1. Рымбала Ноғайбаева

«Қызыл ту» газеті редакциясының жауапты хатшысы Айтжан Бәделхановтан соң оның орнына 1966 жылдың соңына қарай көп жыл Семей, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында облыстық орыс газетінің меншікті тілшісі, аудандық газетте редактор болып, мінсіз қызмет еткен екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, журналист Бақи аға Әбдіқадыров отырды. Ол мұндағы ішкі жұмыс тәртібін өз қолына алып, сәл өзгеріс жасағаны сол жылдары бірге еңбек атқарған әріптестердің есінде болар. Ол ағамыз жаңаша тәртіп орнатты. Апталық жоспарға алдын ала сұрыпталған мақалаларға ғана жол ашық. Көлденең қосылуға (шұғыл түрде болса мәселе басқа) есік тарс жабық. Бәкең орнатқан бұл тәртіп коллегияда қаралғасын, басшының өзі бекіткен соң, орындамай көр.

Редакцияның секретариатын әскери тілмен айтсақ, штаб дерсің. Мұнда қызметкерлердің бас сұқпайтыны кемде-кем. Сапырылысып жатады. Өйткені, ертеңгі номерге шығатын үлкенді-кішілі материалдардың бәрі де осы жерде макетке сызылып, курьер арқылы баспаханаға аттандырылады.

Аласа бойлы Рымбала Ноғайбаева апамыз Бәкеңнің 1-орынбасары, яғни оң қолы десек дұрыс. Ортадағы үстелде отырған жерінде әрең тауып аласыз. Тек басы ғана қылтия көрінетін апамыз жұмысына байланып қалған сәтте әңгімеге құлқы жоқ. Өзіне қарсы отырған Бану Шәкіроваға тек «ыммен» тіл қатады. Жан-жағына жалтақтап қарап отыру оған жат. Алаңдау дегенді білмейді. Екі көзі - тек алдына жайып салған макет бетінде. Қолында - сызғыш. Бар ынта-ықыласы макетте ғана. Басқа шаруамен шатағы шамалы. Десек те, Рымбала апамыз қолы қалт еткенде жаңадан шыққан кинофильмдерге рецензия жазатын әдеті бар. Анда-санда бір көрінгенімен, бұл қадамға көпшілігіміз бара бермейтінбіз.

Ол кезде газеттің бір бетінде бір ғана материалың болуы шарт, соңында аты-жөнің көрінсе жетіп жатыр. Бір бетте (тіпті сол күнгі номерде), өзге мақалаңа, хабар-ошар жазсаң да орын шектелген. Жанама атпен шығатын дүниең болмаса, бірақ оның өзі нотариус арқылы заңдастырылуы керек. Бақи аға енгізген осындай жүйеге шығармашылық ұжымның еті үйреніп қалған. Мұны Рымбала апамыз да қатаң сақтайтын.

Дегенмен, жазғандарың кейінгі номерге ысырыла бергенінің несі жақсы. Жастар жағы: Материалым қашан шығады, жоспарға енбей жатқаны несі? - дегендей, ол кісіні жиі жағалайды.

- Жұмысқа кедергі жасамай, әрі жүріңдер, - деп маңына жолатпайтын шайпаулау мінезі де бар. - Запаста жатыр, түбі шығады, - деп аракідік алдарқатып жіберетін жұмсақтығын да сездіріп қоятын.

Апамыз сол елуінші жылдары ҚазМУ-ді бітіргенін місе тұтпай, алпысыншы жылдың басында Алматының Жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы болған көрінеді. Дипломы екеу. Оны бізге, жастарға, мақтана көрсетіп қоятын. Ол кезде Партия мектебінде оқудың артықшылығы болатын. Қызмет бабы бойынша көтеретін кадрлар қатарына енетіні бар. Бірақ кейде олай болмайтынын да көрдік. Жоғары партия мектебінің кейбір түлектері өздерін ұстай алмай, партиялық «сенімнен» шықпай қалатындары да кездесті. Несіне жасырамыз, біздің ұжымның ішінде де ондай адамдар болды.

2. Күлбәрам Жұмашева

Күлбарам Жұмашева апамыз партия тұрмысы бөлімін басқарды. Аудандық газетте істеген тәжірибесі бар. Кеудесін кере, басын әнтек сол жағына бұра иегін көтере кердең басып жүреді. Бір көргенде ол кісі ешкімді менсінбейтіндей әсер алатыны анық. Өзгелердей емес, аға тілші Төлеубай Төлеубеков қана ол кісіге батыл, оны «жеңге» деп әзілдеп те қоятын. Аталы уәжге үндемейтін апамыз. Екеуі де тіс қаққан тәжірибелі журналист болғандықтан, басшылық сенім артып, осы аса күрделі құрылымға бекіткен оларды. Обалы не керек, екеуі ың-шыңсыз қоян-қолтық еңбек етті.

Расында, партия тұрмысы бөлімінің жұмысына жаңадан келген журналистер бірден қабылданбайды. Бұрын басқа газетте істеп, ыстық-суығын бастан кешкен, оның өзінде саяси сауатты, өмір тәжірибесінен өткен, оқыған-тоқығаны мол қызметкерлер, тіпті болмаса редакцияда екі-үш бөлімде шыңдалған кадрлар ғана осы бөлімге алынады деген қағида қатаң сақталатын.

Әрі бөлім меңгерушісінің редакциядағы бастауыш партия бюросының хатшысы деген қосалқы атқаратын міндеті тағы бар. Күлекең «коммунистерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады демесек те, партиялық тәртіпке берілгендігін әр уақытта танытатын. Жастар жағы ығып жүретін. Әйткенмен, апамыз кешірімді болатын. Сол кезде аға журналистер арасында өзара сыйластық, ілтипат, шығармашылық бәсеке бірін-бірі толықтырып, газеттің қоғамдағы орны айқындалды. Партия қатарына қолынан іс келетін жастар қабылданды. Оларды іріктеп, тәрбиелеп, өсіруде партбюроның жұмысын ширатты. Күлбарам апамыз өзіне жүктелген сенімді абыроймен ақтап, зейнет жасына дейін өнімді жұмыс жасағанын замандас- тары құрмет тұтты, лайықты бағалады.

Ашығын айту ләзім, ол осы бөлімнің жұмысын ұршықша үйірді. Сол жылдары әр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы сол ауданның (не қаланың) бірінші басшысы болып есептеледі. Ал олардың мақаласын ұйымдастыру жауапкершілікті талап ететін. Өйткені, мұның бәрі де әуелі облыстық партия комитетінің тиісті бөлімінде бекітілетін. Жоспарға сәйкес жүйелеп отыру - заң. Сондықтан оңды-солды ауытқуға жол берілмейтіні қатты ескерілетін. Шындығын айтсақ, сол материалдар орыс тілінде жазылса да (авторы қазақ ұлтының өкілі болса да), оған жоғары орындағылар ешқандай мән бермейтін, қазақшаға аударып пайдалану - қалыптасқан жұмысың.

Осыған орай әр аудандағы бүкіл келісті табыстың ұйытқысы саналатын көш бастаушы күшке айналған бастауыш партия ұйымының іс-тәжірибесіне айрықша көңіл бөлетін. Соны әр қырынан жазудың әлегі аз емес. Апамыздың ауыл коммунистерінің гегемондық ролі туралы тебірене жазған әр материалы үлгі ретінде көпке ұсынылушы еді. Ұжымның басына төнген қиын шақта, әр коммунистің үлкенді-кішілі барлық істердің алдыңғы сапында көрінуі, қандай күрделі тапсырма болсын, міндетті түрде жеңіп шығуы жазылған туындыларының арқауына айналатын. Мұндай геройлар (кейіпкерлер) іздестіруді партия көсемдері ғана ұсына алатын. Оған тұлға іспетті мән берілетін. Ал социалистік жарыс дегенімізді нағыз жұмылдырушы күш екенін паш етуден, соған сәйкес әр материалды бейімдей жазудан жалықпайтынын, содан жаны рахат табатынын лездемелерде дәлелдей айтатынына талай қанықтық. Қолдамаса, ешкім де қарсы пікір білдірмеуші еді апамыға. Міне, үстем-өктем тұрған партияның басшылығының басым тұсын осы көріністен-ақ, аңғаруға болатын шығар-ау. Сондай жауапты кездерден де әріптестеріміз сүрінбей өткенін өмір көрсетті ғой.

3. Қорлан Байжұманова

Ақын әрі журналист Қорлан Байжұманова апамыз елуінші жылдардың аяқ шенінде газет бетіне өлеңдері жариялана бастапты. Талапкер ақын ретінде танылған. Әсіресе, талантты ақын Төлеужан Исмайыловтың, Әбдікәрім Ахметовтің жақсылығын көп көргенін өзі де жасырмай айтып отырушы еді әңгіме арасында. Соған қарағанда редакцияға сол ағалардың ұсынысымен келген секілді. Бертін келе Мүбәрак Жаманбалинов және Боранғали Ырзабаевпен шығармашылық байланыста болғанын көзіміз көрді. Қорлан апай мәдениет және тұрмыс бөлімінде тілшілік қызметте жүргенде ауыл тұрмысы, ондағы мәдениет үйі, кітапханасы, білім ұясы-мектеп, үлгілі ұстаздардың тәжірибесі, ата-ана және бала тәрбиесі, жас отау иелері, қыз-келіншектердің өмір сүру салты туралы жиі қалам тартатынына куә болдық.

Барған жерінен авторлар тартуға, олардың жазғандарын көп кідіртпей, газетке шығаруда бөлім меңгерушісі Мұхаметжан Дәуренбековтің тапсырмасын орындауға күш-жігерін жұмсайтын. Расында, жергілікті тілшілермен бұл бөлімнің жинақтаған тәжірибесі басқаларға үлгі ретінде ұсынылатын еді. Алдағы айларда қандай мәселе көтеру керектігін, хат жазып, көсіле кеңес беруге әсте шаршамайтын.

Бір сүйсінерлігі - күнделікті жұмысының қарбаласқа толы болуына қарамастан, апамыз өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Алматыдағы Көркем әдебиет баспасынан екі жыр жинағы шықты. Қала мектептерінде, студенттік жатақханаларда жиі болып, әдеби кештер өткізетіні, өзімен бірге Мейрам Асылғазинді, Сәлімбай Ермұратовты, осы жолдардың авторын бірге алып жүретіні жанымызды сүйсінтетін.

Барған жерінде қазақ тілінің келешегі туралы көтерген мәселесі кәдімгідей пікірталасқа ұласатынын, одан өзінің жаны рахат табатынын бірге аралас-сырлас болған жандар ғана біледі.

Жер қозғалса қозғалмайтын, отырысы нық, әңгімесін асықпай баппен ойлана айтатын Қорлан апайды жастар да зейін қоя тыңдаушы еді. Көбіне жиналғандарға түсініксіз беймәлім жайлардың шешілуін табуға назар аударып, отырғандардың ішкі жан-дүниесіне үңілетіні де тыңдаушысын өзіне баурап алатын жасырын бір тарту күшінің бар екеніне еріксіз иланасыз.

Редакциядағы жастардың тұрмысы, тіпті күн көрісі оны бейжай қалдырмайтынын талай көрдік.

Біз, бойдақ жігіттер, қалта жұқарып, тапшылық көріп қалсақ, көп ойланбастан Қорлан апамызды жиі жағалайтынбыз. Мінезі жайдары, қолы ашық, жаны жомарт апамыз бетімізді қақпайтын, меселімізді қайтармайтын. Біз де келісілген уақытында алған пұлымызды сырт көзден жасыра әкеліп, алақанына салатынбыз. Зулап өтіп бара жатқан заман-ай, шіркін!

 

Социал ӘЙТЕНОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы.

saryarka-samaly.kz