Елбасының ЕАЭО аясындағы алыс-берісті арттыру, сырттан инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары бүгінде өңірлер арасында жүзеге аса бастаған. Соның бір дәлелі – Павлодар облысының беларусьтермен байланысы. Біздің өңір бүгінде аталған мемлекеттің бірнеше аймақтарымен байланыс орнатып, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық саласында тәжірибе алмасудың алғышарттары өміршең етіле бастады.

Облыс әкімі Болат Бақауов Минск облысы атқарушы комитетінің төрағасы Семен Шапиромен кездесуінде біздің өңір мен Беларусь Республикасының арасындағы іскерлік қарым-қатынастар жыл санап нығайып келе жатқанын атап өтті.

- Біздің Белоруссияға келудегі мақсатымыз – тәжірибе бөлісу және инвестиция тарту, - деді Павлодар облысының әкімі. – Қазіргі таңда біздің өңірдің Белоруссиямен арадағы өзара тауар алмасу үлесін металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінің өнімдері құрайды. Сіздерден 20 трамвай сатып алып, қосымша 5 вагон алу жөнінде келісімшарт жасайтын боламыз. Сонымен қатар, біздің өңірімізде Белоруссияда жасалатын автобустар және лифттер сұранысқа ие. Сондай-ақ біздің кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда, комбайн шығару бойынша өзара әріптестікке дайын.

Болат Бақауов өзінің әріптесіне Павлодар облысының инвести-циялық тартымдылығы туралы картаны таныстырды, ал ол өз кезегінде Минск облысының басымдықтары туралы айтып берді.

Аймақ басшысы бұл кездесуден соң «Белкоммунмаш» ААҚ-да, «Амкодор» акционерлік қоғамында, «Минск» арнайы экономикалық аймағында болып, ондағы техно-логиялық мүмкіндіктермен танысты. Сондай-ақ Жлобин, Рогачев және Гомель қалаларында болып, жергілікті инфрақұрылымды
аралап көрді. Облыс әкімі, әсіресе «Тихиничи» агроқалашығы мен ауыл шаруашылығына қажет техникалар шығаратын «Гомсельмаш» зауытының өнімдеріне айрықша назар аударды.

Егістікке қажет техникаларды кәсіпорыннан тікелей сатып алу мәселесі ойластырылған. Сондықтан келешекте біздің өңірдің шаруа-лары үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы беларустың тракторлары мен комбайндарын, түрлі агрегаттарын сатып алу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Гомель облысында сапар қоры-тындысы бойынша өткен отырыс барысында аталған өңір бұдан былай Павлодар үшін бауырлас аймақ болып табылады, деді Болат Жұмабекұлы. Сондықтан өңірлер өзара әріптестікті экономика саласында ғана емес, басқа да бағыттарда дамытуы керек. Павлодарлық делегация Белоруссияда болған үш күннің ішінде үйренуге тұрарлық көп жайтпен танысты. Әсіресе, ондағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандарын өзіміздің сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерімен тәжірибе алмасуға шақыру көзделуде.

Жоғарыда аталған «Гомсельмаш» зауытының техникаларын Қазақ-станда құрастыратын өкілдік кәсіпорын ашу да қарастыры-латынын жеткізді облыс әкімі.

Отырыс барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Гомель облысы атқарушы комитетінің төрағасы Владимир Дворник кездесудің хаттамасына қол қойды. Аймақ басшысы гомельдік әріптесіне екі жақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Атап өтерлігі, сапар барысында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов пен Минск қаласының Партизан ауданының басшысы Денис Овсяников бауырластық туралы құжатқа қол қойды. Қайрат Теміршотұлы бауырлас ауданның басшылығына көмірлі шаһардағы өзара әріптестікке қолайлы жобалар туралы айтып берді.

Түйіндей келгенде, Павлодар облысы делегациясының Беларусь жеріне сапары сәтті өрілді. Екі тарап тәжірибелерін ортаға салып, ой-түйіндер жасады.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz