Қажымиден Айтжанов ағамыз облыстық газетке 50-ші жылдары келгенін өзі айтып отыратын. Ол кезде қызметке орналасқан алматылық белгілі ақындар Әбдікәрім Ахметов және Төлеужан Исмаиловпен, кейінірек Құрманғали Ұябаевпен бір кабинетте отырыпты. Бала шағынан өлең жазуды серік еткен Қажымиден сол тұста осы үш ақынмен достық қарым-қатынаста жүріп, шығармашылық серіктес атанған. Бірнеше жыр жинақтары шыққан қазақтың талантты ақындары Қажекеңе қамқорлық жасаған екен. Олардың қолдауымен оның алғашқы жырлары «Қызыл туда» жиі шығып, тіпті орталық басылым беттерінде де жарияланған.

Бірақ кейіннен газет тірлігіне біржола ден қойып, журналистика саласын ұңғи түскенін, сонда да өлең жазуды тоқтатпағанын сол жылдардағы газет тігіндісін ақтарған оқырман көз жеткізетіні анық. Аға мәдениет және тұрмыс, соңғы жылдары хабар-ошар бөлімдерінде мінсіз қызмет атқарғаны әріптестерінің есінде.

Қажекең 60-жылдары «Қызыл ту» басылымының уақытша жабылуына байланысты Павлодар аудандық «Алтын арқа» газетінде еңбек етіп, аудандық мәдениет бөлімін де басқарды. Оған аяқасты келген жоқ. Шындығын айту ләзім, ағамыз бұрынғы өнерпаздардың дәстүрін сақтаған сауықшыл жан еді. Шашын үнемі жылтырата артына қарай қайырып жүргені аққұба өңіне көрік беретін. Тіпті салдығы мен серілігі бір басынан асып түсетін-ді. Жан-жағына кербездене көз тастап, асықпай, әр адымын санап басатын. Әрқашан әсем киініп, қай жағынан қарасаң да, мұнтаздай таза көрінетін. Домбырада шебер, құйқылжыта ойнауы, халық әндерін нақышына келтіре шырқауы талай отырыстың сәнін келтіретін еді-ау. Ақ көйлек пен түрлі түсті галстукті күн сайын ауыстырып отыратын. Бақи ағамның (Әбдіқадыров) «Бір өзінде тоқсан тоғыз галстук...» деп келетін бір өлеңінен бәрін түсінуге болатын сияқты. Біз, жастар, той-томалақтарда ағаның өне-ріне қол соғып, бас иетінбіз.

Ағамыз еңбек демалысын мағыналы өткізуді дәстүрге енгізген. Қажекеңмен бір жылы жазғы еңбек демалысымды бірге өткізген едім.Ұсыныс ағадан түсті. Жолдаманы кәсіподақ комитеті арқылы алдын ала алып та қойған. Павлодар алюминий заводының санаторийі. Еңселі ғимараттың бір бөлмесінде жаттық. Бұрын жасы үлкен ағамен онша аралас-құралас болмаған кезім. Енді оны жаңа қырынан тани бастадым. Ескілікті әңгімені көп білетінін, тарихтан, әдебиеттен хабары мол екенін көрсетті. Қазиза жеңгемізбен сыйластықта өмір сүріп келе жатқанын да аузының суы құрып тілге тиек ететін. Етжеңді жеңгеміз күннің ыстығына (сол жазда бір ай аптап болды) қарамастан, Ертіс бойындағы біз жатқан санаторийге күн сайын келетін. Үйден пісірген етін қазақы ағаш табаққа салып әкелетінін көргенде қалайша сүйсінбессің. Ас ішіп болғанша екі көзін ағадан бір алмайтын. Сол жылы ағамыз 60-ты алқымдап қалған екен-ау! Міне, бір-біріне іңкәрлік, махаббат десең де, сыйластық десең де, жарасып тұрған жоқ па? Екі қызы да тәрбиелі болып өсті, қазір жеке отбасы. Ұрпақтары жалғасуда.

Тау қозғалса да қозғалмайтын, ұзын бойлы еңгезердей, аса салмақты, мінезге бай жігіт ағасын мен бала кезден танитын болып шықтым. Әділбек Жұмаділденов - елуінші жылдың аяқ шенінде ҚазМУ-ден журналист дипломын иеленген алғашқы газет қызметкерінің бірі. Біздің Каганович аудандық (қазіргі Ақсу) «Сталин жолы» газетіне тілші болып орналасқан соң біздің ауылға (ол кезде «Сталин колхозы) іс-сапармен келгенде бірінші көрген едім. Ол кезде мен бастауыш сынып шәкіртімін. Біздің үйге қонып кетіпті.

Арада көп жыл өтсе де (1971 жыл), бөлім табалдырығын аттаған сәтте аты-жөнімді сұраған соң мені есіне түсіріп, «Әйткеңнің сол баласы екенсің ғой, енді азамат болдың, бірлесе жұмыс істейміз» деп жақын тартты.

Ол кісі совет құрылысы бөлімін көп жыл басқарды. Менің алдымда Бақыт Баймұратов істепті. Бұл бөлім редакциядағы күрделі құрылымның бірі. Ол кезде Совет құрылысы бөлімінің еншісіне депутаттық корпуспен жұмысты өз деңгейіне жеткізу, оны газет бетіне үзбей жариялау өткір қойылған-ды. Облыстық атқару комитетінен бастап, оның барлық басқарма-бөлімдерінің жұмыстары, соған сәйкес аудандардағы жасалып жатқан іс-шаралар, т.б. таусылмайтын мазасыз тірліктердің бәрін қамтудың жай-жапсарының жоспары орындалуға тиіс. Әдекең облкеңестің сессияларынан, тұрақты комиссиялары мәжіліс-терінен түрлі есептер жазуды мұқият тексеріп, ойдағыдай шығуын қатаң қадағалайды. Әсіресе, қарауындағы тілшіге сенім артып, өздігінен жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызады. Мен ағамен екі жылдан астам уақыт түсіністікпен жұмыс істегенімді құрметпен еске алып отырамын. Әр материалды жазбас бұрын ақылдасып алуды қалайтын. Сосын мақалаңа көп қалам тигізуді жаны сүймейтін, еркіндік беретін өзіңе. Тақырып таңдау, кейіпкеріңді іздеу, авторлар тарту, т.б. жұмыстарды бірлесе істеуді қалайтын еді. Іс жүзінде солай болатын.

Әдекең көп жыл редакцияның кәсіподақ бөлімін қолға алған тұста тиісті орындардағы басшылардың есігін қағып, бірнеше қызметкерге (мейлі тілші, корректор, жүргізуші, үй сыпырушы болсын) үй бөлгізгенін, тіпті жас мамандарды жайлы жатақ-ханамен қамтамасыз еткенін айта кеткен орынды болар. Олардың кейбірімен қатар үйлі-баранды болғандары сол құтты ұяларына айналған мекенжайларында әлі күнге дейін тұрып жатқан жайы бар.

Әділбек ағаның жұбайы Күлекең апамыз қаламыздағы жалғыз қазақ мектебінде мұғалім болды. Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің қарындасы. Ол кісімен кездесулер өткізуге мен жиі қатысушы едім. Өйткені, Қанаштың үлкен ағасы Мағау 30-жылдары біздің Құркөл ауылына отбасымен көшіп келіп, бастауыш мектептің меңгерушісі болыпты деп жерлес ақсақалдардан естігенім бар. Кітапханада, педучилищеде, редакцияда жастарға батыр ағаның балалық шағы, студенттік кезі, майдандағы ерлігі жайлы өзі тырнақтап жинақтаған материалдары негізінде әңгімелер өткізетін. Мұндай басқосулардың бәріне қатысатынмын. Редакцияда мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған ақын Боранғали Ырзабаев Молдаван жерінде ерлікпен қаза тапқан Қанаш аға туралы дастан жазып, жеке кітап етіп шығарды. Бұған сол туысқан ел жайлы деректер тапсырған Әдекеңнің де сіңірген еңбегі зор.

Редакцияның партия тұрмысы бөлімінде аға тілші болып істейтін Төлеубай (Тай-Төлеу, бұрынғы бас редакторымыз Омарғали Құдышев еркелетіп осылай деп атапты, кейін лақап атына айналып кетті) Төлеубековті 1962 жылдан білемін. Мен оқыған мектеп-интернаттағы туыс мұғалімге келіп тұратын. Кездесу өткізетін оқушылармен әр тақырыпқа. КазМУ-дің философия факультетін бітіргенін де естігенмін. Газеттің бірнеше жауапты бөлімдерінде жемісті қызмет атқарған ағамыз үнемі асығыс жүретін, ашық айтсам, Төлеубай ағаның жұмысы бір бітпейтін. Оның үстіне, қоғамдық жұмыстары қаншама! Кәсіподақ комитетіндегі мәдени-көпшілік жұмыстар - түгелдей ағаның мойнында. Сондықтан қолға түсе бермейтін қат товарларды, мереке сайын балаларға алынатын әртүрлі сыйлықтарды жедел хабарласып табу оңай емес. Өзіне тапсырылған бұл шаруаны да тап-тұйнақтай тындыратын.

Бір таңқаларлығы, кабинетте күн ұзақ шаншылып отыруды жаны қаламайтын Төкең үнемі іссапарға шығып, барған жерден орала сала, материалды лезде жазатын. Оның қаламы ақ қағазға бір тисе болды, жазып біткенше кідірмейтін, тоқтамайтын. Логикасы мықты, есте сақтау қабілеті ерен, ойға түйгендерін жүйелеп беруде оған ілесе алатындар кемде-кем.Ол темекіге тым әуес-тін. Жиі тартатынын қалайша айтпассың. Темекі тұтата қалса, қайта-қайта түтінін ішке құныға тарта, аузына толтыра, сосын сыртқа будақтатып, ізінше сыздықтата шығаратынына таңқалатын жас жігіттер. Төңіректі «тұман» басқандай болатын. Онсыз да бурыл тарта бастаған бұйра шашы көк тұманға көмілгендей көрінетін. Мұндай құмарлығына қарамастан, кейде темекіні ерінге қыстыруға да мұршасы болмайтынын талай көрдік. Жазуға әбден берілгендік шығар деп ойлайтынбыз.

- Мен үшін де біреуін шегіп жібер, - деп Хасенге (Рахымбековке) өтінетін. Ол жігіт те жиі темекі тартатын.

- Хасекең сенсіз де есесін жіберіп жатқан жоқ, әлгінде ғана сөндірді сигаретін, - деп Мұқаң (Мұхаметжан Дәуренбеков) қағытып қалатын әріптесін.

Ағамыз әр бетті жазған сайын көрші бөлмеге жүгіре басып машинистка Бәдиша Сыздықова апамызға апарып тастайтын. «Қызыл тумен» бірге жасасып келе жатқан апа-йымыз зейнет жасына жақындап қалса да, саусақтары пианинода ойнағандай әр әріпті ойнақтатып қатесіз басады. Оның шапшаңдығын ұнататын ағалардың көбі сол кісіге, болмаса сіңлісі Зейнекеш Кешубаева апамызға жүгіретін әдеті бар. Ал Төкең сол себепті Бәдиша апаға үйір.

Ол кезде партияның рөлі мықты. Барлық іс тетігі соның қолында. Облыстың әр ауданындағы бастауыш партия ұйымынан бастап жоғары жаққа қарай бүкіл саяси-ұйымдастырушылық жұмыстың биіктен көрінуі, тек жетекшілік орында тұруы қатты ескеріледі. Мұндай тақырыпты жеріне жеткізе жазуға екінің бірінің тісі бата бермейтіні хақ. Ал екі тілге келгенде қамшы салдырмайтын Төкеңдей майталмандар көпке үлгі болды. Расында, бұл бөлімге түсетін материалдардың көбі орыс тілінде, жазатын авторлардың бәрі де сол тілге байланып қалған-ды. Демек, аудармашылық өнерің әрі сол кездің тілімен айтқанда «саяси сауатты» болуың - өмір талабы. Осындай қатаң сынақтан ол сыр бермей, зейнет жасына келгенше қажырлылықпен еңбек сіңіргенін әріптестері мақтан тұтты.

Төкеңнің Жанна, Данна деген екі қызы бой жетіп, өз алдына жеке отау, үйлі-баранды. Талғаты өмірден ерте кетті. Бір жиені ата жолын қуып, облыстық «Ертіс» телеарнасында еңбек етіп жүр.

 

Социал Әйтенов, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.

saryarka-samaly.kz