Қайғылы хабарды естіген бойда мәселенің анық-қанығын білу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар депар-таментіне хабарластық. Баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, отбасы мүшелерінің қайтыс болғаны Баянауыл ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында 6 ақпан күні, кешкі сағат 21.30 шамасында белгілі болған. Оқыс оқиға салдарынан 4 адам – жүкті әйел мен 1979 жылғы азамат, 2004 және 2007 жылы туған екі бала көз жұмған. Отбасы мүшелерінің ажал құшқанын туыстары үйіне барғанда анықтаған. Есік ішінен жабық болған соң, бұзып кіруге тура келген. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың себебі анықталуда. Мамандар отбасы мүшелері ысты газдан немесе тамақтан уланған деген болжам жасауда. Тексеру шарасы кезінде мәйіт табылған үйдің дастарханында қалған тағамдар да сараптамаға жолданған.

Қаза болған отбасының тағы 2 баласы бары белгілі болды. Олар Баянауыл ауданындағы аграрлық колледждің студенттері екен. Балалардың туған әкесі 2014 жылы қайтыс болған. Қайғылы жағдайға байланысты Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қара жамылған отбасыға көмек көрсетуді тапсырды. Жетім қалған қыздарға Баянауыл ауданының әкімдігі аудан орталығынан бір бөлмелі пәтер ұсынды. Дүниеге келмеген сәбидің әкесі жақында Қарағанды қаласынан келген. Ол «Шұбаркөл көмір» АҚ разрезінде вахталық әдіспен жұмыс істеген. Бұл оқиғаға қатысты аудандық жастар орталығында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы қайырымдылық есепшоты ашылды.

Жуырда Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, брифинг ұйымдастырған болатын. Мамандар аймағымызда өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, пешті қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Мамандардың сөзінше, өңірде жеке сектордағы үйлерде тұратын көпбалалы отбасылардың тізімі жасалып, аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйіне қатердің алдын алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы (датчик) орнатылуда.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилакти-калық қызмет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлімхан Қайыргелді бұл бағыттағы жұмыстар бұған дейін де жүргізіліп келгенін айтады. Мәселен, жылу маусымы басталғалы бері азаматтық қорғаныс органдарының мамандары жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жеке сектордағы 72 197 ауланы аралаған. Профилактикалық шара барысында өрт қауіпсіздігін сақтау, пеш, газ баллон құралдарын дұрыс пайдаланудың тәртібі түсіндіріліп, жадынамалар таратылған.

- Осы уақытқа дейін әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылармен жұмыс істеп келеміз. Жергілікті әкімдіктер олардың нақты тізімін жасауда. Былтыр үйдегі улы газдың таралуы жөнінде дабыл беретін 40 құрылғы орнатылса, биыл 125 данасы бөлінді, - дейді Ә.Қайыргелді.

Жылу маусымы басталғалы бері аймағымызда 171 өрт тіркелген. Материалдық шығын көлемі 12 млн. 660 мың теңгені құрайды. Тілсіз жаудың салдарынан 11 адам көз жұмып, 17 адам жарақат алған. Қайғылы жағдайларға тұрғындардың от жағу кезінде қауіпсіздік ережесін дұрыс қолданбауы себеп болған. Әсіресе, пеш, түтін мұржасының дұрыс тазаланбауы, жылыту құралдарының арасындағы қашықтықтың талапқа сай сақталмауы себеп болған. Павлодар қаласында жыл басынан бері 39 өрт тіркеліп, 5 адам қаза болған. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишановтың сөзінше, оқыс жағдайлардың 70 пайызы ішімдік ішу, темекі шегу салдарынан орын алған. Сондықтан мамандар тұрғындарға аталмыш мәселеде сақ болып, балаларды үйде жалғыз қалдырмауды ескертеді.

- Пешті жанармай, дизель отыны сынды тез жанғыш сұйықтық затпен тұтатуға болмайды. Жылыту пешінің жанында жиһаз болмағаны дұрыс. Электр сымдарын монтаждау, жөндеу ісімен тек электрик мамандары ғана айналысуы керек. Тұрғындар үйдегі сөндіргіш құралдарының жағдайын тексеріп отырғандары абзал. Қайғылы жағдайлардың орын алмауы үшін үй ішінде жоғарыда айтылған құрылғыны орнатқан жөн, - дейді Р.Валишанов.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz