Дөңгелек үстел басында С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, мәшһүртанушы, ф.ғ. докторы Айтмұхамбет Тұрышев, ИнЕУ-дің Бизнес білім және құқық факультетінің деканы Зубираш Смағұлова, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері Алтынбек Мұқышев, Жастар бастамаларын дамыту орталығының маманы Толқын Әбішева, Еріктілер ұйымының мүшелері Іңкәр Қанат пен Әмір Рамазанның ой-пікірлерін тыңдап көрдік.

Тілші сауалы:

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, бүгінгі талқыға салғалы отырған тақырыбымыз Мемлекет басшысының арнайы ұсынысымен қолға алынған «Жастар жылы» аясында болмақ. Бұған дейін тек бағдарламалар мен жобаларда ішінара ғана қамтылып келген жастар мәселесі ағымдағы жылы үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл бұқараның көптен күткені еді. Осы ретте Сіздер «Жастар жылынан» не күтесіздер?

Айтмұхамбет Тұрышев:

- Айналайын, «Жастар жылынан» күтеріміз көп. Өйткені жастарға жалғыз мен ғана емес, кезінде Алаш өкілдерінің өзі үлкен сенім артқан болатын. Қазақ елінің бостандығы, азаттығы үшін күрескендер де осы жастар еді ғой.

Елбасының қатысуымен өткен форумның бейнежазбасын екі рет қарап шықтым. Шынын айтуымыз керек, жастарға қатысты бұған дейін дәл осындай ауқымды форум бұрын-соңды болған емес. Онда айтылған әрбір міндеттемелер мен тапсырмалар өте орынды. Әрі сол жерге барып, елдің атынан сөйлеген жастарға қарап сүйсіндім.

Жалпы, жастар мәселесі Қытай, Сингапур, Малайзияда да болды. Мәселен, Малайзияның премьер-министрі Ли Хуан елді басқару үшін жастардың кеңесіне құлақ түрген. Сол кезде осы елдерде ешқандай байлық болмаса да жастары патриот бола білді. Ондай болу біздің де қолымыздан келеді.

Аға буын ретінде менің көкейімде жүрген дүниелер өте көп. Соның бірін айта кетейін. Ертеректе қазақта «Ат ойыны» деген болған. Өз басым дәл осы ат ойынының Павлодар өңірінде қайта жанданғанын және оны жастардың іске асырғанын қалаймын. Мұнда әскери аттың құрамасы, ат әбзелдерін, үзеңгісі, қару-жарағы, көбесі мен сауытын жасайтын этнографиялық орталық құрылса, жастарды ат ойындарына, садақ ату, найза шаншу, қалқанмен қорғану тәрізді ата-бабамыздан қалған ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртсақ. Соның уақыты келді. Елбасы өз сөзінде «патриоттық жұмыстарды жандандыру керек» деп айтты. Осының бағдарламасын жасап, мықтап қолға алуымыз керек.

Данияр Жұмаділ:

- Жастар жылынан бірінші кезекте ұлттық бағыттағы жұмыстардың жандануын күтеміз. Неге десеңіздер, елімізде, облыста болсын ұлттық бағытта тәрбие беретін іс-шаралар көңіл көншітпейді. Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында біз «Жебе» қоғамдық бірлестігін құрған болатынбыз. Бірлестік өңірдегі белсенді жастардың басын біріктіріп, ұлттық бағытта жұмыс істеп келеді. Бұған дейін бейресми түрде болсақ, биылдан бастап ресми түрде жоспарлы жұмыстарымызды қолға алдық. Негізгі мақсатымыз - ұлттық бағыттағы жұмыстарды жандандыру, жастар арасында насихаттау. Айтмұхамбет ағамыз айтып отырған ұсыныстар біздің биылғы жоспарымызда бар. Атап өтер болсақ, биыл қолөнер шеберлерінің облыстық деңгейдегі байқауын өткіземіз. Ол бірнеше бағыттардан тұрады. Аймақтағы қолөнер шеберлерінің көбі жастар екенін ескере отырып, осындай таланттарды ел ішінде танытып, оларға қолдау көрсетіп, өнерін дәріптеп, қаладағы жастарға көрсету. Бұл ретте жастар таспа тілу, қамшы өру бағыттары бойынша өнерлерін ортаға салады, жігіттер арасында қымыз ішуден сайысатын болады. Айтмұхамбет ағамыз дұрыс айтып өтті, бізде әскери патриоттық өнер ескерілуі тиіс. Осы ретте біз «Жамбы ату» байқауын қолға алдық. Жастарды садақ ату, оны июге үйретіп, кәсіпқой садақ ату ұйымдарына апарып, балаларды садақ атуға үйретсек, оның тарихымен таныстырсақ дейміз. Сондай-ақ «Томаға тартар» деген жобамыз бар. Бұл шығармашыл жастарға арналған. Өңірімізде қара сөзге жаны құмар жастар өте көп. Өкінішке қарай, оларға шығармашылық қолдау аз. Олардың бас қосатын ортасы тек мүшәйралар ғана болып қалды. Жоба аясында мектептерге барып, ондағы шығармашыл жастарды тауып, талабын шыңдау мақсатында жеке кештерін өткізуді қолға алмақпыз.

Тағы бір үлкен жобамыз - «Абыз ақсақал». Аты ақсақалдарға арналғанымен, заты жастарға арналған.

Менің бір үлкен тілегім бар. «Жастар жылында» форумдар мен жиындарға көп көңіл бөліп кетпесек екен деймін. Қаражатты желге ұшыратын, аты дардай, бірақ салмағы қауырсындай ғана болатын шаралардан аулақ болуы- мыз керек. Біз тек акцияларға, бір күндік шараларға қыруар қаражат пен үлкен күш жұмсаймыз. Менің ойымша, үлкен қаражатты нәтиже беретін іске жұмсаған жөн. Бір баланың кітабын шығарып берсек немесе мектеп оқушыларын киелі жерлерге саяхатқа жіберсек, балаларға арналған ұлттық мәндегі шығармалар жасап шығарсақ... Облыста жастар саласына қатысты жұмыс істейтін орталық пен басқарма бар. Солардың барлығы дәл биыл ұлттық бағытқа көптеп көңіл бөлсе керемет болар еді.

Айтмұхамбет Тұрышев:

- Данияр айтып отырған жобалар көңілге қонымды екен. Сендер ат спортына қатысты тек біреуін ғана алып отырсыңдар. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жылқы туралы айтылды. Бізде ашамайға міну деген бар. Қазір сырқаттанған баланы ашамайға мінгізіп емдеу терапиясы да кеңінен таралып келеді. Менің айтпағым, әр салаға, ұйымға бөлінбей бірігіп, атқа байланысты жобаларыңды топтастырып, ұлттық ат ойын кешенін құрсаңдар жақсы болар еді. Мұны әлі күнге елімізде ешкім көтере қойған жоқ. Жастар осындай істерге қорықпай кірісуі керек.

Зубираш Смағұлова:

- Бүгінгі таңда біздің жастарымыздың мақсаты айқын. Олар - еліміздің белсенді тобы. Қазақ елінің өркендеп дамуы осындай білімді жастардың қолында. Өкінішке қарай, біздің білімді де білікті жастарымыз шет елге көптеп кетіп жатыр. Осы жағдай университеттер үшін үлкен мәселе болып тұр. Шетелге кететін жастардың көбі талантты әрі білімді. Ал оларды өзімізде ұстап қалу үшін оқу орындарының қабырғасында көптеген істер атқаруымыз керек. Соның бірі - жастардың патриоттық сезімін оятатындай ұлттық құндылығы мол шараларды ұйымдастыру. Сонымен қатар оқу гранттарын көптеп бөлуіміз қажет. Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған жағдайда жастарға ректорлардың атынан тағайындалатын гранттары, спортпен шұғылданатындарға берілетін гранттар көп болса деймін. Біздің университетте ақылы негізде оқитын студенттер өздерінің оқу үлгерімі жағынан, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысуымен де түрлі деңгейдегі 50-100 пайыз жеңілдіктерді ала алады. Менің ойымша, стартап жобалармен айналысатын жастарды, қоғамдағы белсенділерді өз елімізде ұстап қалу үшін оларды қызықтыратын жобаларды көптеп қарастыруымыз керек.

Тілші:

- Дұрыс айтасыз, шет елге жастарымыздың көп кетуі, сол жақта тұрақтап қалуы қоғамның басты мәселесіне айналып келе жатқан тәрізді. Толқын, «Жастар жылы» деп ресми жарияланғанына да 2 айға жуықтады. Өңірдегі Жастар бастамаларын дамыту орталығы қандай жұмыстарды қолға алды?

Толқын Әбішева:

- 2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялауы арқылы біздерге үлкен міндет жүктеп отыр. Біздің орталық ағымдағы жылы атқарылатын істердің жоспарын бекітіп үлгерді. Бізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту аясында «Ұлы далаға саяхат» деген рухани тур жобасы жоспарлануда. Мұндағы мақсат - Батыс Қазақстанның киелі жерлерін аралау, осы өңірдің жастарымен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың жұмыс тәжірибесімен бөлісу. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында «Рухани Хемф» жобасын бастаймыз. Ол лагерь түрінде өткізіледі. Жастарға Баянауыл өлкесінің киелі жерлерін аралатып, тарихымен таныстырамыз. «Ауыл достары» жобасы арқылы ауыл балаларын қалаға алып келіп, қала өмірімен таныстырсақ, қалада өскен жасты ауылға жіберіп, қазақтықтың қаймағы бұзылмаған ауыл тіршілігімен таныстырамыз. Сонымен қатар, ұлттық бағытта жұмыс істейтін «Ару наз» клубымыз бар. Ол жерде жас келіндерге немесе болашақ келіндерге айтылатын ақыл-кеңестер беріледі. Жалпы, біздің орталық жоспарлаған істер өте көп. Олардың ішінде ІТ саласы, жас ғалымдарға қолдау көрсету, үш тұғырлы тіл саясаты, барлығы қамтылады.

Айтмұхамбет Тұрышев:

- Өз басым Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы «Ару наз» жас келіндер клубының барына қуанып отырмын. Қазақ халқы «ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық код» туралы айтты. Сондағы ұлттық код деп отырғанымыз осы. Клубқа келген әрбір жас келін мен ару қызымыз бесіктің қадір-қасиетін білуі керек. Бесіктің адам тәрбиесінде 10-нан астам алатын орны бар. Соның бірі Платонның «Мемлекет» деген кітабында: - Жаңа туған баланы тербету керек дейді. Сонда баланың эмоциясы денесіне тарап, сабырлылыққа баулып, миы толық қалыптасуы керек, - дейді. Бесіктің бір қасиеті - тербету. Қазіргі жастар баланы бесікке бөлеуден қашады. Бұл дұрыс емес. Бесікке бөлеу бала миының дұрыс қалыптасуына жол ашады.

Тілші:

- Айтмұхамбет аға, ғалым ретінде ғылымға бет бұрған жастардың еңбегіне қандай баға берер едіңіз? Президент жас ғалымдардың ізденуіне жол ашуды, ғылым саласындағы жастардың гранттарын көбейтуді тапсырғаны белгілі...

Айтмұхамбет Тұрышев:

- Америка, Жапония елдері ғылым саласына мол қаржы құяды. Біздің елімізде жайлап болса да соңғы бірнеше жылда ғылымға жақсы көңіл бөлінуде. Мониторинг жүргізу керек. Менің қазір екі докторантым бар. Магистиратурада оқып жатқандар өте көп. Соған қарағанда докторантура мен магистратураға жастар өз қаржыларына түсіп, оқып жатыр. Бұл - қуанатын жайт. Маған соңғы келген магистранттар өте алғыр. 1991-1993 жылдағы тоқырау барлық салаға кесірін тигізді. Оның салқыны ғылымға да тиді. Енді ғылымның көзі ашылады деп ойлаймын. Себебі жастардың талпынысы жоғары. Шет мемлекетте оқып келген жас ғалымдардың білім деңгейімен елде жүріп-ақ ғылыммен айналысқан жастардың деңгейі шамалас. Тіпті, олардың зерттеуге алған тақырыптарына қарап отырып таң қаламын. Өйткені талпыныстары жақсы. Ал Елбасының жас ғалымдарды қолдау туралы ұсынысы біздің жастарды одан ары жігерлендіреді деп ойлаймын.

Зубираш Смағұлова:

- Ғылыми жұмыстар тек қана теория жүзінде бағаланбайтынын, оны практика жүзінде дәлелдеп шығу керектігін біздің жастар жақсы біледі. Инновациялық Еуразиялық университетінде жас ғалымдарды қолдау мақсатында түрлі бағыттар қарастырылған. Яғни, магистратураға немесе докторантураға төлемді түскен жастардың оқу нәтижесіне, талабына қарай ректордың гранттары тағайындалады. Өзім «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде 1 жыл оқып келдім. Бізді қолдаған тәрізді, талапшыл, алғыр жастарға қашан да қолдау табылады.

Тілші:

- Алтынбек, ел ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асуда. Әлі де жалғасын тауып келеді. Бұл бағдарламада қамтылмайтын тақырып жоқ. Оның басы-қасында жүргендердің көбі жастар. Осы бағдарламамен Жастар жылын қалай сабақтастырмақсыздар?

Алтынбек Мұқышев:

- «Жастар жылы» көршілес Ресей елінде 2009 жылы аталып өтілген еді. Іргедегі елден 10 жылға артта қалып қойғандықтан, ендігі жерде уақытты тиімді пайдалануымыз керек. Жастар жылы құр дабыраға айналып, дөңгелек үстел басындағы жиындармен шектелмесе екен деймін. Ол үшін іске асатын нақты жобалар қажет. Бүгінде жастарға арналған жобалардың басым бөлігінің атауларының өзі ағылшын тілінде немесе термин сөздерден тұрады. Бұл біздің жастарды заман ағымына бағыттаған түріміз. Онымен алысқа бара алмасымыз анық. Бұған шетелден келген туристер де таң қала қоймас. Керісінше, жастарды ұлттық бағытқа икемдеп, төл тарихымыз бен мәдениетімізді саналарына сіңіретіндей атаулары бар және соған сай жобалар жасауымыз керек. Сонда ғана біз «Рухани жаңғыруға» үн қосқан болар едік. Өкініштісі, өңірдегі дарынды жастар кейде назардан тыс қалып жатады. Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығы ұлтжанды жастардың басын қосып, жұмыстарына қолдау білдірсе деймін.

Бүгінде «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, жуырда ғана Баянауыл ауданындағы белсенділер «Тайбурыл» атты акциялық жоба ұйымдастырды. Олар әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, қала тұрғындарына атқа міну мәдениетін, ер-тұрман, ат әбзелдерін тиімді түрде насихаттауда. Осындай ұтымды жобалар қажет бізге. Облыс орталығындағы 13 мектеп оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, көпшілікке үлгі көрсетуде. Аталған мектеп оқушылары ұста, шеберлермен бірге киіз үйді жабдықтауға қатысып, бесік, сандық, көне аң терілері секілді дүниелерді жинақтауда.

Бүгінгі қоғамда еңбектері онша елене бермейтін бір топ бар. Олар – еріктілер. Жастар жылында осы еріктілердің жұмыс сапасын арттыруға күш салып, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінсе дұрыс болар еді. Жуырда республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев Ертіс– Баян өңіріне жұмыс сапарымен келгенде жер-жерде жұмыс істеп жүрген еріктілерге арнайы еңбек кітапшасы ашылса деген ұсыныс айтқан едім. Ерікті болу – жүректің ісі. Әлеуметтік әлсіз топтарға өз еркімен қол ұшын беріп жүрген жандарды көтермелеуіміз керек.

Тілші:

- Іңкәр, Әмір, жастар арасында соңғы уақытта ерікті болуға ниеттілер көп. Жастар жылына орай биылдан бастап ерікті жастарға қосымша шәкіртақы тағайындалмақ. Өңір еріктілерінен қандай жаңалық күте аламыз?

Іңкәр Қанат:

- Алтынбек ағамыздың ойы көкейіме қонып отыр. Елбасының форумда «Ерікті студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға көбейтіңдер» деген сөзінен кейін замандастарымның арасында ерікті болғысы келетіндердің саны артты. Менің бірнеше жыл бойы волонтерлік жұмыстармен айналысатын таныстарым бар. Бірақ олардың осы жұмыспен ұзақ уақыт айналысатындығын айғақтайтын құжаттары жоқ. Сондықтан волонтерлерге арналған еңбек кітапшасы қолданысқа енсе жақсы болар еді. Еріктілердің көбі – студенттер. Өзектісі - жоғары оқу орындары мен колледж- дер волонтерлікпен айналысатын студенттердің жұмысына құрметпен қараса деймін. Мәселен, Әмір Рамазан екеуіміз жуырда ауыл жастарына ағылшын тілінен дәріс бердік. Екі ай бойы Тереңкөл мен Железин аудандарының 9-11-сынып оқушыларына білгенімізді үйреттік. Екі айлық еңбегіміз біздің оқу үлгерімімізге кері әсер еткені де бар. Бірақ оқу орнынан бізге ешқандай да қолдау болған жоқ. Көтермелеу жоқ жерде алға серпіліс те болмайды ғой. Сондықтан көптеген студенттер ерікті болудан бас тартады.

Әмір Рамазан:

- Біздің қатарымызға қосылуға ниетті кейбір студент жастар еріктілік тек өнер жұлдыздарын қарсы алып, түрлі деңгейдегі форумдардың ұйымдастырылуына қатысумен ғана шектеледі деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, біздегі еріктілер көмекке мұқтаж жандарға, жалғызбасты ардагерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз. Олардың үйін, ауласын жинап, кірін жуып, тамағын істеп береміз. Еріктілік – жүрекпен атқаратын іс. Осыған кей замандастарымыздың жеңіл-желпі қарайтыны өкінтеді.

Біздің осы еңбектеріміз бен ісіміз ешбір жерде бағаланбайды. Ал көршілес Ресей елінде еріктілерге кәдімгідей жеңілдіктер қарастырылған. Осындай жеңілдіктер мен еріктілерге деген қамқорлық біздің елге де қажет.

Тілші:

- Бүгінгі қорытынды сауалымыз болсын, жастардың әлеуметтік мәртебесін көтеру үшін қандай жұмыстар атқаруымыз керек?

Данияр Жұмаділ:

- Бізде бір нәрсеге назар аударту үшін сол салада міндетті түрде бір қайғылы оқиға болуы керек қой. Бірінші кезекте, өзіңнің жеке қорыңда жинаған қаржың болмаса, батпандап желкеңнен қарыз басып тұрса патриоттық жайлы ешкім де ойлай алмайды. Сондықтан ең әуелі жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз керек. Біз қазір неше түрлі ипотекалық бағдарламаларды ұсынып жатырмыз. Бірақ оның жастарға тиімділігі шамалы. Міне, осы бағдарламаларды жастардың жағдайына икемдеу керек. Сонымен қатар қазір 7-20-25 бағдарламасы бойынша жастарға сертификат беріп жатыр. Оның өзі дәрігерлерге, мұғалімдерге ғана беріледі. Ал жастардың барлығы осы екі салада ғана қызмет етіп жүрген жоқ қой. Сосын жалақысын көтеру керек. Басында баспанасы бар, жалақысы отбасын асырауға жететін жастар шет ел асып кетпейді. Жастарымыз қара жұмысқа жегіліп, жас аналар бесіктегі баласын үйінде қалдырып жұмысқа шықпайтын болады.

Айтмұхамбет Тұрышев:

- Жастарды көріп, қуанып отырмын. Біздің заманымызда Комсомол комитеті болды. Олар жастарға қатысты мәселенің барлығын түбегейлі қарастыратын. Тәуелсіз Қазақстанға да жастардың жоғын түгендеп, жол сілтейтін Жастар министрлігі керек. Одан еліміз ұтылмайды, ұтпаса. Сосын депутаттыққа жастарды көптеп ұсыну керек. Жергілікті жердің мәслихатына жастар өзін-өзі ұсынса... Жалпы, елдегі жастардың мәселесін түбегейлі шешеміз десек, жастарды билікке көптеп тарту керек.


Түйін:

Елбасы «Жастар жылында» жаңа мүмкіндіктер мен биік мақсаттарға жетуге нұсқау берді. Ендігі жерде оны іске асырудың тетігін табу - жастардың қолында. Атқарушы билік те Президент айтқан мүддеден шықса дейміз. Жастарымыз флеш-моб билеп, жеңіл-желпі шаралардың маңында жүргенде, жыл өтіп кетпесе игі.

 

«Дөңгелек үстелді» ұйымдастырғандар: Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ, Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz