Толағай таулар мен жазира жайлаулы Баянауыл - Торайғыр жерінің әр тасы, әр тауы - тұнған тарих. Ауыл тұрғындары өт-кендерін былайша тарқатады: ХІХ ғасырда дана би Шоң Едігеұлы құрған «Төртуыл одағы» деген атпен тарихта қалған Сүйіндіктің қуатты төрт руының басын құрған - осы жер. Бұл - Ресей империясы 1830 жылдары Баянауыл сыртқы округі ашылғаннан кейін Ақбеттау болысы болған өңір. Бертін Кеңес кезінде елуінші жылдардың соңына қарай шаруашылықтарды ірілендіру жылдарында «Ворошилов», «Одақ» және «3-ші бесжыл-дық» колхоздарын біріктіру арқылы «Александровский» кеңшары болып құрылды. 1963 жылы совхозға ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді. Қазір Торайғыр ауылдық округіне қарасы Торайғыр, Қызыл-шілік және Александровка ауылдары бар. Бұл - Едіге, Шоң, Торайғыр, Тайкелтір билер-ден бастап әдебиет пен өнердің хас таланттары әнші-композитор, балуан Бүркітбайдың Мұстафасы, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Д.Әбілев, К.Кенжетаев, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, С.Бейсенбаев, Х.Жұматов, Ш.Шөкин сынды ғұламалардың дүниеге келген жері. Осы ауылға нағашылай келген Сәкен Сейфуллин Найзатасқа шығып, әнші-сері Жарылғапбердінің қарындасына арнаған «Біздің Ақбет» әніне өзінің әйгілі «Тау ішінде» әнін қоса шырқаған дейді ел іші.

Міне, осындай дерек-мәліметтерді жаңғыртып, тарихта қалдыру, бүгінгі буын ұрпақ-қа таныстыру мақсатында өлкетану музейінің ашылуы - текті тану мен бағалаудың әбден толғағы жеткен, жолын, шешімін күткен мәселесі. Оның сәті түсті. Ауылдың мәдениет үйінің бір бөлмесінде ашылған өлкетану музейінің тұсаукесеріне адам көп жиналды. Ауыл түлектері, музей жұмысына демеуші-лік жасаған азаматтар, зиялы қауым өкіл-дері, тұрғындар қуаныштарын бөлісті. Ауыл ақсақалы Сайлау Байділдин мен мәдениет саласының ардагері Үміт Сапарбекқызы музейдің тұсаукесер рәсімін жасады. Айтары жоқ, ауыл ұстаздары Шолпан Жақыпова мен Зәуреш Макарованың ауыл тарихына қатысты мәліметтерді жинау ісінде нардың жүгін арқалағандай іс жасағандары айқын көрініп тұр. «Мұртты қорған» тарихи ескерткішінен бастап, тарихи тұлғалар, Қамар Қасымов, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жеке топтамалық мәлімет стенділер, Торайғыр орта мектебінің тарихы, «Колхоз майталмандары», еңбек ардагерлері, совхоз кезіндегі тыныс-тіршілік, қысқасы ауылдың арғы-бергі тарихы, фотосурет, мәліметтер, көне заттар тақырыптарға бөлініп қойылған. Музей ішін әрлеуде кәсіпкер, Баянауылдың тумасы Бекболат Ибраев көп еңбек сіңірген. Сондай-ақ, ауыл түлектері Қ.Әубәкірова, Б.Смағұлов, Е.Мұқатаев, А.Сыздықов, А.Сапарбекұлы, С.Байділдин, Қ.Сыздықов, М.Нұғыман, Е.Рахимов, Т.Қаңтарбаев, С.Айткенов, Б.Біләлов, Б.Мақсұтов - музейдің талаптағыдай ашылуына демеушілік көмек көрсеткенін атап өту керек.

Салтанатты жиынды белгілі ақын Қуанышбек Шарманов арнау әнмен ашты. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасов, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Нұртасұлы, ақын, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы, ауыл әкімі Арғын Абраров көпшілікті құттықтап сөз сөйледі. Еңбек ардагері Үміт Сапарбекқызы «Рухани жаңғыру» аясында осы ауылда екі бірдей музей ашылғанын, ел ішінде Шолпан Жақыпова мен Зәуреш Макарова секілді ұлттық құндылықтарға жанашыр адамдардың бар екендігін айта келіп:

- Өкінішке қарай, облыстың, республиканың киелі орындар тізбесіне бірқатар тарихи нысандары еніп отырған Баянауыл ауданының орталығында «Рухани жаңғыру» орталығы жоқ. Тарихқа ондаған таланттарды сыйлаған Баянауыл жеріне бәрінің басын біріктіріп, бір жерге жинақтайтын өлкетану музейі керек-ақ, - деп көпшіліктің көкейіндегі пікірді айтты. Жөн сөз!

Музейдің ашылуына арнайы барған С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ғалым-дары Ертай Жүсіпов, Серік Елікбай пікір білдіріп, қуанышқа ортақтасты. Арғы-бергі тарихтан ой тербеді... көңіл тебірентерлік әдемі ойлар айтты.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі, осы ауылдың тумасы Мейрам Нұғыман сөз сөйлеп, музейді ұйымдастырушы ардагер ұстаздарға көпшіліктің атынан ризашылық білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың «Алғыс хаты» мен ескерткіш сыйлықтар тапсырды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасының мәні бөлек. Расында, қазақтың ұлы даласында қаншама айтылмаған, жазылмаған тарих жатыр, - дейді Шолпан Жақыпова. - Мүмкіндік туды, бәрі-бәрін жария етуге жол ашылды. ...Әрине, ауылдық жерде музей ашудың оңай емес екенін түсіндік. Алматы, Семей, Павлодар, Екібастұзға сапар шектік. Нәтижесінде ауыл тарихы, әр кезеңдерде өмір сүрген ауыл адамдары жайлы қаншама мағлұмат жинақталды. Мұның бәрі тарихи сауаттылық үшін, тамырымызды терең танып-білу үшін керек. Бұл жұмысымыз ары қарай жалғаса береді, - дейді ол.

Салтанатты жиында белгілі әншілер Әсел Ботаева, Әлия Нұрбаева, Ерасыл Бейбіт, бишілер тобының орындауында концерт болды.

Мұхтар Шаханов: «Ата-бабаң құм астынан құлақ етіп қияқты, Сенің әрбір қимылыңды тыңдап жатқан сияқты» деп тебіренгеніндей, дүрия дүниенің төрт құбылысынан сыр тартып, ілім-ғылым, өнерде талай-талай ізгі істерімен жарқыраған ұлылар елінде олардың ісі ұмытылмауы үшін осындай бір ғанибет іс жасалды.

P.S. Мақала әзірленіп жатқанда Баянауылдан бірнеше адам хабарласты. «Бізге бір рухани орталық керек немесе бір үлкен музей сұранып-ақ тұр. «Сары-арқа самалы» арқылы билікке осы өтіні-шіміз жетсе...» дейді.

Жеткіздік! Ел тілегі қабыл болуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Сая МОЛДАЙЫП
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz