Мұндай қуанышқа кеншілер қаласының тұрғыны Айсұлу Ескендірова кенеліп отыр. Ол «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болды. Бұрын жолдасы, екі қызымен бір бөлмелі пәтерде тұрған отбасы жуырда үш бөлмелі кең пәтерге қоныс аудармақ.

- Бағдарлама жайында ақпарат құралдарынан, облыстық білім беру басқармасының мәліметінен және мектебімізде өткізілген насихат жұмыстары барысында білдім. Сөйтіп, былтыр желтоқсан айының соңында «Халық банкіне» өтінім бердім. Аз уақыт ішінде мақұлданып, құжаттарды жинастыруға кірістік, - дейді Айсұлу Темірбекқызы.

Баспаналы болған жан осыдан 15 жыл бұрын Көкшетау универ-ситетін тәмамдап, Екібастұзға еңбек жолын бастауға келеді. Екібастұз қаласындағы №19 арнайы білім беру мектебіне әлеуметтік педагог болып орналасады. Бүгінде аталмыш білім ордасы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отыр.

- «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болудың бір тиімділігі, алғашқы жарнасы – 20 пайыз. Біз үш бөлмелі пәтер алу үшін 1,5 миллион теңге жинадық. Аумағы 75 шаршы метрді құрайтын баспанамызды жиырма жылға дейінгі мерзімге алдық. Айына 46 мың теңгеден төлейміз, - дейді баспаналы болған ұстаз.

Айсұлу Ескендірова бағдар-ламаны жас мамандар үшін әлі де жеңілдетсе деген тілегін алға тартты. Ол өзі сияқты 15 жылдық еңбек өтілі бар, жалақысы жас мамандарға қарағанда жоғары жандар үшін бағдарлама аясында баспаналы болу жеңілірек болға-нымен, енді ғана жұмысқа араласқандар үшін әлі де ауыр, дейді. Сондықтан алғашқы жарнасы, пайыздық мөлшерлемесі де қайта қарастырылғанын қалайды.

Кейіпкерімізге пәтер Екібастұз қаласындағы Энергетиктер көше-сінде бой көтерген үш жаңа үйдің бірінен бұйырған. Кең бөлмелі пәтеріне қоныс аудармас бұрын Айсұлу Темірбекқызы қалауына қарай жөндеу жұмыстарын жасауда. Көп ұзамай баспаналы болған отбасы қоныс тойын тойлайды.

 

Г.МАҒЖАН, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz