Мұндай жобаны С.Торайғыров атындағы ПМУ қызметкерлері жүзеге асырып отыр. Оқытушылар ойлап тапқан жолақ адамдар көптеп жүретін жерлерге төселеді. Төменгі жағында арнайы платформасы бар. Ол жер бетінен 25 см төмен орналастырылады. Ал конструкцияның ішінде 10 қозғалмалы ұяшық орнатылыпты. Жолақтың үстінен өткенде адамның табаны тиіп, әлгі ұяшықтар қозғалып, электр қуатын түрлендіреді. Яғни, кинетикалық энергиядан электр энергиясын алады. Алынған қуат мұндағы арнайы аккумуляторда жиналады. Жоба авторларының бірі, университеттің энергетика факультеті деканының орынбасары Александр Нефтисов айрықша жолақтың жұмыс істеу принципін осылай түсіндірді. Ол бұл жобаны әріптесі, электр техникасы және автоматтандыру кафедрасы зертханасының меңгерушісі Вячеслав Монаховпен бірлесіп жасапты.

- Біздің өніміміздің бәсекелестері Еуропада, Израильде бар. Еуропалық балама Астанада тұрғын үй кешенінде орнатылғанын білеміз. Бірақ, біз жасаған жоба олардан өзгерек. Жобаны жасау үшін жарты жыл еңбек еттік. Қуат өндіретін жолақ міндетті түрде адам қарасы үзіл-мейтін орындарға төселуі тиіс, - дейді Александр Витальевич.

Сонымен, жолақтан алынған электр қуатын қалай кәдеге жаратады? Жоба авторлары бүгінде университеттің студенттер үйіне апаратын аллеяға төсепті. Қатты аязды күндері сынап көрмек. Яғни, сыртқы әсерлерден жолақтың қанша уақытқа жарайтынын да байқамақ. Тәжірибелік сынақ жарты жылдан бір жылға дейінгі аралықта жасалады. Жаз шыға нәтижесі көрінеді, дейді ғалымдар. Қазіргі таңда жолақтан алынатын қуат тротуар жиегіне орнатылған жарықшамға беріліп тұрған көрінеді.

- Негізі, алдағы уақытта аллеяны жастардың тынығатын орнына айналдырмақ ниеттеміз. Жарықшам бағанында ұялы телефонды қуаттайтын тетік қарастырылған. Яғни, мұнда тынығушы жастар телефонының қуаты таусылса, алысқа бармай-ақ, жолақ арқылы жиналған электр қуатының пайдасын көре алады, - дейді мамандар.

Ғалымдар сынақ сәтті өтсе, жобаны ауқымды етуге кіріспек. Қос қызметкердің құрастырған тағы бір тамаша жобасы бар. Бұл - автономды жарықшамдар. Күннен қуат алатын шамдар қараңғы түсе, автоматты түрде жанып, орнатылған аумаққа жарық шашады.

- Иә, күн панельдерімен қуат-талатын жарықшамдар бұған дейін де жасалған. Бірақ, біз өз сызбамызбен жасап шықтық. Таза өзіміздің өніміміз дей аламыз, - дейді жас ғалым Александр Нефтисов.

Сынап көру үшін үш жарықшам университет аллеясына орнатылыпты. Сатып алуға қызығушылық танытқан азаматтар да бар. Мәселен, Ақсу ГРЭС-і кәсіпорны екі автономды жарықшамды сатып алуға ниет білдірген. Ғалымдар әркімнің қалауына қарай шамды түрлендіре алатындарын айтады. Яғни, түрлі функциялар қоса алады. Ең қарапайым түрінен бастап, күрделісіне дейін құрастыра аламыз деп отыр. Анимациялық элемент-тер, дисплейлер, USB-құрылғылар қарастыруға болады. Мұндай шамдардың біреуі құрылысына қарай 80-нен 1200 АҚШ долларына дейін бағаланып отыр. Айта кету керек, бұл екі жобаны универсиет қаржыландырған.

А.Нефтисов автономды жарық-шамдар бойынша жобаны ЭКСПО көрмесі кезінде үнділік ғалымдар ұсынғанын айтады. Содан кейін өзгерек түрін өзімізде өндіруді жөн санаған. Үндістанның жоғары оқу орындарымен байланысыңыз бар, дейді павлодарлық жас ғалымдар. Жобаны әзірлеу кезінде баламалы энергия бағытында еңбек етіп жүрген үнділік профессор келіп, бағасын берген. Ал Үндістаннан келген студенттер жарықшамды орнатуға жәрдемдескен.

- ЭКСПО көрмесінің жобаларын жүзеге асыру аясында біздің университетке автономды жарықшамдар және белсенді жаяу жүргіншілер жолағын жүзеге асыру абыройы бұйырды. Жарты жыл ішінде іске асырдық. Қыстың қатаң мінезіне жобаларымыздың қалай шыдас беретінін байқаймыз. Кем-кетігі болса, түзетеміз, - дейді жас ғалым.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz