райы «денсаулыққа жақпады» деген уәж айтса, кейбірі отба-сылық мәселелерді сылтау ететін көрінеді. Бірақ, ондай «пысықайлыққа» мемлекет жол бермейтінін біліп жүрген абзал. Бағдарламаның талабы бойынша, қандай да бір жағдаймен кері кететіндер алған ақшаны да, үйді де мемлекет есебіне қайтарып береді.

Осы ішкі көші-қон бағдарламасын насихаттау мақсатында Павлодар облысында құрылған делегация еліміздің бес облысын – Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау өңірлерін аралап, үгіт-наси-хат жұмысын жүргізген. Жұмыс тобының құрамында аудан әкімдерінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, аудандық «Жұмыспен қамту орталықтарының» директорлары және ауыл әкімдері бар.

- Оңтүстік және батыс облыстарды аралау барысында талай қызықтардың куәсі болдық. Қарапайым халық арасында бұл бағдарлама туралы білмейтіндер көп екен. Білетіндерінің өзінде мағлұмат аз. Кездесулер барысында осы мәселе туралы толық ақпарат тараттық. Сонымен қатар, өңіріміздің жетістігін және ерекшелігін барынша ашып айтуға тырыстық. Сол сапарымызда ерекше көрекейіп, дамыған ауылдар мен аудандарды көрдік. Мысалы, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында қарттар үйі мен жетімдер үйі жоқ екен. Яғни, халқы мұндай мұқтаждыққа жол бермейді, - дейді Меруерт Сейітбекқызы.

Ағымдағы жылы Павлодар өңіріне 2400 квота бөлінген. Оның екі мыңы ішкі көші-қонға бағытталған болса, 400-і сырттан келетін қандастарға берілмек. Мамандардың сөзінше, халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жобасы 2021 жылға дейін жалғасады.

Иә, тағдырдың талай қыспағына түсіп, тарыдай шашылған қазақ елінің бір шаңырақ астына жиналар кезі келді. Ел Тәуелсіздік алғалы бері бұл салада ұлан-ғайыр жұмыс жүргізілді, әлі де жалғаса бермек. Жалпы, шеттегі қазақтың тағдыры қашан шешіледі? Бұл – жан-жақтағы қандастарымыз түгел асып келіп, Атажұртынан өз қонысын тапқанда ғана шешілмек.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz