«Мен 1979 жылы «Звезда Прииртышья» газетіне жұмысқа орналасқанымда «көрші» басылымның аға буын өкілі, тәжірибелі фотожурналист Еренбақ Әлжанов мені айрықша ілтипатпен қарсы алды. Ол тұста қазіргідей журналистерді жинап, пресс-турлар, баспасөз мәслихаттарын, жиындар ұйымдастыру деген атымен жоқ. Әр редакция өз жоспарына сәйкес жұмыс істеді. Облыстағы, әсіресе Павлодар қаласындағы тілшілер қауымы Орталық алаңдағы мерекелік шерулер мен ірі спорттық жарыстарда ғана кездесетін-ді. Сондай шерулердің бірінде Еренбақ Әлжановтың жұмысын көрдім де, қайран қалдым. Бәрімізден кеш келсе де, фотоаппаратын бір-екі рет шертті де, редакцияға қайта кетті. Бұл оның жоспарды құру қабілеті, көрегенділігі, мол тәжірибесі екенін кейін ұқтым. Біз сияқты журналистикаға жаңадан келген жігіттер әр сәтті шырт-шырт түсіре беріппіз. Ал «қызылтулық» Еренбақ ненің керек, ненің қажет емес екенін анық білетін. Оның жарықты қоюы, түсіру әдісі кәсіби тұрғыдан шыңдалғаны анық көрініп тұрды. Біз де одан қалыспай, иық тірестіре жұмыс істеуге ұмтылатынбыз.

Ол кездері облыстық екі газет пен аудандық басылымдардың редакциясын баспа, полиграфия және кітап саудасы мәселелері жөніндегі облыстық басқарма қамтамасыз ететін. Алдын ала берген тапсырысымызға сәйкес керек-жарақты сатып алып, үлестіріп береді. Фототілшілердің жұмысы қазіргідей бір түймешікті басып қалып, оны компьютерге ауыстыру сияқты оңай болмайтын. Суретке түсіріп келген соң пленканы шығарасың, кептіресің, басасың, бетін жылтыратасың, сосын қиясың да, жылдам хатшылыққа жеткізесің. Себебі сол тұста облыстық басылым аптасына бес рет шығып, аспай-саспай жұмыс істейтін уақыт болған жоқ.

Фотографтың басты қаруы пленка емес пе? Фотоаппаратқа керек құралдарға белгілі бір сома бөлінетін. Еренбақ орталық әмбебап дүкеніне барады да, 65 бірлікті пленканы сатып алады. Одан көрген ең жоғары бірлікті таспа – 130. Ал мен Алматыдағы достарым арқылы 400 бірлікті пленканы алып, соны пайдаланатынмын. Бірнеше рет қысылтаяң кездерде Еренбаққа қолымдағыны беріп, көмектескенім бар еді.

Еренбақ сол бір жақсылығымды өле-өлгенше ұмытқан жоқ. Менде фото шығаратын қағаз таусылып қалса бере қойып, әрдайым көмек көрсетуге әзір еді. Сөйтсем, артық қалған қағаздарды қоқысқа лақтырмай, жинап жүреді екен. Тағы бір үнемшілдігі – фото шығаруға қажет сұйықтықты біз сияқты төгіп, үнемі ауыстырмай, металл ыдыста қыздырып алуы. Мұндай әдісті Қазақстанда тек бір адам – фотожурналистиканың мэтрі, «Целиноградская правда» газетінің қызметкері Юрий Казаковтан көрдім.

Еренбақтың кәсібилігінен бөлек, адами қасиеттері ерекше атап өтуге тұрарлық. Біреуге қабақ шытып қарағанын, әлденені жақтырмай тұрғанын мүлде көрген емеспін. Әрдайым жайдары, көңілді, айналасына нұр шашып жүретін. Соңынан ерген әріптестерінің жасына, ұлтына, жұмыс істейтін орнына қарамастан бауырмал аға, тәжірибелі әріптес, білікті ұстаз бола білді.

Негізі, суреттің жақсы шығуы фотоаппараттың сапасына емес, оны қолына ұстаған адамға байланысты. Фотоны барлығы бірдей көреді, тек бірен-сараны байқайды, оның «тілін» ұғынады, мағынасын түсінеді. Еренбақ Әлжанов дәл сондай адам еді. Оның суреттері «сөйлейтін». Өкінішке қарай, бүгінгі таңда оның ізін лайықты жалғастырар жастар аз...

 

Жазып алған – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz