Құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлжан Қарағұсова, Василий Олейник, Сергей Симонов, Александр Суслов және Татьяна Яковлева бар топ Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Оның аясында халық қалаулылары Тереңкөл ауданына ат басын бұрып, тұрғындармен жүздесті.

Депутаттар аудан орталығындағы модернизациядан өткізілген су тазарту станциясының жұмысымен танысты. Былтырға дейін 9 мыңға жуық тұрғыны бар Тереңкөл ауылында сапалы ауызсуға деген тапшылық сезілетін. Себебі, жергілікті су тазарту станциясындағы құрылғылардың әбден тозығы жеткен. Нысан 1976 жылдан бері жөндеу көрмеген. Салдарынан халықтың ауызсуға деген сұранысын қамти алмай келді. Жаз айларында аудан орталығының халқы 3 мың текшеге дейін су тұтынатын көрінеді.

2017 жылы су тазарту станциясын модернизациялау және қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Нысан өткен жылы іске қосылды. Бұл мақсатқа 934 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Нәтижесінде, Тереңкөл ауылындағы №2-ші су тазарту станциясынан 1 шақырым жерде, Ертіс өзенінің жиегінде орналасқан №1 насос станциясының құрылғылары мен құбырлары, электр жабдықтары толығымен жаңартылған. Арнайы техникаға арналған гараж салынған. Қазандықтың жабдықтары жаңасына ауыстырылған.

- Ең бастысы, №2 су тазарту станциясы толық модернизация-дан өткізілді. Жаңа су тазарту құрылғылары орнатылды. Қазір бұл станция сағатына 4 800 текше су тазартуға қауқарлы. Яғни, халықтың сұранысынан да көп көлемде су тазартылады. Бүгінде аудан орталығындағы үйлердің барлығы дерлік орталықтанды-рылған су жүйесіне қосылған, - дейді жергілікті «Бастау» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының басшысы Асхат Зарипов.

Жалпы, соңғы жылдары Павлодар облысында елді мекен тұрғындарын ауызсумен қамту бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Мұны мәжілісмендер де атап өтті.

- 2016 жылы еліміздің үш жылдық бюджетін бекіткен кезде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бағытындағы мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Парламент депутаттарының сол жолғы отырысында сумен қамту деңгейі төмен бірнеше аймақ аталды. Оның қатарында Павлодар облысы да бар еді. Сондықтан Павлодар өңіріне 4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлдік. Бұл қаражат орынды жұмсалып, өз мақсатына жетіп жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде облыста ауыз су мәселесі оңтайлы шешілуде. Соның бір дәлелі - Тереңкөл ауылындағы су тазарту станциясы, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Қарақұсова.

Халық қалаулыларының «Бастау» МКК ұжымымен кездесуі барысында бірқатар мәселелер сөз болды. Соның бірі - коммуналдық мекемелерде жұмыс істейтін жас мамандарды баспанамен қамту жайы. Бұдан бөлек «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясында қарастырылған жеңілдіктерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында еңбек ететін техникалық маман иелеріне де беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл аталған саладағы маман тапшылығы мәселесін оңтайлы шешуге көмектесер еді.

- Өткен жылы «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасына мал дәрігерлерін қосу туралы өтініш айтылған болатын. Бүгін бұл тізімге техникалық сала мамандарын қосу туралы ұсыныс айтылды. Бұл мәселені Парламентте қарайтын боламыз. Өз басым бұл аталған бастаманы орынды деп есептеймін. Олар да ұстаз, дәрігерлер сияқты әлеуметтік көмек алуға құқылы, - деді Г.Қарақұсова.

Мәртебелі меймандар ауданға қарасты Песчан ауылына ат басын бұрып, жергілікті тұрғындардың мәселелерін біліп қайтты. Бұл - төртінші деңгейлі бюджет енгізілген ауылдардың бірі. Жергілікті жұрт-шылықты толғандырып отырған мәселелер де осы бюджет төңірегінде туындап отырған көрінеді. Елді мекен әкімі Алтынай Дүйсембаева ауыл қазынасының қаражаты мардымсыз екенін айтып отыр. Өткен жылы үш мыңнан астам тұрғыны бар Песчан ауылының өзінде түрлі салықтық түсімдерден жергілікті қазынаға 5 млн. 300 мың теңге шамасында ғана қаржы жиналған. Бұл сома үлкен ауылдың «жыртық-жамауына» жетпейді.

- Бұдан бөлек, тұрғын-дардан салықты жинау барысында да бірқатар мәселелер туындайды. Біріншіден, заң бойынша жеке көлікке салынатын салық төртінші тоқсанның соңына дейін жиналуы тиіс. Мұны білетін тұрғындар жыл соңын күтеді. Ал желтоқсан айында жиналған салық автоматты түрде келесі жылға ауысып кетеді. Сәйкесінше, ауыл қазынасы бір жылға жоспарланған қаражаттан қағылып қалады. Сондықтан жеке көлікке салынған салықты төлеу мерзімін өзге де салықтар сияқты қазан айына дейін белгілеуді сұраймыз. Бұл - маңызды мәселе. Себебі қазынаға түсетін қаражаттың көп бөлігі салықтың осы түрінен жиналады, - дейді А.Дүйсембаева.

Сондай-ақ, ауыл белсенділері жылжымайтын мүлікті қайта бағалау талаптарын өзгерту қажет деп есептейді. Себебі, зәулім үйі, қомақты жер учаскесі бар тұрғындар да шаршы метріне небары 100-200 теңге көлемінде салық төлейді. Халық қалаулылары төртінші деңгейлі бюджетке қатысты көтерілген бұл мәселелер Парламент деңгейінде талқыға салынатынын жеткізді. Сәйкесінше, ел бойынша осы бағыттарға қатысты ұсыныстар жинақталып, бюджеттің аталған түрін көбейтудің жолдары да қаралатынын айтты.

Ал Песчан ауылының №2 мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Борисқызы ұстаздар қауымының жалақысына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, қазір мұғалімдердің еңбекақысы дұрыс есептелмейді. Мысалы, жаңадан келген жас маман шетел тілін біліп, оқытудың жаңа жүйесін меңгергені үшін ғана 15-20 жылдық өтілі бар ұстаздардан, тіпті мектеп директорының орынбасарынан да әлдеқайда көп жалақы алады. Халық қалаулылары бұл мәселенің де ескерілетінін айтты.

- Өкінішке қарай, ұстаздар қауымының жалақысына қатысты әлі де жетілдіре түсетін тұстар бар. Мысалы, заңнамада педагогтар қауымына қатысты «лауазымдық еңбекақы» деген ұғым бар. Бар гәп осыда. Бүгінде елімізде лауазымдық еңбекақы бар болғаны 17 мың теңгені құрайды. Биыл ұстаздардың жалақысы 35 пайызға көтерілетінін естіген жұртшылық қуанғаны рас. Бірақ, жыл басында алғашқы жалақыларын алып, қолдарына күткендегідей сома тимегеннен кейін педагогтар қауымы алаңдай бастады. Осыдан түсініспеушілік туындауда. Себебі жалпы жалақы емес, лауазымдық еңбекақы көтерілетінін көпшілігі білмейді. Осы мәселелерді шешуге тырысамыз, - деді Г.Қарағұсова.

Бұдан бөлек Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы Тереңкөл аудандық филиалының конференциясына қатысты. Онда Елбасының Жолдауы мен 5 әлеуметтік бастамасында айқындалған мақсаттардың орындалу барысы қаралды. Партияның 20 жылдығына арналған шараларға дайындық мәселесі пысықталды.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ, Тереңкөл ауданы.

saryarka-samaly.kz