Кімге тиесілі?

2016 жылы елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері жаппай құрыла бастаған тұста аймақтағы 40-тан астам шаруа қожалығы бірігіп, «Ертіс-Агро» кооперативінің негізін қалады. Бұл шаруашылықтар астық бағытында жұмыс істейтіндіктен, элеватор сатып алу қажеттілігі туындады. Сөйтіп, 2017 жылы «Қалқаман элеваторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 300 миллионнан астам теңгеге сатып алды. Нәтижесінде 14 жыл бойы қаңырап бос қалған элеватордың жұмысы қайта жанданып, іске қосылды. Өткен жылы Түркия және Өзбекстанмен астық эскпорттауға қатысты келісімшарт жасап, шетелге шығара бастаған еді.

Алайда, былтыр жыл соңында күтпеген жерден сотқа шақырту қағазы келді. Содан белгілі болғандай, «Ертіс-Агро» кооперативін «Көліктік сервис орталығы» АҚ сотқа берген. Арыз түсіруші тарап «кооперативтің иелігіндегі элеватор кешенінің қожайыны – біз» дегенді алға тартып, екі жыл бұрын жасалған сату-сатып алу туралы келісімшартты негізсіз деп тануды сұрапты.

Кооператив басшысы Ерлан Тоқтышақов мұндай кінә артылатынын күтпесе керек. Оған қоса, әдетте сотқа дейін жүргізілетін кінә тағу-талап қою шаралары жүргізілмепті. Айта кетелік, «Ертіс-Агро» кооперативі мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ бірнеше жыл бойы бірлесе жұмыс істейді. Атап айтқанда, шаруалар бұл компанияға тиесілі аумақтан, яғни теміржол станциясынан элеваторға дейін қатынағаны үшін қомақты қаржы төлейтін көрінеді.

- «Көліктік сервис орталығы» жердің иесі екенін дәлелдеу үшін тек меншік құқығының тіркелгені туралы анықтаманы ұсынды. Бұл құжатты Жылжымайтын мүлік орталығы 2005 жылы беріпті және ол бір күнге ғана жарамды болып шықты. Ал арада 13 жыл (!) өтіп кетті. Осы уақыт бойы неге үн-түнсіз қалғанын сұрағанымызда компания өкілдері «ол кезде біздің ақшамыз болған жоқ» деп қысқа қайырды. Бұл ешбір қисынға келмейтін уәж деп санаймын. Оған қоса, біздің елде жерді мақсатты түрде үш жыл бойы пайдаланбаса, мемлекет меншігіне қайтарып беруі тиіс емес пе еді? Сот барысында арыз түсіруші тараптың иелігінде жылжымайтын мүлік пен жер телімінің жоқтығы белгілі болды. Осындай түсініксіз жайт көп, - дейді Е.Тоқтышақов.

Соған қарамастан, сот «Көліктік сервис орталығының» арызын қанағаттандырып, істі солардың пайдасына шешті. Шаруалар бірлескен ұйым мұндай шешімге аң-таң.

- Біз «Астық туралы» ҚР Заңы және Жер Кодексінің талаптары аясында жұмыс істейміз. Заңдық тұрғыдан ісіміз дұрыс. Мәселен, Жер Кодексінің 52-бабында жер мен мүлікті бір-бірінен ажыратуға болмайтыны туралы айтылады. Яғни, элеватор – тұтас бір кешен. Оны бөліп қарастыруға тыйым салынған, - дейді Е.Тоқтышақов.

Сот шешімімен келіспеген «Ертіс-Агро» кооперативі 28 ақпанға дейін апелляцияға беруге құқылы. Оған дейін заңгерлер тиісті құжаттарды реттемек.

- «Көліктік сервис орталығы» біздің кәсібіміздің тасы көп ұзамай өрге домалағанын, 14 жыл бойы тұралап тұрған кешеннің табыс әкеліп, кәдеге жарап отырғанын көрді. Сондықтан, өздерінің де кірісін көбейту үшін элеватор аумағындағы жерді меншігіне алып, шаруалардан оның аумағында жүріп-тұрғаны үшін қосымша ақы алуды көздеп отыр деп пайымдаймыз, - деген болжамын білдірді кооператив басшысы.

40 шаруаның еңбегі

Қалқаман элеваторында облыстағы 40 шаруашылық жинаған және «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мемлекеттік резервке қойған 16 мың тонна астық бар. Оның бағасы шамамен 1 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Бірақ, кооператив пен жеке компания арасындағы келіспеушілік салдарынан бұл астықтың жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін.

- Сот шешімі өзгеріссіз қалған жағдайда жерді меншігімізден шығаруға тура келеді. Демек, ауыл шаруашылығы кооперативінің лицензиясын қайтарып алады. Ал лицензия болмаса өнімді қабылдап, сақтап, сатуға құқығымыз жоқ. Бұл - жұмысты тоқтатуға тура келеді деген сөз. Ал элеваторда сақтаулы астық сатылымға шықпай, «күйіп» кетеді», - дейді Е.Тоқтышақов.

Бұл жайт жергілікті шаруаларды алаңдатып отыр. Мәселен, фермер Артем Чуденков соның салдарынан егіс жұмыстары жүргізілмей қалады деп қауіптенеді.

- Қалқамандағы элеваторда былтыр жинаған 3 мың тонна бидай мен 1 мың тонна арпа бар. Қазіргі уақытта оны сатуға мүмкіндік болмай отыр. Кооперативтің элеваторы орналасқан аумақ Көліктік сервис орталығының меншігіне өтер болса, табыс таппайтынымыз анық. Соның салдарынан биыл ештеңе екпейтін сияқтымыз. Бұл жайтты шаруашылықта жұмыс істейтін ауылдастарыма қалай түсіндірерімді де білмеймін, - дейді А.Чуденков.

Өзге шаруашылық иесі Қайрат Құсайынов та элеватордағы астыққа мол сенім артқан еді. Соны сатқаннан түскен қаржыға кәсібін кеңейтуді жоспарлапты. Бірақ, кеңейтпек түгілі банкрот болатын түрі бар.

- Облыстағы наубайханалардың барлығы дерлік біз Қалқамандағы элеваторға тапсырған бидайдан нан пісіреді. Ал қоймадағы өнім кәдеге жарамай қалса, көп ұзамай нанның қымбаттауы ғажап емес. Осылайша, бұл жағдай Павлодар облысының тұтас агроөнеркәсіптік кешеніне қауіп төндіріп тұр, - дейді Қайрат Құсайынов.

Қалқамандағы элеваторда шаруалар жинаған өніммен қатар мемлекеттің тұрақтандыру қорына қойған астығы бар. Астықтың нарықтағы бағасы күрт өскен немесе көлемі азайған жағдайда осы қордағыны пайдаланбақ.

Оған қоса, бұл элеватор мемлекеттің кепілдігінде тұр. Дәл осы кешенді сатып алу үшін «Ертіс-Агро» кооперативі «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-нан 16 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие алған.

- Элеватор жұмысына тағар мін жоқ. Былтыр жүргізілген тексеріс жұмыстары нәтижесінде астық сақтау орнында барлық талаптың сақталатыны байқалды. Бұған дейін аталмыш кешен бірнеше рет сатылған. Астық туралы Заңға сәйкес, кез келген астық қабылдау пункті бір кешен түрінде қарастырылады. Осы уақытқа дейін элеватор жеке, жер жеке бөлінген жағдайлардың болғаны есімде жоқ, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәбит Қаратаев.

Осылайша, кооператив пен жеке компания арасындағы мәселе ушығып тұр. Екі бірдей кәсіпорын арасындағы түйткілдің нүктесі апелляциялық инстанциядан соң қойылмақ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz