Одан бөлек, желден электр өндіретін генераторлар орнатылып, тағы бір майнингтік ферма ашу жоспарланған. Ірі жобалардың бірі «Богатырь көмір» кәсіпорнында жүзеге асады. Мұнда көмірді жоғарыға жеткізетін автоконвеерлік технология орнатылмақ. Дата-орталықтың да құрылысы - ағымдағы жылдың еншісінде. Ферросиликоалюминий өндіретін зауыт салынбақ. «Проммашкомплект» ЖШС металдан бекіту бұйымдарын шығаратын кәсіпорын ашуды межелеп қойған. Әлеуметтік сала бойынша да маңызды инвестициялық жобалар бар. Мәселен, ірі сауда орталықтары, аквапарк, мұз сарайы бой көтереді.

Бұл - биылғы жылға жоспарланған жобалар. Кездесуде шаһар басшысы өткен жылды қорытып, қол жеткізген көрсеткіштерді тізді. Мәлімдеуінше, былтыр өнеркәсіп саласында 594 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Негізгі капиталға 149,4 млрд. теңгенің инвестициясы құйылған. Оның басым бөлігі – кәсіпорындардың жеке қаражаты. Индустрияландыру картасы бойынша былтыр екі жоба жүзеге асып, 460 жаңа жұмыс орны құрылған. Дегенмен, екі кәсіпорынның жұмысы тұралап тұр. Олар – қысқы отын шығаруы тиіс кәсіпорын мен ет комбинаты. «Қазақстан вагон жасау» компаниясының да жағдайы мәз емес. Енді осы жобаларға «жан бітіру» міндеті тұр. Ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары 3 пайызға артыпты. Ауыл шаруашылығында да өсім байқалады. Өндірілген өнім көлемі 14,6 пайызға өскен. Биыл 800 бас импорттық мал басын сатып алу жоспарланған. 40,7 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Нәтижесінде, өткен жылы 57,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Жолдарды жөндеу және ауызсу мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні айтылды. Өткен жылы республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы 95,5 шақырым жол жөнделген. Бүгінде ауылдықтардың 29 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл алты ауылда су құбыры қолданысқа беріледі. Тағы төрт ауылға – Байет, Бесқауға, Тай, Құдайкөлге су тарту үшін 816,8 млн. теңге бөлініп отыр. Міне, осы жобалар толық аяқталған соң Екібастұз аумағында орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту көрсеткіші 47 пайызға жетпек.

Қаладағы аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру ісі жалғаспақ. 40 аула ретке келтірілсе, тағы осыншамасын жөндеу жоспарланып отыр. Жеке үйлер секторын жарықтандыруға көңіл бөлінеді, деді қала әкімі.

Көптің қалауы

Қала әкімінің баяндамасынан кейін, әдеттегідей, тұрғындар талап-тілегін қарша боратты. Бірі жеке басының мәселесіне мән берсе, енді бірі көпшілікке қатысты түйткілдерді ортаға салды.

Мәселен, қала тұрғыны М.Сағындықова екібастұздықтардың жазда ыстық сусыз қалу қаупі жайында сұрады. Бұл жөнінде бұған дейін де жазған болатынбыз. Монополист компанияның жылу орталығын толық тоқтатып, үнемдеуге көшпек әрекетіне көпшілік наразылық танытып, билік те қарап қалмады. Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов тұрғындарды жағымды жаңалығымен қуантты. Яғни, тексеруші органдар жылу-электр орталығының тұтынушыларды жоспарлы түрде ұзақ уақыт ыстық сусыз қалдыру қарекеті заңға қайшы екенін мәлімдеген. Бірақ, «тариф көтерілмесе, жазда үнемдеуге мүмкіндік берілмесе, шығынға батамыз» деген монополистің енді қандай әрекетке баратыны әлі беймәлім.

17-оңтүстік проезді көшесінің тұрғыны Ә.Сәтімбекова жеке үйлер секторы қараңғы мезгілде жүруге қауіпті екенін алға тартты. Әкімдіктегілер дәл бұл көшенің жарықтандыру жобасына енгенін мәлім етті.

Шідерті кентінің мәдениет үйінің директоры С.Бойкова тұрғындарға фильм көрсететін кең экран алынып берсе деген тілегін білдірді. Н.Әшімбетов 4 мың тұрғыны бар кент үшін мұндай мүмкіндік жасау керек, деді. Әрі аса қымбатқа түспейтінін де мәлімдеді. Сондықтан, көп ұзамай шідертіліктер киноны кең форматты экраннан тамашалай алады.

Жеке үйлер секторы тұрғындары қалада бұрыннан бірге жатқан жылу және су құбырларын ажыратудан қыста су қатып, қиналамыз ба деп алаңдаулы. Шаһар басшысы бұл бағытта 8 жоба жасалғанын, жер бетінде бөлек қалған су құбырларын төмендету бойынша жұмыс қолға алынатынын айтты. Құжаттар сараптамадан өткен, енді республикалық қазынадан қаржы алу үшін өтінім берілмек.

Ә.Абралинова №13 балабақша күрделі жөндеуді қажет ететінін алға тартты. Жобасы дайын, 130 млн. теңге қажет көрінеді. Бірақ, мұндай қаржыны қалалық қазына қарастыра алмайтын көрінеді. Үміт – облыстық бюджеттен.

«Арай» пәтер иелері кооперативінің төрағасы А.Алдабаева осыдан 14 жыл бұрын қабылданған қаулының күшін жойып, лифтілерді тұрғындардың иелігіне берілетініне қапалы. Бірақ, бұл мәселені Н.Әшімбетов талдап, түсіндіріп берді.

- 2004 жылы лифтілерді коммуналдық меншікке беру туралы қаулы қабылданған. Аймағымыздың үш қаласында да солай болды. Алайда, тұрғын үй қатынастары туралы заңда лифт көпқабатты үйлердің ажырамас бөлігі деп саналатыны жазылған. Демек, оны жекелеп алып, мемлекет меншігінде ұстау заңға қайшы. Павлодар қаласында қаулының күші осыдан үш жыл бұрын жойылған. Оған қоса, «Екібастұз лифт» кәсіпорны жекеге өткен. Ал біз жекеменшік кәсіпорынға лифтілерді жөндеуге әрі күтіп ұстауға қазынадан қаржы бөле алмаймыз. Бұл мекеме тұрғындардан әр шаршы метр үшін 29 теңгеден төлем алады. Жиналатын сома лифтілерді жөндеп, күтіп ұстауға жеткілікті, - деді Н.Әшімбетов.

Сондай-ақ, елімізде заң жобасы әзірленіп жатқанын да еске салды. Онда лифтілерді мемлекет есебінен жөндеп, оған жұмсалған қаржыны тұрғындардың бөліп төлеу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Екібастұздық «Горводоканал» кәсіпорнына да қалалықтардың өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, тозығы жеткен құбырлар жиі жарылып, оны ретке келтіру көпке созылатынына наразы. Сондықтан кеңседе отыратын қызметкерлерді көбейтпей, жөндеуге шығатын бригадалар қатары арттырылса деген өтініш айтылды. Қала билігі бәрі бақылауда болады деп қысқа қайырды.

Көз жанары нашар жандар кеншілер шаһарында кәсіби офтольмология қызметінің жоқтығын мәлім етті. Ол үшін облыс орталығына қатынайтын көрінеді. Екібастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері М.Андосов окулистердің жетіспейтінін мойындады. Қажет 10 маманның орнында қала емханаларында төртеуі ғана жұмыс істейді. Қажет болса, облыс орталығына баратындарды жинап, бірлесіп жеткізу жағын ұйымдастырамыз деп сендірді. Дегенмен, кездесуге қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов жауапты азаматтар мамандар тапшылығын жоюмен тыңғылықты айналысуы қажеттігін қадап айтты. Ал №2 емхананың тіркеуіндегі тұрғындары аталмыш медициналық мекеменің қос корпусын байланыстыратын галерея салуды сұрап отыр.

Ақкөл ауылының тұрғындары атынан сөйлеген ақсақал елді мекенге тартылып жатқан су құбыры бірнеше көшені қамтымай қалғанын айтты. Қала билігі ескі жобада ескерілмеген тұсқа жеке жоба әзірлепті. Енді оны қаржыландыру жағы қарастырылады. Сонымен қатар, Ақкөлге апаратын жолдың 4 шақырымына жөндеу қажет. Б.Бақауов жоба дайын болса, келесі жылдың жоспарына енгізіп, қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, жиында экологиялық ахуал, саяжайлық учаскелер, пәтер иелері кооперативтері жұмысына, учаскелік полицей-лерді көлікпен қамтуға қатысты мәселелер көтерілді. Қала әкімдігі барлық сұрақтар жауапсыз қалмайды деп сендірді.

Не жүктелді?

Есеп беру кездесуіне қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов қала билігіне біраз бағыттарға басымдық беруді тапсырды. Ірі кәсіпорындар шағын қаланың шаруа- сын дөңгелетуге айтарлықтай үлес қосып отырғанын айтты. Дегенмен, былтыр кейбір өндірісте көрсеткіштің кемуі байқалған. Вагон жасау зауыты 1500 вагон шығару керек болса, іс жүзінде небары 788 дана өндірген. Облыс әкімі Б.Бақауов жағдайларды оңалтудың нақты жоспарын құру қажет, деді.

Инвестор тартуда сырттан келетін инвестицияларға басымдық берілуі тиіс. Осы ретте, екібастұздықтар шағын және орта бизнесті дамытуға ден қоюы керек. Жұмыс істеп жатқан субъектілер қатары 3 пайызға өскенімен, тіркелгендерінің әлі де 20 пайызы әрекетсіз жатыр. Тіпті, пайызсыз немесе қайтарымсыз берілген қаражаттың өзін кәдеге жарата алмай, жабылып қалғандары бар.

Энергия қуатының көптігі кеншілер қаласының бәсекеге қабілеттілігінің басты артықшылығы екенін тағы бір рет еске салды. Өңдеу өндірісінің өнімді жұмыс істеуі талап етілмек. Бүгінде Екібастұзда бұл бағыттың үлесі 9 пайызды құрайды. Азық-түлік өнеркәсібінде, керісінше, өңдеу жағы төмендеген.

Айта кету керек, соңғы екі жылда Екібастұздың дамуына республикалық және облыстық бюджеттен 27,7 млрд. теңге бөлінген. Облыс әкімі бұрын мұндай ресурс болмағанын, алдағы уақытта да қолдау жалғасатынын мәлімдеді.

Аймақ басшысы әлеуметтік салаға да көңіл бөліп, әсіресе, білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Педагогтардың заманға сай барынша жылдам өзгеруге бейім болуы тиіс, деді. Облыс басшылығы, бастысы атқарылған барлық жұмыс халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасына әсер етуі тиіс, деді.

Сұраныс саралануы тиіс

Есептік кездесуден бөлек, облыс әкімі Екібастұздағы тұрғын үй құрылысына қатысты жеке жиын өткізіп, кем-кетігін түгендеді.

Қала әкімі Н.Әшімбетовтің мәліметі бойынша биыл 45 мың шаршы метр тұрғын үй салу межеленген. Бұл көрсеткішке көпқабатты және жеке үй құрылысы бойынша қол жеткізу көзделген. Қала билігі облигациялық қаржы есебінен көп қабатты үйлер тұрғызуға ниетті. Бірақ, Болат Бақауов сұраныс сараланбай, тәуекелге барудың қаншалықты қисынды екенін ескертті. Себебі, былтыр шаршы метрі 140 мың теңгеге бағаланғанның өзінде екібастұздықтарға пәтерлерді сату қиынға соқты. Сөйтіп, шаршы метр құнын 100 мың теңгеге түсіру үшін облыс қазынасынан 1,4 млрд. теңге бөлінген. Сондықтан, облыс басшылығы сұранысты, төлем қабілеттілігін саралауды тапсырды.

Сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысы бойынша да әлі пысықталатын тұс көп көрінеді. Бір сәулеттік стильдегі жеке үйлер тұрғызуға үш аумақ әзірленуде. Онда 800-ден астам жер учаскесі бар. Ағымдағы жылы бұл аумақтарда 11 260 шаршы метрді кәдеге жарату жоспарланыпты. Бұл - шамамен 100 үй. Облыс әкімі межеге қол жететініне күмән келтірді.

Әкімдіктегілер жер алу кезегінде тұрған әрбір тұрғынды қабылдап, учаскелерді үлес-тіру жұмысын жүргізбек. Бұл істі Б.Бақауов ақпан-наурыз айларында біржақты етуді тапсырды. Сондай-ақ, әр тұрғынға үйлердің бір стильде салынатынын түсіндіру қажет, деді. Ал мемлекет есебінен салынса, оны сату жағы тағы қиынға соғатын көрінеді. Жеке бизнеске үй салуға жер телімдерін беру заңға қайшы. Қысқасы, күрмеулі тұстар аз емес. Сондықтан, облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысы мен жергілікті билікке көп ұзатпай қай бағытта алға жылжу қажеттігін нақтылауды жүктеді.

Сапар барысында облыс әкімі Екібастұзда іске қосылған тұрмыстық қатты қалдық-тарды сұрыптайтын цехтың, нан-тоқаш кәсіпорнының, қаланың кіреберісінде жуырда ашылған демалыс орнының, қалалық сотта жабдықталған фронт-кеңсенің жұмысымен танысты.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ. Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz