Жантүршігерлік қайғылы оқиғаның бірі күні кеше Астана қаласында орын алған еді. 4 ақпан күні түнгі уақытта Сарыарқа ауданы, Шыңғыстау көшесінде туындаған алапат өрт бір әулеттегі 5 баланың өмірін қиды. 30 шаршы метр аумақты шарпыған жалын салдарынан төбе жабындысы опырылып түскен. Оқиға орнынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған балалардың мәйіті табылды. Бұл уақытта жасөспірімдердің ата-аналары жұмыста болған екен. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың 31 желтоқсанында Ресейдің Магнитогорск қаласында газдың жарылуы салдарынан он қабатты тұрғын үйдің бір подъезі құлап, 7 адам қаза тапқан болатын. Ағымдағы жылдың басында Павлодар облысында да қайғылы жағдай орын алған еді. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 2.00 шамасында Ледовский көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде электр сымдарының тұйықталуы салдарынан алапат өрт шығып, 66 жастағы қария мен 7 жастағы немересі ажал құшқан болатын. Міне, осындай ауыр жағдайларды болдырмау мақсатында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтуде.

Жуырда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастамасы бойынша газ жеткізумен айналысатын жеке меншік ұйымдардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталмыш басқарманың бас маманы Алма Құтбекованың айтуынша, өңірде газды пайдаланатын тұрғындар көп. Сондықтан газ баллон жабдықтарын жеткізу, орнату және оны пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. «Интерснаб газ» жауапкершілгі шектеулі серіктестігі өкілдерінің айтуынша, Павлодарда 3,5 мың абонент тіркелген. Оның ішінде 130-ы 9 қабатты тұрғын үйде тұрады. Жұртшылықтың басым көпшілігі газ баллонды жанармай құю бекеттерінде толтырады екен. Алайда, соңғы уақытта сақтық үшін бұл әрекетке қатаң тыйым салынған. Аталмыш ұйым өз тұтынушыларына газды талапқа сай жеткізіп, қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтауды үйрететінін айтады. Сондықтан заңсыз әрекетке бармай, сапалы қызметті пайдаланған абзал.

Жалпы, аймағымызда қыс мезгілінде өрттің жиі шығатыны анық. Қайғылы оқиғалардың орын алуына тұрғындардың отты қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамауы себеп дейді мамандар.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы өңірде 873 өрт оқиғасы тіркеліп, 34 адам көз жұмған болатын. Оқыс оқиға салдарынан 33 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған еді. Ағымдағы жылы 46 өрт орын алып, 6 адам бақилық болған. Оның біреуі – бала.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz