Азаматтардың электрондық қызмет-терді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік корпорация 60/40 жаңа қағидатына сәйкес, заманауи фронт-офистер ашыла бастады. Яғни, бұған дейін жұмыс орындарының 80 пайызы операторларға тиесілі болса, қазір жұмыс орнының 60 пайызы өз-өзіне қызмет көрсету секторына берілген. Бүгінде елімізде 16 цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылған. Облыс орталығында Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайында «Open Pavlodar» орталығы жұмыс істейді. Аталмыш ғимаратта азаматтар операторлардың көмегінсіз-ақ, қажетті қызметті өздері пайдалана алады.

Куәлікті қалай ауыстырамыз?

Бүгінде тұрғындардың электронды сауаттылығы жоғары екенін атап өткен жөн. «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Павлодар облысы бойынша филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, жұртшылық халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай, бірқатар қызмет түрін үйде отырып пайдалана алады. Мәселен, 2018 жылдың шілдесінен бастап электрондық үкімет порталында көлік құралын тіркеу және жүргізуші куәлігін онлайн режимде ауыстыру мүмкіндігі туды. Ол үшін қолданушыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Яғни, қолданыстағы жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін еgov.kz порталында тіркеуден өтіп, электрондық форматта өтініш толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Өтінішпен бірге фотосурет пен қолтаңбаның скан-суреті жолданып, мемлекеттік баж салығы төленуі керек. Аталмыш соманың көлемі 1,25 АЕК (3 156 теңге) құрайды. Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек. Кейін дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты мекенжай бойынша орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының емтихан алу бөліміне баруға болады. Осы орайда, қызмет алушы өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басын куәландыратын құжатты апарғаны жөн.

Анықтаманы үйде алады

Сұранысқа ие қызметтің бірі – электрондық цифрлық қолтаңбасын қолданбай-ақ, egov.kz үкімет порталы арқылы анықтамаларға қол жеткізу. Ол үшін ХҚО-ға барып, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен телефон нөмірін байланыстырып, тіркету қажет. Осы арқылы азаматтар mgov қосымшасы арқылы да қажетті қызметтерді ала алады. Электрондық үкімет порталы, телеграм, mgov қосымшалары арқылы бір реттік құпия сөздің көмегімен мекенжай анықтамасы, соттылықтың болуы/болмауы, жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы және т.б. анықтамаларды онлайн тәртіпте жылдам алуға болады.

Диспансерге бармайсыз!

Ағымдағы жылдан бастап egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінің анықтамаларын алу мүмкіндігі туды. Анықтама алу үшін электрондық үкімет порталының «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, қажетті қызметті таңдап, оған ЭЦҚ арқылы қол қойып немесе бір реттік SMS құпиясөзді (мобильді азаматтар базасында тіркелгендер үшін) енгізу жеткілікті. Дайын анықтаманы жеке кабинеттен көруге және көшіріп алуға болады. Сондай-ақ бұл қызметтің телеграм мессенджеріндегі «EgovKzBot» арқылы қолжетімді екенін атап өткен жөн. Анықтаманы смартфон арқылы электрондық поштаға жолдауға болады.

Жеке куәлікті ұсынбайсыз!

Мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін «Азаматтарға арналған үкімет» қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қосты.

Енді азаматтар биометриялық мәліметтері бет-бейне сканері немесе саусақ іздерінің көмегімен ала алады. Яғни, электронды цифрлық қолтаңба қолдану немесе жеке куәлікті ұсынудың қажеті жоқ. Бұл базаны қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ ғимаратқа кіру жүйесінде пайдалануға болады.

Биометрия бойынша пилоттық жоба өткен жылдың желтоқсанында Астана және Алматы қалаларында ғана жүзеге асқан, аймағымызда бұл қызмет қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Өтініш саны азайды

Қазақстандықтардың көңілінен шығып отырған жобаның қатарында баланың тууын проактивті түрде тіркеу қызметі бар. Демек, аналар қауымы SMS хабарлама арқылы перзентханадан шықпай-ақ баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы төлеуге өтінім беріп, балабақша кезегіне тұра алады. Былтыр қазан айынан бастап зейнет жасына жеткендер үшін зейнетақыны рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді. Зейнеткерлікке байланысты төлемдерді тағайындау «бір өтініш» принципі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталық-тары арқылы жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейін зейнет жасына жеткен азамат халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, зейнеткерлік жасқа жетуі және базалық зейнетақы төлеу туралы екі өтініш беретін. Бір айдан кейін тағы бір өтініш жазатын. Енді осы қызметтер үшін ХҚО-ға бар болғаны бір рет келіп, бір ғана өтініш жазатын болады.

Жалпы, 2018 жылы облыс тұрғындары 200 мыңнан астам электрондық цифр-лық қолтаңба рәсімдеп, электронды үкімет порталы арқылы 540 мыңнан астам мемлекеттік қызметті үйде отырып пайдаланған. Болашақта жаңа қызметтердің нәтижесінде бұл көрсеткіш одан әрі арта түспек. Бастысы, уақыт үнемделеді!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz