Ұтымды ұсыныстар

Естеріңізде болса, «Педагог мәрте-бесі туралы» заңда қарастырылуға тиіс деген ұсыныстар барлық өңір мұғалімдерінен түскен болатын. Тіпті, пікірлер республикалық «Білімді ел» газетінің «www.bilimdinews.kz» сайтында да қабылданды. Осылайша, ұстаздардан жалпы саны 8 мыңнан астам ұсыныс түскен. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева бұл заңда мұғалімдердің мәртебесін арттыратын барлық мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. Осы орайда, заңды әзірлеуде 80-ге жуық адамнан тұратын комиссия жұмыс істеген. Олардың қатарында ғалым, депутаттардың да барын атап өткен жөн. 6 бөлім мен 21 баптан тұратын құжат ұстаздардың мәртебесін арттырып қана қоймай, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Биыл оқу жылының соңына қарай қабылданғалы жатқан заңда мұғалімдердің еңбекақысы, тұрғын үй мәселесі, коммуналдық қызмет, медициналық сақтандыру, біліктілікті арттыру сынды бірқатар мәселе оңтайлы шешілмек.

Мұғалімдерге – баспана

Бүгінде көпшіліктің бас ауруына айналған мәселенің бірі – баспана. Пәтерге мұқтаж ұстаздар, әсіресе, қызметке енді орналасып, тұрғын үйсіз жүрген жас мамандар да жетерлік. Егер қазіргі заң жобасы мақұлданатын болса, ұстаздардың бұл мәселесі шешілетін болады. Өйткені құжаттағы 14-бапта әлеуметтік кепілдіктер қарастырылуда. Әсіресе, алғашқы жарнасыз жеңілдетілген несие бойынша баспанаға ие болу туралы ұсыныс мұғалімдердің көңілінен шығып отыр. Осы уақытқа дейін «Үздік педагог» байқауының жүлдегері атанған ұстаздар жылына бір мәрте пәтерге ие болса, енді бұл мәселеге жергілікті әкімдіктер араласпақ. Олар заң аясында ұстаздарға сыйақы немесе жергілікті бюджет есебінен пәтер кілтін табыстай алады.

Балабақшаға кезек күтпейді

Бүгінде ата-аналар үшін негізгі мәселенің қатарында баланы балабақшаға орналастыру да бар. Бұл кезек алдымен көп балалы ана, әскери қызметкер сынды белгілі бір санатқа жататындарға берілетін. Болашақта бұл тізімге ұстаздар да енуі мүмкін. Маусым айында заң жобасы қабылданса, өмірін ұстаздық жолға арнағандардың балалары мектепке дейінгі ұйымдарға кезек күтпей-ақ баратын болады. Аталмыш міндет тағы да жергілікті әкімдікке жүктелмек. Осы тұста, ауылдық жерде қызмет атқаратын мұғалімдердің де жағдайын айта кеткен жөн. Оларға коммуналдық қызметті төлеуге, отын алуға бюджет есебінен көмек көрсетілетін болады. Тіпті, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесі де берілмек.

Демалыс бәріне ортақ

Ұстаздардың еңбек демалысы 56 күнді құрайды. Заңды талқылау кезінде балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері 42 күн демалатыны сөз болған. Сондықтан мұғалімдер қауымы ғана емес, жоғарыдағы 56 күн барлық білім беру ұйымының қызметкерлеріне берілетін болады. Ұстаздар өзіне жүктелген міндеттен бөлек, қоғамдық жұмыстарға да қатыстырылатынын жиі көтеретін. Әсіресе, газет-журналдарға күштеп жазғызу, сенбіліктер мен сайлау жұмыстарына қатыстыру мәселелері бар. Педагогтың басты міндеті – бала оқыту. Ендеше, осы іс бірінші орынға шығады. Тіпті, ұстаздар медициналық тексерістен тегін өтуіне қатысты ұсыныстар да заңға енгізілген.

Бейнет түбі - зейнет

Қоғамда ұстаздардың жалақысы аз екендігі де жиі көтеріледі. Заңда педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Болашақта ұстаздық жолды таңдаған жас мамандардың жоғары оқу орнында оқыған төрт жылы еңбек өтіліне қосылады. Мәселен, жас педагог мектепте 4 жыл жұмыс істесе, оған оқу орнындағы 4 жылын қосқанда, жалпы еңбек өтілі 8 жылды құрайтын болады. Болашақ мұғалімдерге ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес көлемде стипендия тағайындалады. Алдағы уақытта жалақының мөлшері біліктілікке байланысты өседі.

Заңдағы ұсыныстар қолдау тапса, болашақта ұстаздар зейнет жасына ерте шығуы көзделген. 30 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар құрметті демалысқа шығу құқығына ие бола алады. Яғни, ұстаздық жолда 26 жыл үздіксіз қызмет етсеңіз жеткілікті. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, оқу орнындағы 4 жыл да еңбек өтіліне қосылады. Осылайша, заңдағы ұсыныстардың орындалуы – уақыт еншісінде. Бастысы, ұсыныстар ескерілсе, аталмыш заң педагогтардың мәртебесін арттыратын құжат боларына сеніміміз мол.


Сәуле ОМАРБЕКОВА, ардагер ұстаз:

- Қазіргі уақытта мектепті жақсы оқыған түлектердің басым көпшілігі басқа саланы таңдайды. Ал сабақты нашар оқығандардың дені осы ұстаздыққа баратыны шындық. Мектепті төмен ұпаймен тәмамдағандар тәлім берген ұстаздарымен әріптес болып шығады, бала оқытады. Германияда сабақты тек 5-ке оқығандарды ғана мұғалім мамандығына қабылдайды және ұстаздарының айлық жалақысы бір миллионға жуық екен. Сондықтан біздің еліміздегі жоғары оқу орындары тек білімді түлектерді ғана педагогикалық мамандықтарға қабылдағаны жөн. Әйтпесе, білім беру саласының көсегесі көгермес. Ұстаздық жолда 40 жыл еңбек атқарған соң, мұғалімдердің жауапкершілігі мен еңбегін жақсы білемін. «Педагог мәртебесі туралы» заңда осы жағдайлар ескерілсе екен деймін.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz