Бұл туралы Мойылды ауылының әкімі Болат Файзулиннің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі барысында белгілі болды. Ауыл басшысы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өткен жылы атқарылған істерді қорытындылады. Тұрғындар көңіліне жаққан жұмыстардың бірі - ауыл мен қаланы жалғайтын №66 бағыттағы автобустың бұрынғыдай күніне 7 емес, 15 рет қатынауы. Ауылдықтардың айтуынша, бұған дейін аялдамада сағаттап автобус күтуге тура келсе, енді мұндай қиындық жоқ. Сонымен қатар, былтыр жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген еді. Нәтижесінде мойылдылықтар басы ауырып, балтыры сыздаса, Павлодар қала-сындағы №3 емханаға сабылмай, жергілікті емдеу  мекемесінде медициналық көмек ала алады.

Бірақ, «ауылда бәрі жақсы» деп жылы жауып қоюға келмейді. Облыс орталығының іргесіндегі елді мекенде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың болмауы тұрғын-дарды алаңдатпай қоймайды.

- 2017 жылы Мойылды ауылында 27 жаңа үй қолданысқа берілсе, былтыр 57 отбасы қоныс тойын тойлады. Келешекте шамамен 1500 жер телімін беру жоспарда бар. Демек, алдағы уақытта халық саны артады. Сондықтан, білім ордасына қосымша ғимарат салу қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі күннің өзінде 100 орындық мектепте 170 бала оқып жүр, - деді ауыл әкімі.

Ал бұрын дәрігерлік амбулатория болған ғимаратты учаскелік полиция пунктіне айналдырмақ ой бар. Павлодар қалалық поли-ция басқармасы Солтүстік бөлімінің бастығы Арғын Алтынбеков өткен жылы Мойылды ауылында 15 қылмыстық істің тіркелгенін айтты. Олардың басым бөлігі – тұрмыстық, шаруашылық заттарын ұрлануы. Оған қоса, 74 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. А.Алтынбеков құқықбұзушылықтардың алдын алып, қылмыстарды ізін суытпай ашу үшін кіреберіс жолға, орталық көшелер мен соңғы аялдамаға бейнебақылау камераларын қою қажет екеніне назар аударды.

Ауылдың үлкендері мен жастары спорт пен мәдениет  орындарының болмауы салдарынан да түрлі теріс әрекет орын ала ма деп қауіптенеді. Себебі, жасөспірімдердің бос уақытын қамтитын ғимарат жоқ. Бұл мәселеге Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жауап берді.

- Дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысына 180 млн. теңге керек. Бірақ, әзірше бұл қаржы бөлінген жоқ. Мәдениет үйінің де жобасы әзір, қазір мемлекеттік сараптауда. Бұл нысанды салуға республи-калық бюджеттен қаражат қарастырылмаса, жергілікті қазынадан бөлудің амалын табамыз. Әкімдік ғимараты биыл қолданысқа беріледі. Осылайша, әлеуметтік нысандар мәселесін оң шешуіміз тиіс, - деді.

Маңызды ғимараттардан бөлек, инженерлік желілердің жағдайы мәз емес. Мойылды ауылындағы көпқабатты баспананың тұрғын-дары әлі күнге дейін пеш жағып отыр. Орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Ауыл әкімі Болат Файзулин тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін баяндады. Бесқабатты үйлердің иелері пәтер ішіндегі құбырларды қалыпқа келтірген соң қазандық құрылысы қарастырылмақ.

Ал күллі республикаға танымал «Мойылды» шипажайында жарық жиі сөнетінге ұқсайды. Тіпті, келушілер ем-дом қабылдап жатқан тұста өшіп қалып, қосымша құралдар арқылы электр энергиясын өндіруге тура келеді. Қысқасы, айтарлықтай қиындық тудырады. Сондықтан, шипажай басшылығы «Каустик» зауытына дейін жететін электр желісінен жарық тартуға қатысты жобаны әзірлепті. Енді оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламаға қосуды сұрады. Әнуар Қайыргелдіұлы құжаттардың барлығы дұрыс болса, жергілікті билік қолдау көрсететінін айтты. Сонымен қатар, шаһар басшысы ауылды орталықтандырылған сумен және жарықпен қамту үшін жоба әзірлеуге қаржы бөлінгенін хабарлады.

- Мойылдының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жаман емес. Ауылдықтарды алаңдатқан мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, кейбірі басталып та кетті. Ендігі ретте бұл елді мекенде туризмді дамыту бағытында ауқымды іс атқару керек. Павлодар қалалық кәсіпкерлік бөліміне екі апта ішінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын, - деп түйіндеді Ә.Күмпекеев.

Кездесу соңында шаһар басшысы қала мен ауылдың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ белсенді азаматты «Алғыс хатпен» марапаттады.

Айта кетелік, осымен Әнуар Күмпекеевтің ауылдық аймақтардағы есептік кездесулері аяқталды. Енді 8 ақпан күні Естай атындағы мәдениет сарайында қорытынды жиын өтеді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Мойылды ауылы.

saryarka-samaly.kz