Ана бір жылдары актердің көзін көрген ауылдастары «Шәкен ағамыз кино түсіруге келгенде алтыбақан ұйымдастыратын, ол кісімен бірге Елубай Өмірзақов, Әмина Өмірзақова секілді әйгілі артистер бірге келіп, ауылда үлкен той болушы еді» деп естелік айтып жүрді, газетке жарияладық та. Міне, сондай жандардың бірі - баянауылдық құрметті ұстаз Жәкенова Рымкеш Әйткенқызы. Рымкеш апай Шәкен Аймановтың мерейтойы қарсаңында естелігімен бөлісті. Ол былай дейді:

- 1969 жылдың жаз айларында Шәкен Айманов біздің ауылға келіп, ол кезде ауыл «С.Торайғыров атындағы совхоз» деп аталатын, «Найзатас баура-йында» деген кино түсірді. Барлық артистер мектептің интернатына орналасты. Шәкен аға түсірілімге ауылдың ақсақалдарын, әжелерді, балаларды, қыз, жігіттерді іріктеп алды. Мен осы фильмнің үш эпизодына түстім. Біріншісі, Найзатас ауылының тойы болды, соған Жасыбайға баратын жолдағы төбешікке үлкен «беседка» құрылды, оның ішіне екі дөңгелек үстел қойылып, тамақтар жасалды. Бірінші үстелде колхоз бастығы, мамандар, шақырылған қонақтар отырды. Екінші үстелде жас қыздар мен жігіттер отырдық. Ал далада автодүкендер, кісілер, ақ жаулықты әжелер немерелерімен сауда жасап, ән тыңдап, тойлап жүрді. Бір қызығы, үстелдің үстінде жайнап тұрған тағамдар (көкөністер, жемістер, т.б.) муляждар екен. Екінші эпизодта көл жағасында алтыбақан теуіп, қыдырып жүрдік. Басты рөлді ойнаған Алтынайдың қасында болдық. Одан кейін Бәйменді көлдің жағасында ат шабыс, теңге алу, қыз қуу ойындары өтті. Бұл түсірілімге ауылдың кәрі-жасы қатысып, кісі көп болды. Сол үлкендер қазір өмірден озды. «Теңге алуға» менің қайнағам Балтабаев Базар марқұм қатысып, ешкім ала алмаған теңгені алып, Алтынайдың қолына берді. Мен сол эпизодта Алтынайдың қасында тұрдым.

Шәкен аға киносын түсіргенде ауылда бір үлкен той болып жатқандай еді. Атақты артистер, олардың ойнауы, ауыл адамдарының қуана мәз болып, фильмге қатысқаны... бәрі-бәрі өзгеше қуаныш еді. Шәкен аға өте қарапайым, парасатты, мәдениеті аса жоғары, текті азамат еді. Ауылдастары да сол үшін жақсы көретін. Оның «мен атақты актермін, режиссермін, сендерді киноға түсіріп жүрмін» деген өркеуделігі жоқ еді. Қарапайымдылығын қараңыз: бірде бір түсірілімде Әмина Өмірзақова құлап, қолын жаралап алып, ауруханада жатты. Сонда Шәкен аға көңілін сұрауға ауруханаға барған екен. Кезекші медбике Катя апай Шәкен ағаға «тихий час, науқастар демалып, ұйықтап жатыр, мазаламаңыз» деп ұрсып, кіргізбей қойыпты. Сонда Шәкен аға ештеңе деместен үндемей кетіп қалыпты. Кейін Катя апай Шәкен ағаның актер, режиссер екенін біліп қатты  ұялыпты.

1969 жылдың 17 тамызында кездесіп жүрген жігітім Бекболат Төремұратов мені алып қашты. 23 тамызда Қызылшіліктегі үйде үйлену тойымыз өтті. Қазіргідей емес, ол кезде тойды үйде жасайтын. Тойды түсіру, фото деген атымен жоқ. Той басқаратын асаба деген және жоқ. Жастар магнитофон қойып билейтін едік. Бірақ Бекболат екеуіміздің тойымыз ерекше болды. Өйткені тойда еліміздің атақты актерлары, режиссерлар, операторлар, суретшілер болды. Олар - Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Елубай Өмірзақов, Әмина Өмірзақова, Қуат, Суат Әбусейітовтер, Марк Беркович, Сахи Романов, Алтынай Елеуова, т.б. жас әртістер бізді құттықтап, тілектерін айтты. Домбыра тартып, ән шырқады. Бұл кеш әйгілі өнер иелерінің шығармашылық кеші секілді өте көңілді болды. Ол кісілер біздің тойға қалай келді? Жездеміз Әбдірахманов Жәлел дәрігер еді. Ол кісі Шәкен, Сахи ағалармен жақсы араласты, дос болды. Сосын тойға қонақ болсын деп құрметтеп шақырған екен. Төрде келін болып ұялып отырсам да бәрін аңғардым.

Шәкен аға, жоғарыда айттым, кішіпейіл, ақкөңіл, атақты адаммын деп шіренбейтін еді. Көңілді, қарқылдап күліп, балаша мәз болатын.

Келесі күні тойға ауылдың үлкендерін шақырғанда Шәкен аға, Елубай аға, Әмина апай, Қуат, Суат Әбусейітовтер болды. Шәкен аға домбырамен ән айтып, ақсақалдармен әзілдесіп, әңгімелесті. Әмина апа мен Суат аға екеуі орыс тілінде, қазақ және татар тілінде «частушкалар» айтты.

Өкінішке қарай, түсірілген фотосуреттер жоқ. Бір ғана Шәкен ағаның кішкене фотосы сақталыпты. Фотосуреттің сыртына «Інім Бекболатқа ағаң Шәкеннен в день свадьбы» 23.08.1969 ж.» деп жазылған.

Сондай талантты, әйгілі адамдар тойымызда болып, кездескеніме, ол кісінің фильміне түскенімді мақтан етемін. «Жақсыдан - шарапат» демей ме, тарихта есімі қалған, қазақ өнерінің дамуына аса зор үлес қосқан Шәкен аға бастаған алтынның сынығындай осы бір адамдар менің көңілімде ұмытылмастай жатталып қалды. Олар біздің жас шаңырағымызға батасын беріп, игі тілектерін айтты. Бекболат екеуіміз үлкен, іргелі әулетке айналдық...

Шәкен ағаның туған күнінде мектепке шақырылып, оқушылармен кездесіп, осы естеліктерді талай рет мақтанышпен айтқанмын.

Біздің жақта түсірілген «Найзатас баурайында» кинофильмін бұрын теледидардан жиі көрсететін, кейінгі кезде жоғалып кетті. Ол кісінің түсірілген кинофильмдерінің таспаларын жаңартып, заманауи сандық жүйеге көшірсе екен, мәңгі жоғалмаса екен деп тілеймін.

 

Жазып алған – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz