Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақ халқының төл тарихын тың көзқараспен зерттеуге жол салып отыр. «Ең бастысы, біз нақты деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» - деді Елбасы өз еңбегінде.

Атқа мінудің мәдениеті, әбзелдері осы қазақ даласында пайда болғанын Еуропа ғалымдары да жазған. Мысалы, иықты киім осы атқа байланысты шыққан деп айтады. Ендігісін осы бір бай ғұрпымыз бен мұрамызды дүниеге танытатын уақыт жетті. Ұлы Даланың айрықша қырларының бірін дәріптеп, бүгінгі заманға сай насихаттау – қазіргі ұрпақтың мойнындағы парыз екендігі айдан анық.



Қаңтар айының ортасында Баянауыл ауданында Елбасының аталған мақаласын қолдау мақсатында әрі атқа міну мәдение-тін дамыту, насихаттау тұрғысында «Ат – ер қанаты» атты эстафета басталған еді. Ауылда тұратын ағайынның жанына жақын осы бір айрықша құндылықты жергілікті жұртшылық іліп ала жөнелді. Әр ауыл эстафетаны өз сән-салтанатымен жалғастыруда. Сондай шараның бірі Жұмат Шанин ауылында ұйымдастырылып, жергілікті азаматтардан құралған 50 қаралы атты топ ауыл маңын дүбірге бөледі.

Осы елді мекенде туған, қазір өзге өңірлерде тұратын бірқатар азамат та қыстың суығына қарамастан, ауылға келіп, көппен бірге мәдени мұраны жаңғырту ісіне атсалысты. Ауыл ақсақалы Мұрат Ашуов осындай жарқын шараның өтіп жатқанына қуаныш білдіріп, батасын берді. Баянауыл өңіріне танымал сері азамат Мақсұтбек Көпжасаров, ауыл әкімі Таңат Сағынтаев, ауылдағы мешіт имамы Рүстем Әбдиев те шараға көппен бірге қолдау танытты.

Бұл күні ұлттық киім киіп, қазақы нақыш-та безендірілген ат әбзелдерімен жасанып, сәйгүлік мінгендер қазақтың ежелгі ат ойындарын көпшілікке таныстырды. Ат бәйгесі, аттың терін алу, шауып келе жатқан аттан түсіп-міну, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, асауды, жабағыны үйрету, т.б. мәдени мұраларымызды паш етті. Бұл эстафетаға мектеп оқушыларынан бастап жігіт ағаларына дейін қатысқанын айтып өткен абзал. Шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқаны үшін ауылдықтар Мұрабек Омаров, Аман Ибраев сынды азаматтарға ризашылығын білдірді.



Жалпы Жұмат Шанин ауылында ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді ұлықтап жүрген азаматтар жетерлік. Соның бірі – көпшілік сері атандырып жіберген, сегіз қырлы, бір сырлы Бақытжан Жүнісов. Сәйгүлік баптап, қолда ұстайтын қаршығасына күзде үйрек-қаз, қыста қоян ілдіріп, жүйрік тазысын аңға қосып, саятшылық жасауға жаны құмар.  Әрі қайыстан түрлі ат әбзелдерін жасаудың шебері. Бұған дейін бірнеше мәрте жасаған ер-тұрманы мен қамшы, ноқта, жүген сынды әбзелдері облыстық, республикалық көрмелерге қойылып, мамандардың жоғары бағасын алған. Осындай өнерлі ауыл жігіттерін қолдап, оның білетінін өзгеге үйретуіне жағдай тудырса, шіркін...

Ата-бабаларымыздың атқа міну мәдениетін алғаш рет меңгергенін, ол басқа елдерге біздің даламыз-дан тарағанын әлем ғалымдары мойындады. Осы ретте ұлттық бай мұрамызды туристік тұрғыдан да әспеттеуге жол ашылып отырғандай. Келешекте тарихы бай, жері жақұт Баянауылда ат ойындары мен атқа міну мәдениетін дамытуға айрықша назар аударылып, келушілерге осы бір бай мұрамызды ұсыну арқылы жергілікті азаматтарға нәпақа табудың да тәсілі табылса дейміз.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz