Музейде бекзат өнер – сурет әлемінің, тарихымыздың сан қилы оқиғасының қылқаламмен өрнектелген құндылықтары және бүгінгі заманның тынысымен ұштасқан 6000-дай туынды сақталып тұр. Сондай-ақ Павлодарда есімдері елімізге, алыс-жақын шетелдерге шығармашылықтарымен танылған 24 Суретшілер одағының мүшесі, яғни үлкен бір өнер ұжымы қалыптасқан, Павлодар облыстық Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп тұр. Кейінгі толқынның арасынан көркемдік дарынымен топ жарып келе жатқан жастар легінің дүбірі естіледі.

Айтайық дегеніміз, осы музейге қазақтың белгілі суретшісі, көркемөнердің дамуына айтарлықтай қомақты үлес қосқан, қазақтан шыққан алғашқы өнертанушы, Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, өнертану ғылымының кандидаты, Ұлы Отан соғысының ардагері жерлесіміз Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтің есімі әбден лайық.

1. Ол кім?

Оқырманға түсініктірек болуы үшін Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтің өміріне шолу жасайық.

Болашақ суретші 1924 жылы 6 қарашада сол кездегі Семей губерниясына қарасты Сайтанды (қазіргі Баянауыл ауданы) деген жерде туған. Әкесі Жәлеледдин бірнеше тіл білген, көне жазбаларды жинаумен айналысқан халық мұғалімі болған екен. Табиғаттың әсері, Ақтайлақ, Майлықара тауларындағы жартастарға бағзыда салынған суреттерге қызығушылық, әке ықпалы дарынды баланың болашағына із қалдырғаны даусыз. Әке Жәлеледдин дүниеден ертерек озды, ол кезде Нағым-Бек 7 жаста болса керек. Отызыншы жылдардағы аштық кезінде әкеден, туған-туыстарынан айырылған жетімек бала Нағым-Бек Новосібір, Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1940-1942 жылдары Алматы Көркемсурет училищесінде оқып жүріп, жасы 18-ге толысымен оқуын тастап, өз еркімен соғысқа аттанған. Соғыста Балтық, Қара теңіз флоттарында әскери қызметте болып, Ленинград пен Кавказды қорғауға қатысады. Н.Нұрмұхаммедов Отан қорғауда көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», т.б. медальдармен марапатталды. 1945 жылы Әскери-Теңіз флотының әуе шабуылына қарсы қорғаныс Жоғары әскери-теңіз училищесін бтірді. Жас теңізшінің талабын жоғары бағалаған Қара теңіз флотының басшылығы оны Лениградтағы бүкілодақтық И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтына жіберді. Н.Нұрмұхаммедов бұл оқу орнында профессор Р.Френцтен білім алды. Атап өтерлік бір мәселе - жалпы, Қазақстандағы бейнелеу өнерінің пайда болуы ХХ жүзжылдықтағы 20-30-шы жылдардағы қазақ даласындағы қоғамдық-саяси формация, идеология, рухани өмірдің күрт ауысуы секілді күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Оның түпқазығы Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, А.Бортников, басқа да суретшілер білім алған Н.Г.Хлудовтың тұңғыш көркемсурет мектебі ашылған жиырмасыншы жылдардан бастау алды дейді тарих. Ал 1930-1940 жылдарда суреткерлік өнерде ұлттық кадрлар салмағы аз болды, оның негізгі құрамын сырттан келген суретшілер құрады. Негізінде 1950-ші жылдардан бастап бейнелеу өнері қаз тұра бастады. Міне, сол құрамның қатарында біз сөз етіп отырған Нағым-Бек Нұрмұхаммедов те бар еді. Ол 1960 жылы Көркемсурет академиясының шығармашылық аспирантурасында А.М.Герасимовтың жетекшілігімен өнертану ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

Н.Нұрмұхаммедов Алматыға оралған кезде оған Қаныш Сәтбаев жиі қолұшын беріп, көмектесіп тұрған, жас дарынға қолдау жасаған екен.

2.Шығармашылығы

Нағым – Бек Нұрмұхаммедовтің өнерінің өркендеуіне, шығармашылығының көпшілікке танылуына арқау болған, әрине, Р.Френц пен А.Герасимов сынды өнер саласының білікті, танымал адамдарынан алған сабағы мен тәжірибесі деуге негіз бар. Суретші небір күрделі композициялар жазды, дипломдық жұмысында, суретшілердің «тілімен» айтқанда «Үлкен стильге» шықты. Осы бағыт арқылы ХVІІІ ғасырда орыс Көркемсурет академиясының кескіндеме бағытының ең тектісі деп танылған тарихи тақырыпты таңдады. Осы тақырыпқа 1953 жылы «М.В.Фрунзе Самарқанд қаласында халық жасақшыларының алдында сөз сөйлеп тұр. 1920 ж.» деп аталған, бір жылдан соң «Д.А.Фурманов Верный қаласында халық жасақшыларының арасында. 1920 ж» атты туындыларын жазды. Бұл шығармалар сол елуінші жылдардың басында жоғары бағаланды. Суретші енді сюжетті композицияның кәнігі шеберіне айналды, еліміздің бейнелеу өнеріндегі тарихи картина жанрының пайда болуына, дамуына үлес қосты. 1959 жылы шығармашылық сапармен Теміртауға барған суретші көпшілікке белгілі «Қазақстан Магниткасында» атты жұмыстар топтамасын жазды. Бұл сапар қылқалам шеберінің талабына зор серпін берді, ол жұмысшылар арасында бірнеше ай тұрып, өндірістік тақырыпқа 70-тен астам еңбек адамдары жайлы тамаша пейзаждарды дүниеге әкелді. Сондай-ақ, қоғамға өндіріс, техниканың дендеп енуімен алыстап бара жатқан қазақ өмірінің болмысын да суреттеді. «Дала күйіп тұр», «Қазақ атты әскері», «Қаратеңізшілердің анты», т.б. эпикалық туындылар жазды.

Кеңес кезінде кім-кімге де шетелдерге шығу жеңіл болмайтын. Соған қарамастан, Н.Нұрмұхаммедов - Жапония, Бразилия, Үндістан, Америка, Испания, Италия, Англия, т.б. мемлекеттерде болып, сол елдер жайлы, атап айтқанда: «Бразилия» топтамасын, «Көшеге тас төсеуші», «Фудзиама тауы», «Хиросима», «Сан Паулудың шет жағы», «Үндістан аспаны астында», «Гандидің портреті», «Үндістан аспаны астында. Автопортрет.1977 ж.» сынды картиналар топтамасын жазды. Сондай-ақ портрет жанры, әйелдер образы суретшінің шығармашылығынан елеулі орын алды. Оның қылқаламынан «Қазақстан әуендері», «Мәскеу пейзаждары», «Қырым топтамасы» атты пейзаждардың қай-қайсысы да жоғары бағаланған туындылар қатарында тұр. Сондай-ақ суретшінің арда табиғатты шеберлікпен лирикалық қалыпта бейнелеуінің өзі оның хас шебер екендігін танытты. Ол «Ормандағы ыстық күн», «Теңізге апаратын баспалдақ», «Гүлдеген ағаш», «Қарағай» секілді еңбектерінің шынайы тазалық, мөлдірлікпен бейнеленгені назар аудартады. 2005 жылы суретшінің туғанына 80 жыл толуына орай Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Халық суретшісі Н.Нұрмұхаммедовтың туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, оған суретшінің сан алуан жанрдағы туындылары қойылды. Бір атап өтерлігі, жоғарыда айтқанымыздай, қылқалам иесі еліміздің бейнелеу өнеріне зор үлес қосты, өнертану ғылымының кандидаты атанып, заманауи өнер саласы жайлы еңбектер жазды. «Қазақ КСР графикасы», «Еңбек даңқы арта берсін», «Қазақстан өнері», «Қожа Ахмет Яссауи», «Қазақстан суретшілері – Ұлы Отан соғысының қатысушылары» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Атап өтерлігі, суретшінің 25 туындысы Павлодардағы Көркемөнер музейінің қорында сақтаулы. 1969-1972 жылдар аралығында салынған «Қазақ ССР Ғылым академиясы сессиясының кеңейтілген мәжілісі» атты ең үлкен туындысында (290х570 см.) қазақтың белгілі тұлғалары Д.Қонаев, Ә.Марғұлан бейнеленген. Бұл шығарма да бізде сақтаулы.

3.Үндестік болуы тиіс

Жалпы, соңғы 3-4 жылда павлодарлық зиялы қауым, өнер иелері Павлодардағы Көркемөнер музейіне қылқалам шебері Нағым-Бек Жәлеледдинұлы Нұрмұхаммедовтің есімін беру туралы мәселе көтеріп келеді. Бастама Қазақстан Суретшілер одағынан да қолдау тапты. Бұл туралы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Өсербай Шоранов былай дейді:

- 2015 жылы сол кездегі Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбековке белгілі суретші Ғалым Қаржасов екеуіміз арнайы барып, Көркемөнер музейіне Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтің есімін беру туралы ұсынысымызды жеткіздік. Ол кісі бірден қолдады. Н.Нұрмұхаммедовпен бірге еңбек еткен суретшілерден де бұл ұсыныс қолдау тапты. Олардың қатарында 25 жыл Қазақстан Суретшілер одағын басқарған Сабыр Мамбеев, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Батима Зауырбекова, Ағымсалы Дүзелханов, Өмірбек Жұбаниязов (қазіргі төраға) т.б. қолдау көрсетіп, облыс әкіміне хат түсірген болатын. Сонымен қатар, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев бастаған ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері де ұсынысты бірден қабылдап, облыс әкімдігіне өтініш хат жолдады, - дейді ол.

Осылайша, бұл мәселе-ұсыныс көпшіліктен қолдау тапты. Олардың қай-қайсысы да өнер ордасына жерлес суретші Н.Нұрмұхаммедовтің есімін берудің әбден орынды екенін құптады. Жақында облыстық Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Игембаев бастаған бір топ қылқалам шеберлері облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевпен кездесуде де осы мәселе көтерілді. Мейрам Мұхамедрахымұлы бұл ұсыныстың әкімдікте қарастырылатынын айтып, уәде берді...

Алматыда мемлекеттік өнер музейі бар. Қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің атында. О баста (1935 жылы) аталмыш өнер ордасы Тарас Шевченконың атында болды. Тарас Григорьевичтің ұлты украин, ақын, жазушы, суретші. Үш салада да жемісті еңбек етіп, есімі әйгілі болған тарихи адам. Оған дау жоқ. Кейін, нақтырақ айтқанда, 1976 жылы Тарас Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясының және іргетасы 1970 жылы қаланған республикалық қолданбалы өнер музейінің қоры негізінде мемлекеттік өнер мұражайы ашылды. 1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ КСР Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді. Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде бұл жағдай оң шешімін тапты.

- Ал Атыраудағы облыстық Көркемөнер музейіне сол жақтың тумасы белгілі суретші Шаймардан Сариевтің есімі берілген. Сол сияқты өткен жылы ғана Қызылорда Көркемөнер музейі қызылордалық суретші Салахеддин Айтбаевтың есімін иеленді,-дейді Өсербай Шоранов.

Міне, ұлтымыздың бейнелеу өнерінің тарихына өзіндік із қалдырған талантты суретшілердің есімдерін ел жадында қалдыру мақсатында жер-жерде осы секілді игілікті іс-шаралар жүзеге асуда.

4. Көп тілегі...

«Осынау әлемде уақыт пен кеңістікте өз орны болмайтын, сыртқы дүниемен өзара байланыстылықта тарихы мен логикасы болмайтын бірде бір зат жоқ»,- деген екен ойшыл философтар. Сол рас қой. Кез келген үлкенді-кішілі іс-әрекеттің тарихпен байланысы болуы заңдылық. Дейміз-ау, алайда Павлодардағы Көркемсурет музейінің қазіргі жағдайы мәз емес. Атап өтейік, С.Торайғыров көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің астыңғы қабатында орналасқан музейдің төбесінен су ағатын кездер де бар. Бұл қордағы туындыларға қауіп төндіреді. Жылына 40 шақты тақырыптық көрмелер ұйымдастыратын музейде қазір екі-ақ зал бар. Сол себептен қордағы 6000-дай туындыны және жоғарыда айтылған Н.Нұрмұхаммедовтің 290х570 см.-лік ірі туындысын көрмеге, халық назарына ұсынудың мүмкіндігі болмай отырғандығын айтады суретшілер. Тағы бір маңызды мәселе, қордағы тарихи туындыларды қалыпты температурада сақтамаса, уақыт өте келе үгіліп түспек. Сондықтан Көркемөнер музейіне 4-5 залы, қор сақтайтын талаптағыдай арнайы орны бар жеке ғимарат қажет-ақ.

Иә, Павлодарда облыстық Г.Потанин атында тарихи - өлкетану мұражайы, Д.Б.Багаев атындағы мұражай, П.Васильев атындағы кітапхана бар. Облыстық әдебиет және өнер мұражайы ғана жерлесіміз, «көмекей әулие» атанған қазақтың тарихи тұлғасы Бұқар жыраудың атында. Олай болса, Көркемөнер музейіне жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш өнертанушы, белгілі суретші Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтың есімі сұранып тұр, әрі көпшілік те, «Павлодар облыстық суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі де осы ұсынысты қолдауда.

Биыл Н.Нұрмұхаммедовтің туғанына 95 жыл толмақ, ал Көркемөнер музейінің пайдалануға берілгеніне - 55 жыл, жарты ғасырдан асты. Қос мерейтойда Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, өнертану ғылымының кандидаты, Ұлы Отан соғысының ардагері қазақтың суреткерлік өнер саласына тың жаңалық, соны серпін әкелген белгілі жерлесіміз Нағым-Бек Нұрмұхаммедовтің есімі Көркемөнер музейіне берілгені дұрыс. Бұл - көпшіліктің тілегі!

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz