«Жабыдан артық жылқы жоқ»

Біз - «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп төрт түліктің төресі – жылқыны қадірлеп өскен елміз. Түптен тартсақ, жылқы жарықтықтың қазақтың жаны мен қанына, рухына сіңген қасиеті аз емес. Дей тұрғанмен, Қамбар ата төлінің қазақы тұқымдастарының ішінде жұртшылық «шаруа баққан адамға жабыдан артық жылқы жоқ» деседі. Мұндайда Ақтамберді жыраудың «Жал құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, жауға да мінер ат тумас» дейтұғын сөзі жадымызға оралады. Сонымен, павлодарлық ғалымдардың жылдар бойы маңдай терін төгіп, саны мен сапасын арттырамыз деп жанталасып жүрген жабы қандай жылқы?

Қазақы жылқының қуса жетіп, қашса құтылғанын, жау ортасына жалтаңдап кіріп, ат артына сыпырылған дұшпанды тұяғымен жапырып тастайтынын тарихтан білеміз. Бірақ қазір қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ. Ендігі керегі - етті, сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қытымыр қысқа шыдамдылығы жақсы. Осы қисынмен алғанда алты ай қыс орнығып тұрып алатын біздің өңір үшін нағыз таптырмас тұқым - осы жабы. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары аймағымыздың жылқы шаруашылығындағы басты бағытты осылай бұрсақ, оңды істің орайы келетінін түсініп отыр. Сондықтан қазақы аттың жабы түрін дамытуды мықтап қолға алған. Аталған университеттің Зоотехнология, генетика және селекция кафедрасының профессоры Төлеген Асанбаевтың айтуынша, жабы текті жылқылардың тұқымын асылдандыруға 30 жылдан астам уақыт жұмсалған.

- Негізінде бұл бағыттағы селекциялық-асылдандыру жұмыстары 1983 жылдан басталған. Ол кезде мен Семей зоотехникалық институтының аспирантымын. Сырттай оқып жүріп, Май ауданының Ақшиман ауылында бас зоотехник болып жұмыс істедім. Алғашқы жетекшім белгілі профессор Байдолла Садықов болды. Аталмыш институтпен келісе отырып, селекциялық жұмысты қолға алдық. Ол кезде Ақшиманда бес мың шамасында жылқы болатын. Соның ішінде тек 100 бас жылқы жабы типтес болды. Оларды жеке бөліп алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізе бастадық. Осылайша, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріндегі жабы текті жылқыларды өсіретін жалғыз асыл тұқымды ферманың негізі қаланды. Бұдан кейін еліміздің өзге өңірлерінен асыл тұқымды айғырларды әкеліп, селекциялық жұмысты жалғастырдық. Нәтижесінде, жабы текті жылқылардың сапасын арттырдық, - дейді Т.Асанбаев.

Бұл жұмыс 2000 жылдары ПМУ-де жалғасын тапты. Жоғары оқу орнының ғалымдары Ақшиман және Ақжар ауылының асыл тұқымды фермаларының басын қосқан «Ақжар-Өндіріс» шаруашылығымен бірлесе жұмыс істей бастаған. Аталған шаруашылық негізінде жабы текті жылқыларды өсіретін ферма құрылған.

- Еліміздің өзге өңірлерінен «Әсем», «Зов» және «Зонтик» атты асыл тұқымды айғырлар әкелдік. Оларды өзіміздегі жабы текті биелермен будандастыру арқылы сапалы төл алдық, - дейді Төлеген Санайұлы.

Жабы – жалпақ бетті, жақ сүйегі мейлінше жетілген, мойнының бұлшық еті бұйра-бұйра, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры білеуленген, аяқтары қысқа әрі сүйекті, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың болып келеді. Қоңдылығы жағынан алғанда бар жылқыдан бәсі басым. Тағы бір артықшылығы, ерте көктемде және күзде жайып семірткен кезде аз уақыттың ішінде қоң жинап, жалын тіктеп алады. Осындай ерекшеліктерін ескерген павлодарлық ғалымдар жабы текті жылқыны асылдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр. Мамандар текті жануарға сұраныс та күннен-күнге артуда, дейді. Павлодарлық шаруаларға еліміздің барлық дерлік өңірлерінен атбегілер келіп жатқан көрінеді. Қазір «Ақжар-Өндіріс» шаруашылығында шамамен 500 бас жабы текті жылқы бар. Оларды еліміздің әрбір түкпірінен сатып алуға ниеттілер көп. Сұраныс жоғары. Мысалы, Олимпиада чемпионы, аты алашқа жайылған Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да жабы типті жылқыларды Павлодар облысынан сатып алған. Яғни, бүгінде жылқы басын асылдандыруды көздейтін шаруашылықтар өңірімізге ағылуда.

Профессор Т.Асанбаев қазір жылқының сүтті және етті тұқымын өсіруді жоспарлап отырғанын айтты. Тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Әлемде сүтті бағыттағы жылқы түрі жоқ. Бұл жоба сәтімен жүзеге асырылса, әлемдік агроғылым саласында үлкен жаңалық болмақ. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар.

- Біз екі мыңыншы жылдардан бастап Екібастұз және Аққулы ауданының бірнеше шаруашылығына Жаңа Алтайлық айғырларды әкеле бастадық. Олардың салмағы 700 килограмға дейін жетеді. Генотипінде «Орыс», «Кеңестік» және «Литвалық» тұқымдас жылқылардың қаны бар. Ал «Литвалық» тұқымдас бие тәулігіне 30 литрден астам сүт береді. Ал қазақы тұқымдас жылқылар тәулігіне 8-ден 18 литрге дейін сүт береді. Сондықтан қазақы тұқымдас сүтті жылқы өсіруді жоспарлап отырмыз, - дейді ПМУ профессоры.

Бұдан бөлек, павлодарлық ғалымдар Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі әріптестерімен бірлесіп, қазақтың шұбар аттарын қайта жандандыруды қолға алған. Шұбар ат дегенде ойымызға бірінші болып Алпамыс батырдың Байшұбары оралады. Демек, алдағы жылдары облысымызда осы Байшұбардың тұқымдастары өсірілмек.

Жаппай өндіріске шығарылмақ

С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары тағы бір жаңалығымен қуантып отыр. Биотехнология кафедрасының профессоры Марина Темербаеваның жетекшілік етуімен ерекше биосусын өндірілді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - адам ағзасына қуат беретін, емдік қасиеті бар сусын. Жергілікті ғалымдар оған «биококтейль» деп ат қойып, айдар тағып алған.

М.Темербаеваның сөзіне сүйенсек, елімізде спорттық тамақтану саласында ғылыми зерттеу жұмыстары жоқтың қасы. Сондықтан жергілікті ғалымдар осы тың бағытты таңдап алған. Ол өткен жылдың басында өзі білім беретін магист- ранттарымен бірге ауыл шаруашылығы малдарының сүтінен арнайы биосусын дайындауға кіріскен.

- Сиыр сүтінің ақуыздары барлық адамның ағзасына жаға бермейді. Ал ешкі сүтін кез келген адам іше алады. Тіпті нәрестелерді де тамақтандыруға болады. Сондықтан осы екі түліктің сүтін қосуды жөн санадық. Ерекше сусынның құрамын жасап шығуға 4 ай шамасында уақыт жұмсадық. Күн сайын талмай еңбек етуге тура келді. Атап өтерлігі, ешкі мен сиыр сүтінің пайдалы құрамын жоғалтпай, бір-біріне қосуға, оларды түрлі пребиотикалық микроорганизмдермен байытуға көп уақыт жұмсадық. Бір қуанарлығы, университетімізде бірнеше аккредитациядан өткен зертханамыз бар. Олар қажетті заманауи құралдармен жабдықталған, - дейді профессор.

Бірегей жоба Қазақстан ғалымда-рынан бөлек, шетелдік зерттеушілерді де таңқалдырып отыр. Атап айтсақ, ПМУ магистранты Гүлнар Жанғұлова жақында ғана осы жобамен Ресейде халықаралық ғылыми байқауға қатысып, «Үздік биоөнім» аталымында топ жарды.

- Биосусынның бірнеше артықшылығы бар. Ол бұлшық еттерді қалпына келтіруге, ағзаға қуат беруге, туберкулезге қарсы ем алған адамдарға өте пайдалы. Яғни, бұл өнімді балалар да, егде жастағы адамдар да пайдалана алады. Сондай-ақ, емтихан, өзге де сынақтарға дайындық барысында жүйке жүйесі тозған студенттер мен оқушыларға да тұтынуға кеңес берер едік, - дейді М.Темербаева.

Павлодарлық ғалымдардың биосусыны Ресейдің бірнеше үздік зертханасында тексеруден өтіп, оң бағасын алған. Сондай-ақ, ресейлік халықаралық патентке қол жеткізген. Ендігі кезекте, бұл өнімге ПМУ-дің атынан патент алу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті рәсімдеулерден өткеннен кейін бұл биосусынды жаппай өндіріске шығару жоспарланып отыр. Қазақстанда мұндай өнім жоқтың қасы. Сондықтан жоба авторлары оған деген сұраныстың жоғары боларына сенімді. Шикізат та жеткілікті, дейді ғалымдар. Биосусынға қажетті сиыр сүті Успен ауданының «Галицкое» және Шарбақты ауданының «Победа» шаруа қожалықтарынан, ал ешкі сүті Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» шаруашылығынан тасымалданады.

- Өкінішке қарай, бүгінде спортшыларға қажетті тағамдардың дені Ресей мен Беларусь елінен сатып алынады. Сондықтан біз нарықта өз өнімімізді ұсынуды көздеп отырмыз. Жобаның сәтті жүзеге асуына «Жастар жылының» септігі тие ме деген үмітіміз бар. Магистранттар бизнес саласындағы стартап-жобаларға қатыспақ, - дейді профессор.

Ғалымдар бұл жетістікпен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта ешкі сүті негізінде балалар тағамын жасауды жоспарлап отыр. Бие сүтінен жеміс-жидек қосылған тәтті-дәмді өнімдер өндірмек.

Қорыта айтсақ, агроғылымға артар үмітіміз зор. Павлодарлық ғалымдар алдағы уақытта төрт түлік тұқымының сапасын арттыруға, одан алынған ет, сүттен түрлі өнімдер жасауға ниетті.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz