Тергеу басталып кетті

Осы қос жағдайды ескеріп, бойларын үрей билеген тұрғындарға басу айтып, ақ-қарасын айырмақ мақсатта «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС басшылығы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер мен Екібастұз қаласының белсенділерінің сұрақтарына жауап берді.

Жылу-электр орталығының директоры Виктор Вебер өндірісте болған жазатайым жағдай жайында оқиғаның барысын рет-ретімен баяндап берді. Қазандықтың жай-күйін бақылауда ұстайтын қызметкерлер құбырда тесіктің барын байқаған. Бірден жауапты мамандарды хабардар етіпті. Ауысым басшысы Ержан Жақсыбаев жағдайды өз көзімен көріп келмек болған көрінеді. Осы сәтте құбыр жарылған. Басшылықтың айтуынша, құбыр жарылған соң суды тоқтатып, бу сейілгенше әріптестері Ержан Жақсыбаевты таба алмапты. Оған шамамен 15 минуттай уақыт кетіпті. Ал сақылдап тұрған су қалай ғана адамды аясын...

Адам өліміне әкелген жазатайым жағдайға байланысты комиссия құрылып, тексеру басталып кеткен. Комиссия құрамына еңбек басқармасы басшысы, атом-энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің, индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілдері, жұмысшылар мен жұмыс берушіден де өкілдер кірген. Сондай-ақ, оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалыпты.

- Өндірісте болған жазатайым жағдайға байланысты куәгерлерден жауап алынуда. Бүгінде 11 адам сұралды. Жарылған құбыр арнайы сараптамаға жіберіледі. Содан кейін құбыр жарылуына себеп болған жағдай және кінәлілер анықталады, - деді мемлекеттік еңбек инспекторы Сергей Чигвинцев.

Мамандардың мәлімдеуінше, жарылған құбырдың металло-графикалық талдауы жасалып, қорытындысы қолға тиген соң себебі нақты белгілі болады.

Анасы әлі күтіп отыр

Кездесуге келген Ержан Құсайынұлының нағашы ағасы Сәкен Келдібаев өндірісте опат болған азаматтың 72 жастағы анасы әлі де жалғыз ұлын түнгі ауысымнан оралады деп күтіп отырғанын айтып, көзіне жас алды.

- Ержанның анасы әлі есеңгіреп отыр. Жалғыз қалды. Денесінің 90 пайызын күйік шалған жиенімді анасына көрсете алмадық. Институтты бітіре салысымен осында орналасты. 10 жылдан астам уақыт еңбек етті. Әріптестері Ержанды маман, адам ретінде тек жақсы қырынан танығандарын айтты, - дейді С.Келдібаев.

Марқұмның нағашы ағасы жазатайым жағдайға Ержанның өзін кінәлі етіп шығара ма деген күдігін жасырмады. Әділ шешім шығарылуын сұрап отыр.

- Негізі, Ержан көзі тірісінде жылу-электр орталығының жағдайы мүшкіл екенін жиі айтушы еді. Көбі тозған дейтін. Бірақ, анасы «қайтесің балам, оған жауапты басшылық бар, біледі, жөндер, шыдап, жұмысыңды жасай бер» деп басып тастайтын. Осы жылу маусымының соңына дейін жұмыс істеп, Астанаға қоныс аударуды ойлап жүріп еді, - дейді С.Келдібаев.

Кәсіпорын Ержанның отбасына қолдау көрсетіп жатқандарын мәлім етті. Анасына 1 млн. теңге көлемінде көмек берілген. Марқұмның мойнындағы 7 млн. теңгеден астам банктік несиені де өндіріс орны өтеп бермек. Сондай-ақ, Ержанның 14 жаста қызы қалды. Ол анасымен жеке тұрады. Кейін қызының оқуын төлеуді де кәсіпорын басшылығы мойнына алмақ.

Жасырын хатқа жауап

Енді өмірлеріне алаңдаушылық танытып, жылу-электр орталығының техникалық жағдайы жайлы қызметкерлерінің жазған жасырын хатына, желілерде тараған бейнероликтерге келсек. «Экибастуз-теплоэнерго» ЖШС-нің бас директоры Александр Захарьян хаттағы әр ойға жауап қатуға тырысты. Айтуынша, штатты қысқарту орын алған жоқ. Әлі де бұл бағытта талдау жасалады деп сендірді. Ал қызметкерлердің артық атқарылған жұмысқа қосымша үстемеақы төленбейді деген жазбасына қолда бар цирфларымен уәжін білдірді.

- ЖЭО-да үш айда тікелей жалпы көлемі 22,9 млн. теңгеге қосымша ақы төленген. Олар әрі қарай кәсіби шеберлік үшін, қызмет ету аумағының кеңейтілуіне, қос қызметті қатар атқаруға, демалыс күндері жұмыс жасауға байланысты берілген, - деді А.Захарьян.

Тіпті, №14 қазандықтағы жөндеу жұмыстары бойынша мердігерден бас тартуға мәжбүр болып, ондағы жұмыстарды өз қызметкерлері атқарғанын мәлімдеді. Бұл үшін бөлінген 6 млн. теңгеден астам қаражат 47 қызметкерге үлестіріліпті.

Жасырын хатта өндірісте орын алған жарақат жағдайлары көбінде жабулы күйінде қалатыны айтылып, бірнеше мысал келтіріліпті. Кәсіпорын басшылығы ешқандай жазатайым жағдайды жасыруға мүмкіндіктері жоқтығын алға тартты. Айтуларынша, есік алдындағы күзет, полиция қызметкерлері мұндай құйтырқылыққа жол бергізбейді деп сендірді. Екі адамның көз жұмуы өндірістік жағдаймен байланысты емес деді. Мәселен, О.Петрова мен Н.Имаков инфарктан қайтыс болған. Оның өзінде оқиға кәсіпорын аумағында тіркелгенімен, жұмыс орнында болған жоқ, дейді мамандар.

Белсенділер не дейді?

Ал екібастұздық белсенділер кәсіпорынның мұндай уәждерімен келіспейтіндерін білдіріп, ескерусіз қалған жазатайым жағдайларды естеріне салуға тырысты. Мәселен, Айнұр Бакешова Ю.Гарбузов есімді азамат жылу желілері кәсіпорнында еңбек етіп, бульдозер қысып қалған. Кеудесіне жарақат алған оған мастері ешкімге тіс жармауын өтінген көрінеді. Жуас болса керек, жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Тағы бір азамат В.Ложкин биіктіктен құлап, мертігіп қалған. Кәсіпорын басшылығы екінші жағдай ешқалай жасырылмағанын, бәрі тиісінше тіркелгенін, қазір ем-дом алып жатқанын мәлімдесе, кеудесіне жарақат алған жігіт жайында естімеген болып шықты. Анықтаймыз деп уәде етті.

Сонымен қатар, қазандық бітеліп қалса да, құбырлары тесік болса да, тоқтатпай, жұмысын жалғастыратыны жайында да хатта жазылыпты. Мұндай жағдайларды да өндіріс басшылығы жоққа шығарды. А.Захарьян бейнежазбалардағы көрініс қазіргі жағдайдан әлдеқайда алшақ, дейді. Ондағы фрагменттер 2012-2013 жылдардағы мүшкіл кезде түсірілгені айдан анық деп кесіп айтты. Кейбір сәттер 2014 жылғы жағдайлар екенін де атады. Ол уақытта, шынымен, орталықтың ахуалы айтарлықтай нашар болғанын мойындады. Одан бері ақауларды жою, жөндеу, жабдықтарды қалпына келтіру сынды сан алуан жұмыс атқарылғаны айтылды.

Е.Жақсыбаевтың өліміне әкелген №8 қазандықты хат авторлары ешқандай қысыммен тексерусіз іске қосылғанын алға тартқан көрінеді. Өндіріс орындағылары мұндай мүмкін еместігін тағы тілге тиек етті. Айтуларынша, аталмыш қазандық 2017 жылы күрделі жөндеуден өткен. Тиісті ұйым ақаулар жойылғаны туралы қорытынды берген. Металына тексеру жүргізілген. Бірақ, ЖЭО директоры В.Вебер нақты жарылған құбыр тексерілген жоқ, дейді. Сөзінен ұққанымыз, кез келген жабдықты тексеру үшін арнайы бағдарлама құрылады. Соған сәйкес техникалық диагностика жүргізіледі. Қазандықтың 2021 жылға дейін қалтқысыз жұмыс жасайтынына сараптамалық қорытынды берілген. Іске қосу үшін тиісті қысыммен тексерілген. Биыл 23 қаңтарда қазандықтағы ақау жойылып, гидравликалық сынақ жасалған.

Дегенмен, өндіріс басшылығы хатта жазылған кейбір деректермен келісетіндерін жеткізді. Мәселен, іші газдалғандығын, буланып тұратынын, шаңның да кейде көптен көтерілетінін мойындады. Бірақ, олар соншалықты қауіптіге жатпайтынын меңзеді.

Қауіпсіз бола алмайды

Сонымен, жасалып жатқан жұмыстарға қарап, өндіріс орнын қауіпсіз деуге келе ме? Орталық басшысы Виктор Вебер кәсіпорын әу бастан қауіпті нысан деген анықтамасы бар екенін еске салды. Яғни, мұнда ірі жабдықтар қатты қысыммен, жоғары температурамен жұмыс істейді. Сондықтан, қауіпсіз болуы мүмкін емес. Қауіпсіздік техникаларын сақтау арқылы ғана қауіптен қашық жүруге болады, деді. Ол 2012 жылдары жағдай тіптен қауіпті болғанын да мойындады. Кейінгі кезде қолға алынған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ахуал біршама оңалды деп сендірді. Айтуынша, Екібастұз ЖЭО 2009-2018 жылдар аралығындағы инвестициялық бағдарламалар аясында қазандықтар мен турбиналарға, күлді ұстап қалатын құрылғыларына, түтін шығатын мұржаларына ауқымды жөндеу жүргізілген.

Мамандар кәсіпорындағы қазандық агрегаттарының физикалық тозуы 45,6 пайызды құрайтынын айтады. Станцияның негізгі жабдықтарының 43,7 пайызы ескірген. Десе де, олардың рұқсат етілген ресурсының әлі де жартысын жұмсамағандықтан соншалықты алаңдауға негіз жоқ екені айтылды. Сондай-ақ, 2015 жылдан бері жарақат алу деңгейі 50 пайызға кеміген. Орталық басшылығы жалпы жағдайды журналистер мен қала белсенділеріне таныстыру үшін өндіріс орнын аралатып, қазіргі жағдайдың әлгі бейнежазбадағы көрінестерден әлдеқайда алшақ екенін көрсетті. Алдағы уақытта та бәрі жіті қадағаланып, мүмкіндігінше жөндеу жұмыстары жүргізілетіні де айтылды.


Түйін:
Әлбетте, құзырлы органдар қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болған жағдайды және кінәнің кімнен кеткенін анықтар. Жазасын да берер... Өкініштісі, бақилық болған азамат ортамызға оралмайды. Енді осындай жазатайым жағдайлардан сабақ алып, қауіпті саналатын өндіріс ошақтарында мұндай оқиғалардың қайталанбауына қарекет күшейсе, болғаны.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz