Газгольдерлердің орнына ашылған сауда нүктелеріне облыс әкімі Болат Бақауов және ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бектенбай Есполов арнайы барды.

Облыс басшысы газгольдерлер орналасқан аумақты дүкендер құрылысына беру жөнінде шешім қабылданғанына үш жылға жуық уақыт болғанын атап өтті. Алайда, жобаны жүзеге асыру қарқыны әлі де жеделдету қажет ететінін ескертті.

- Мұның бәрі шенеуніктік бюрократиядан болып отыр. Бірде жер телімін рәсімдеу бойынша мәселелерді алға тартады, бірде дүкеннің орналасу өлшемдеріне қатысты наразылық білдіреді. Тағы бірде тұрғын үйлер аулаларына құрылыс жүргізуге рұқсат алу кезінде әуре-сарсаңға салады. Ал түптеп келгенде мұндай сауда нүктелерін салу үшін бизнеске барлық мүмкіндіктерді беру керек. Осылайша, басқа жағын қоспағанның өзінде кәсіпкерлер Павлодардың келбетін жақсартуға үлес қосады, - деді Б.Бақауов.

Vizit сауда желілерінің қос павильоны Тәуелсіздік даңғылы, 32/5 және Тәуелсіздік даңғылы, 23/1 мекенжайларында ашылды.

Мини-маркеттерден тұрғындар азық-түліктер мен қажетті тұрмыстық тауарларды сатып ала алады. Мәселен, мұнда нан өзіндік құнымен сатылады. Сауда нүктесін салған компания өкілдерінің айтуынша, мұндай бір дүкеннің құрылысына шамамен 21 миллион теңге жұмсалады.

- Екі ай ішінде біз мұндай бес дүкен ашамыз. Ал жыл соңына дейін тағы тоғызы тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Бір павильонда төрт жұмыс орны ашылады, - дейді «RNRGroup» ЖШС директоры Евгений Ткаченко.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, газ таратуға арналған қондырғылар орындарының көбі дерлік жекенің қолына өткізілген. Бүгінде қалған аулаішілік 20 алаң аукцион арқылы сатылымға шығарылмақ.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz