Аймақ басшысы, сонымен қатар, қалалық №1 ауруханаға, №2, №4 емханаларға және облыстық балалар ауруханасына барып, биылғы жоспарларымен танысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқар-масының басшысы Ораз Мұқашевтің сөзінше, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға жапсарласа салынатын жаңа корпустың аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды. Жоба құны – 5 миллиард теңге. Мұнда диагностика жасау құрылғылары, операциялық блок құрылғысы, хирургиялық емдеу қызметін көрсету бөлім-шелері орналасады.

- Денсаулық сақтау саласының ғимараттары да, құрылғылары да қазіргі заман талабына сай болуы керек. Ал облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесі талапқа сай келмейді. Міне, сол себепті бөлімшені қайта құру жобасын жасадық. Жаңа корпусты бұрынғы офтальмологиялық орталық пен акушерлік-гинекологиялық корпустың ортасына салуды ұсынып отырмыз, - деді Ораз Мұқашев.

Жаңа жобамен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов жауапты мамандарға бірқатар тапсырма жүктеді. Яғни, жобаны қаржыландыруды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асыру жолын қарастыру қажет.

- Облыстық аурухана жаңа бөлімшені іске қосқан жағдайда қаншалықты тиімді жұмыс істей алады? Оның техникалық мүмкіндіктері қандай деңгейде болады? Міне, осы мәселені ойластыру керек. Мысалы, құрылыс жағын өзіміз шешсек, жабдықты мемлекеттік-жекеменшік серік-тестік арқылы сатып алуға болады. Ең бастысы, бұл бөлімшенің болашақта қалай жұмыс істейтінін ойластыру керек, - деді Болат Жұмабекұлы.

Аймақ басшысы бұдан кейін қалалық №2 аурухана ұжымымен кездесіп, соңғы жылдары сатып алған жаңа құрылғыларды көріп, алдағы жоспарлармен танысты. Мекеме басшысы Майра Сәлімбаеваның сөзінше, өткен жылы инвесторлардың демеушілігімен жаңа эндоскопиялық құрылғы сатып алынған. Жаңа құрылғының құны – 15,5 млн. теңге. Сонымен қатар, әйелдерге кеңес беру бөлмесіне құны 1,1 млн. теңге тұратын фетальді монитор сатып алынып, орнатылған. Бұдан бөлек емхана жанында дәріхана ашылған. Яғни, бұдан былай емделушілер қажетті дәрі-дәрмекті алыстан іздеп жүрмейді.

- Алдағы уақытта іске асыратын жобалар көп. Жоспар бойынша биыл ғимараттың аумағына абаттандыру жұмысын жүргізуіміз қажет. Гараждарды басқа орынға көшірмекпіз. Сонымен қатар, екі жерге ауысым бойынша жұмыс істейтін амбулатория ашуды көздеп отырмыз. Біріншісі – Естай және Ак.Бектұров көшелерінің қиылысында, екіншісі Тәуелсіздік даңғылы мен Қайырбаев көшесінің қиылысында болады. Мұнда біздің мамандар кезекшілік режиммен жұмыс істеп, сол аумақ тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсете алады, - дейді Майра Малғаждарқызы.

Бұдан бөлек, Павлодар облыстық балалар ауруханасында да үлкен өзгерістер орын алады деп күтілуде. Яғни, бес қабаттан тұратын кеңес беру-диагностикалық корпус салу жоспары талқылануда. Жоба құны 4 854,8 млн. теңге болады. Жаңа ғимараттың 1-қабатында қабылдау бөлмесі, жарақат пункті, жедел операция жасау бөлімшесі және сәулелі диагностика кабинеттері болады. Мұнда магнитті-резонансты томография (МРТ) және компьютерлік томография аппараттары қойылады. Ал 2-қабатында клиникалық зертхана, шұғыл зертхана, амбулаториялық балалар хирургиясы орталығы жұмыс істейді. Жаңа корпустың 3-қабаты баклаборатория, функционалдық диагностика бөлімшесі болса, 4-ші қабаты кітапхана, мұрағат және мәжіліс залдарына арналады.

Алдағы уақытта Павлодар қалалық №1 ауруханаға қосымша ғимарат салу жобасы әзірленуде. Мұнда да жаңартылған қабылдау бөлімшесі пайда болады. Аймақ басшысы Б.Бақауов облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аталған ауруханалардың жаңа жобаларымен танысу барысында әлі де талдап, нақтылайтын мәселелердің бар екенін айтты.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz