Заң өзгерді, адамдар ше?

Биылдан бастап тұрмыстық қалдықтар, яғни, пластиктер, шамдар, батареялар қоқыс полигондарына сұрыпталған күйінде шыға-рылуы тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұған қатысты экологиялық норма күшіне енді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекстегі қоқысты жинау, шығару және полигондарға жеткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, жауапты мекемелер қалдықты қалай болса солай шығарса, жауапкершілікке тартылатын болды.

Айыппұл арқалаған кімге керек дейсіз. Сондықтан былтырдан бастап облыс басшылығының тапсырмасымен аймақтағы үш қалада да бөтелкелерге, батареялар мен шамдарға арналған жеке контейнерлер қойыла бастады. Айталық, Павлодар қаласында пластикалық қалдықтарды жинайтын 329 контейнер орнатылды. Бұл мақсатқа қоқыс шығаруға жауапты компания - «Спецмашин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13 млн. теңгеден астам қаражат жұмсапты.

Арнайы жәшіктер орнатылғанымен, мәселе толыққанды шешімін таппады. Мұндай ерекше контейнерлер кей аулаларға әлі күнге дейін жетпесе, енді бірінде талапқа сай орнатылмаған. Тіпті, «ғайып болған» жәшіктер бар. Мәселен, Майра көшесіндегі 15-үйдің тұрғындары былтыр пластикалық өнімдерге арнайы қойылған контейнердің бүгінде қайда екенінен бейхабар.

- Өткен жылы подъездің дәл алдында сары жәшік пайда болды. Содан көршілер мұны кәдімгідей қызық көріп, бөтелкелерді сол контейнерлерге жинай бастады. Бірде қатты желдің салдарынан әлгі жәшік құлап қалып, оны дүкен маңына ауыстырды. Ал қазір мүлде жоқ. Сондықтан пластиктерді бұрынғыдай жеке емес, басқа қалдықтармен бірге шығаруға тура келеді. Қоқыс шығаруға жауапты орындар осы мәселені реттеп, әр аулаға контейнер қойса игі. Әйтпегенде, жағдай жасамай, қалайша тұрғындардан қоқысты бөлек-бөлек шығаруды талап етеді? – дейді тұрғын З.Оспанов.

Ал «Спецмашин» компаниясының өкілдері керісінше, павлодарлықтардың бойында қалдықтарды шығару мәдениетінің қалыптаспағанын, жауапкершіліктің төмендігін алға тартады. Айтуларынша, аулада арнайы жәшіктің тұрғанына қарамастан, адамдардың басым бөлігі бұрынғыша бөтелкелерді темір контейнерлерде қалдырады. «Өкінішке қарай, тұрғындардың көпшілігі қалдықты сұрыптап шығару қажет екенін жіті түсіне қойған жоқ. Пластиктерге арналған сары жәшіктерді қойсақ та, барлығы дерлік бос тұр. Ал біз оларды қыруар қаржыға сатып алдық» деп ашынады кәсіпорын қызметкерлері. Сөйтіп, «Спецмашин» серіктестігі тұрғындардың мәселеге мән бермеуі мен немқұрайлылығы қалдықтарды сұрыптауына кедергі келтіріп тұр дейді.

Бұл ретте әлемдік тәжірибені тілге тиек етпеске болмас. Мәселен, германиялықтардың үйінде кем дегенде үш қоқыс жинау ыдысы бар. Испаниялықтар мен ағылшындарда да солай. Олар қалдықтарды түр-түріне байланысты жеке жинап, аулада тұрған түрлі түсті контейнерлерге салады. Ал бізде ше? «Бөтелкені жеке, қағазды жеке, тамақты жеке жинап жүргеннен басқа шаруам жоқ па еді?», «Әр ыдыс тар үйде әжептеуір орын алады», «Әрқайсысына жеке ыдыс пен пакет сатып алуға ақша керек» деген сынды түрлі уәж бен сылтауды айтуға асығамыз. Түптеп келгенде қоқыстың сұрыпталуы қоршаған ортаға, адам денсаулығына тікелей әсер ететінін ойлай бермейміз. Әр адам бөтелке мен басқа қалдықтарды бөлек-бөлек шығарып дағдыланса, қызмет көрсетуші компания-лардан жағдайдың жасалуын талап ете алады. Өзіміз бәрін жиып-теріп бір-ақ шығаруға үйір болсақ, жоғарыдағыдай «бойымызда мәдениет қалыптаспаған адамға» оңай айналарымыз анық.

Қоқыстың да сұрауы бар

Биыл күшіне енген заңға сәйкес, тұрмыстық қалдықтар сұрыпталуы тиіс. Бұған дейін қаладағы аулалардан жиналатын қалдықтың барлығы 60 жыл бұрын салынған полигонда көміліп, тау болып қаланып келген. Айта кетерлігі, облыс орталығына тағы бір қоқыс полигоны қажет екені соңғы 10 жыл бойы айтылуда. Тіпті, жаңа орын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіпті. Бірақ, республикалық бюджеттен 800 млн. теңге бөлінбеді. Сондықтан, жыл сайын жиналатын 300 мың тонна қалдықты ескі полигонға үйе беруден басқа амал жоқ.

Заңның шеңберінде жұмыс істеу үшін «Спецмашин» серіктестігі полигонға жеткізілетін қоқысты сұрыптай бастады. Қоқыс жинайтын көлік жиналған қалдықты төгеді, ал кәсіпорын жұмысшылары көзге көрінген, қолға іліккен қалдықты сұрыптайды. Бірі қапқа тек бөтелкелерді, бірі қағаздарды, енді бірі металдарды салады. Бұл жеткі-зілген қалдықтың 10 пайызы ғана. Қалған 90 пайызы кәдеге жаратуға жарамсыз болып саналып, жер астына көміледі.

- Бүгінде біз пластиктің төрт түрін, қағазды, алюминий бұйымдары мен металл сынықтарын сұрыптаймыз. Барлық жұмыс адам күшімен жасалады. Яғни, ешқандай техника қолданылмайды. Сапасы жақсы пластиктерден түйіршіктер, ал екінші рет қолдануға келмейтіндерден полимерлі кеспетастар шығарамыз, - дейді кәсіпорынның учаске басшысы Александр Попов.

Полимерлі кеспетастар дайындау үшін жарамсыз пластиктер мен «Павлодар өзен порты» кәсіпорнынан сатып алынған құм қолданылады. Бір кеспетастың салмағы 5 келі болады десек, оның құрамындағы өңделген қалдық 3 келіні, құм 2 келіні құрайды. Әзірше кәсіпорын бір ауысымда 20 шаршы метр кеспетас шығаруға қауқарлы. Жарты жылда дайындалған өнімнің барлығын қоймада сақтап отыр. Тиісті құжаттарды реттеп, өндірістік қабілетті арттырған тұста нарыққа шығармақ ойы бар. Александр Поповтың айтуынша, мұндай өнімді кез келген салада қолдануға болады. Әрісесе, құрылыс үшін таптырмас материал болуы тиіс. Бұл цехтың жұмысын бастау үшін кәсіпорын 6 млн. теңге бөліпті.

Осылайша, сіз бен біз жарамсыз деп контейнерге лақтырған пластиктерден кәсіпорын түйіршік пен кеспетас шығарып отыр. Ал қағаздарды жинап, сұрыптап, сығымдап Павлодар картон-рубероид зауытына жібереді. Алюминий, басқа да металл сынықтары сұрыптаудан өткен соң қазақстандық немесе ресейлік кәсіпорын-дарға сатылады.

Қаражат жоқ

Жоғарыда айтқанымыздай, «Спецмашин» кәсіпорнының жұмысшылары барлық қалдықты қолмен сұрыптайды. Жұмысты автоматты түрде жүргізу үшін былтыр компания басшылығы облыс орталығындағы ғимаратты 150 млн. теңгеге сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сұрыптау цехын ашу ісі осымен тоқтады. Басты себеп – қаражаттың жоқтығы. Бұл кәсіпорынды іске қосу үшін қанша қаржы қажет екенін сұрағанымызда, учаске басшысы Александр Попов дөп басып айта алмады. Сұрыпталған қалдықтарды өзге кәсіпорындарға сатқаннан түсетін табысты да, тұрғындар төлейтін коммуналдық ақының жиынтық сомасын да білмейтін боп шықты. Бір сөзбен айтқанда, «қаржы жоқ» деп қысқа қайырғаннан басқа мардымды мәлімет бермеді.

Айта кетелік, былтыр дәл осы кәсіпорын басшылығы шілденің шіліңгір ыстығында бірнеше күн бойы аулалардағы қалдықты шығармай, қала қоқыстың құрсауында қалған болатын. Осы әрекеті арқылы тарифті көтермесе, жағдайдың қандай боларын көрсетуді қалағанға ұқсайды. Себебі, бұған дейін адам басына төленетін 159 теңгелік тарифтің 5 жыл бойы өспегенін айтып, билік назарын аудартпақ болған еді. Жаздың дәл ортасында көпшілікті осылайша «үркітіп» алған соң қалалық мәслихат депутаттары тарифті 250 теңге көлемінде бекітуге дайын еді. Алайда серіктестік басшысы Вячеслав Рудько халық қалаулыларының ұсынысына келіспей, 322 теңгеге дейін көтеруді талап етті. Ал жыл соңында облыс әкімі Болат Бақауов монополистің бұл әрекеті қисынсыз екенін және тарифті көтеруге мораторий жарияланғанын айтты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың коммуналдық қызмет ақыларын төмендету туралы тапсырмасына сәйкес, 322 теңгені көксеген кәсіпорын тарифті керісінше, 159 теңгеден 152 теңгеге дейін төмендетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, жыл басынан бері әр адам қоқыс шығарғаны үшін ай сайын 152 теңге төлейді.

Түйін. Қоқысты ауладағы жәшікке салғанмен іс бітеді деп атүсті ойлайтынымыз бар. Бірақ, мүлде олай емес. Қалдықты шығару, жинау, сұрыптау мен өңдеу ісінің аясы ауқымды, маңыздылығы жоғары. Оны сұрыптау қоршаған ортаға, ал өңдеп, сатылымға шығару экономикаға пайда әкеледі. Тек бір-біріне жалғасқан, өзара тығыз байланысты бұл жұмысты жүйелі жүргізсе болғаны. Ол үшін алдымен тұрғындардың бойында мәдениет қалыптасып, кәсіпорын өз ісіне адал қарауы қажет.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz