Сайыс тоғыз тақырып бойынша өтті: «Жеті қазынаның бірі – жылқы», «Жері де бай елімнің», «Көшпелі елдің мәдениеті», «Алтын адам», «Қазақстан – түркі өркениетінің бесігі», «Алма мен қызғалдақтар отаны», «Тарих және кино өнері», «Ұлт тұғыры – ұлы тұлғалар», «Ұлы Жібек жолы». Әр сыныпқа бір тақырыптан берілді. Оқушылар өздеріне берілген тапсырманы жан-жақты ашып көрсетуге тырысты. Яғни, түрлі заманның мәдениетіне, тарихына қатысты көріністер қойды. Сонымен қатар, әр дәуірдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихи-мәдени ошақтарына қатысты макеттер жасап, суреттер салыпты. Жарыстың сәтті өтуіне ата-аналар қауымы да зор үлес қосты.

Шараға филология ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Айтмұхамбет Тұрышев қатысып, Ұлы дала тарихының ерекшелігіне тоқталды.

- Елбасы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының әр бөлімі жеке-жеке зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана қарапайым халыққа түсіндіріп, ұрпақ санасына сіңіре аламыз. Біздің халықтың ғылымды, білімді меңгергендігін және сол арқылы неше түрлі мәдениетті игергенін аңыз-әңгімелерден және ертегілерден-ақ білуге болады. Мысалы, «Керқұла атты Кендебай» жырын алып қараңыз. Егер сол кезде қазақ даласында кен болмаса, оның атын қалай Кендебай қояды? Мақаланың бір тармағы «Алтын адамға» арналды. Тарихшы Зейтін Ақышевтің мәліметі бойынша «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Сонда біздің халықтың алтын бұйымдарын қай заманнан бері пайдаланып келгенін айтпаса да түсінікті, - дейді ғалым.

Дарынды қыз балаларға арналға «Білім-Инновация» лицей-интернатының директоры Эльмира Нұрлықұлованың сөзінше, мектепте 276 оқушы бар. Білім ордасында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жете түсіндіру бағытындағы танымдық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ал бұл жолғы сыныпаралық сайысқа оқушылар үш аптадай уақыт дайындалғанын айтады.

Сайыстың қорытындысы бойынша, бас жүлде 7 «Б»-сынып оқушыларына бұйырды. Олар «Тарих және кино өнері» тақырыбын таңдап, қазақтың кино тарихын барынша зерттеп, әр заманда жарыққа шыққан фильмдерден шағын үзінділер ойнап көрсетті. 1-орынға 8 «Б» және 10 «А»-сынып оқушылары лайық деп танылса, 2-орынды 8 «А», 9 «Б» және 9 «В»-сынып оқушылары еншіледі. Ал 3-орын 10 «Б», 7 «А» және 9 «А»-сыныптарына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz