Ескі көпірдің жөнделетіні жайында бұған дейін де оқтын-оқтын көтеріліп келді. Бірақ, нақты уақыты беймәлім еді. Енді, міне, биыл ескі көпір жабылып, жөндеу жұмыстары жоспарланғаны жайында облыс әкімдігінде өткен жиындардың бірінде айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек көпірге жүргізілетін күрделі жөндеуге байланысты өзен өткелін көптонналық жүк көліктеріне жабу мәселесі шешіліп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, жүк көліктері «Нұрлы жол» жаңа көпірі арқылы қатынайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң нормативтерге сәйкес ескі көпір арқылы жүк көліктерінің жүру қайта жаңғыртылады.

Ескі көпір республикалық маңыздағы жолға жатады. Сол себепті «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалына хабарласып, осы бағытта нақты атқарылып жатқан жұмыстар жайында білген едік. Облыстық филиал директорының міндетін атқарушы Ақылбек Қабылдин қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттың әзірленіп жатқанын айтты. Ол күзге дейін құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп, қолға тиеді деген үмітте.

Мекеме басшысы бүгінде көпірге байланысты екі ұдай жоспардың барын атап өтті. Яғни, қазіргі ескі көпірді қайта жаңғырту немесе жанынан жаңасын салу жағы қарастырылуда. Себебі, қолданыстағы өткелді күрделі жөндеуден өткізу үшін оны 2-3 жылға жабуға тура келеді. Бұл дегеніңіз, біраз елді мекеннің тұрғындарына айтарлықтай қолайсыздық тудырады. Мәселен, аз уақытта қалаға кіріп келетін Ленин кентінің тұрғындары облыс орталығына қатынау үшін біраз жолды айналып жүруге мәжбүр болады. Ал жаңасы салынатын болса, оның құрылысы аяқталғанша, ескі көпірмен қатынауға рұқсат болады. Одан кейін ескісі бұзылады. Бірақ, А.Қабылдин жаңа көпір салу қымбатқа түседі, дейді. Сондықтан, қыруар қаржыны талап ететін жобаны құзырлы министрлік құптай қоймауы мүмкін көрінеді. Қысқасы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нақты қандай тоқтамға келетінін уақыт көрсетеді. Бір анығы, ескірген көпірді уақыт оздырмай бір жөнге келтіру керек.

Өйткені, жарты ғасырдан астам уақыт өзен үсті арқылы қатынауға қызмет еткен өткел сыр беруде. «Қазавтожолдықтар» ескі көпірге түсетін жүктемені азайту үшін бір жыл бұрын шектеу де қойған. Яғни, салмағы 10 тоннадан асатын автокөліктердің қатынауына тыйым салынған. Ақылбек Қанатұлы жүк көліктерінің салмағы бұл мөлшерден аспаса, ары-бері өтуіне еш шектеу жоқ, дейді. Ал жүк артып, тиісті шектеулі мөлшерден асып кетсе, оларға қатысты құзырлы орган шара қолданады.

«ҚазАвтожол» ҰК» АҚ жергілікті филиалының басшылығы жобалық-сметалық құжаты күзде тиісті сараптамадан өтіп, жоба қаржыландырылса, жұмыстарды биыл қыста да бастап кетуге болатынын айтты. Өйткені, өзен арқылы өтетін көпірді жөндеу немесе салу жұмыстарын қыс мезгілінде де жүргізуге болады. Ең бастысы, жоғары жақтан қолдау тауып, мінсіз мердігер таңдалса, ескі көпірдің де «тағдыры» шешілетін кез де алыс емес.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz