Светлана ЖАҚЫПОВА, ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі: (пікір әлеуметтік парақшадан алынды)

- Көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын жетілдіру мәселелері министрлікте қарастырылады. Бұған дейін ешқандай шара қабылданбады деп ойламаңыздар. Өткен жылдың өзінде министрдің тапсырмасымен қолдау шараларының тиімділігіне әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Қазақстанда 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған жанұя көпбалалы отбасы деп саналады. Бұл ұғым Неке және отбасы кодексінде белгіленген. Көпбалалы отбасылар арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Егер табысы төмен болған жағдайда, ондай жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға қатысты барлық ұсыныстар мен бастамалар елдің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі декреттік демалыста отырған әйелдерге жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Белгілі бір есептеулермен республикалық бюджеттік комиссияға өтінім бердік. Тағы да қайталап айтамын, бүгінгі таңда барлық ұсыныс пен жаңашылдық елдің экономикалық мүмкіндіктеріне тәуелді. Әзірге бұған қатысты оң жауап болған жоқ. Қазір тағы да негіздеп, өтінім береміз. Егер бұл ұсынысымыз қолдау табатын болса, бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы қазіргідей бір жыл емес, үш жылға дейін төленуі мүмкін.


Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ақын:

- Бүгінгі бір отбасыны күйретіп кеткен қайғылы жағдай еліміздегі әлеуметтік ахуалдың әлі күрделі екенін көрсетеді. Біреулер миллиардтарды ұрлап, қалтасына басып шетелде тайраңдаса, енді бірі бес баласын асыраудың қамымен бүрсеңдеп, түнгі ауысымда қара жұмыс істейді. Тапқанының тең жартысынан көбін пәтерақыға жұмсайды. Қалғанына қалтырап күнелтеді. Не деген әділетсіздік! Менің де айналамда осындай отбасы көп. Жағдайлары қиын болса да, жанталасып бала-шағасын асырап жатыр. Меніңше, Үкімет сондай отбасылардың тізімін жасап, бақылауына алуы керек. Жеңілдікпен үй беру жағдайын қарастыру қажет. Қазіргі тұрғын үй бағдарламалары аз ғана айлыққа күнелткен осындай отбасыларға тиімсіз. Осыны талап еткен жөн. Бір күнде бес сәбиінен айырылған отбасының жағдайы - күллі қазақ халқы үшін өте ауыр қайғы...


Бақытжан ЖҰМАДІЛ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Мен - 5 баланың әкесімін. Балаларымның ең кенжесі бір жасқа толғанға дейін мемлекеттен ай сайын жалпы көлемі 20 мыңға жуық жәрдемақы төленіп келді. Қазір айына барлығы 10 500 теңге аламыз. «Әлеуметтік төлемдер көбейеді» деген хабарды естіп, қуанған едік. Алайда жыл басында жәрдемақыға 380 теңге қосылғанын біліп, қуанышымыз су сепкендей басылды. Әрине, сол 10 мың теңгеге күніміз қарап қалған жоқ. Шүкір. Жұбайым балабақшада еңбек етеді. Өзім екі жерде жұмыс істеймін. Өйтпеске тағы болмайды. Себебі, қазір азық-түліктің, мектепке қажетті құралдар, киім-кешектің бағасы шарықтап тұр. Екі баламның балабақшасына 21 мың теңге төлеймін. Мектеп жасындағы балаларымның жолақысы, асханаға төлейтін қаражаты тағы бар. Осылайша, тапқан табысымыз күнделікті қажеттілік үшін жұмсалады. Қоғамда көпбалалы отбасылар өте көп. Астанадағы жантүршігерлік жағдай жоқшылық пен жетіспеушіліктің салдарынан орын алды деп ойлаймын. Менің ойымша, әр балаға мемлекет тарапынан кем дегенде 35-40 мың теңге төленсе, ата-ана 5 бала үшін ай сайын 200 мың теңге қаржы алатын еді. Кешегі ана әр айда осындай қаражат алатын болса, түнде түгіл күндіз де жұмысқа шықпай, балаларының қасында отырар еді. Сондықтан жоғарыдағы билік осы мәселеге ерекше назар аударатын уақыт жетті.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz