Тарих парақтарына көз жүгіртсек, баспалық бұқаралық ақпарат құралдары талай кезеңдерді бастан өткерді. Дегенмен еліміздің баспасөз саласы тәуелсіздік жылдары қайта түледі. Тоқсаныншы жылдардың ортасынан ана тілімізде шығатын газет-журналдар компьютерлік нұсқаға біржола көшті. Компьютерлік жүйенің дендеп енуі дизайн терминін баспасөзге енгізді. Қазір әр газеттің қалыптасқан өз дизайндық дәстүрі бар. Басылымды тартымды етіп безендірудің өзіндік орны бар екені даусыз. Бұл ретте оқырман үшін «Сарыарқа самалы» газетінің кез келген нөмірі де бірден көзге жылы ұшырай басылатынына сенімдіміз. Өйткені, бұл жолда басылымның беттелуі мен айна-қатесіз шығуы үшін жұмыс істейтін жандардың өлшеусіз еңбегі жатыр.

Тарих еншісіндегі «Сарыарқа самалы» мен қазіргі нөмірлердің арасында үлкен айырмашылық бар. Әрине, оған компьютерлік цифрлық техниканың дамуы өзіндік үлесін қосып келе жатқанын да мойындау керек. Таза әрі тиянақты, ұқыпты жасалған дизайн газеттің экономикалық жағдайына да тиімді әсер етеді. Сол арқылы ол бәсекелестерінен оқ бойы озық шығып, оқырманды жаулап алады. Редакцияның ішкі зертханасында газеттің беттелуі мен безендірілуі ерекше орын алады. Өйткені, көптеген оқырман алдымен газеттің материалдарының мазмұнына емес, оның кескін-келбетіне, тақырыптарының тартымдылығына назар аударады. Ал ондағы айна-қатесіз жазылған мақалаларға корректорлар жауаптанса, беттеушілер де олардан қалыспай, тақырыпқа өзіндік рең, ерекше сипат беруге тырысатыны белгілі.

90 жылдық тарихты артқа тастаған ата басылымның бүгінгі технологиялық жаңашылдықтарды бағындыруы - өз ісіне жан-тәнімен берілген беттеушілер Нұрлан Жанарбаев пен Санитас Иманғазинаның еңбегі. Жас мамандар Маржан Шекенова мен Нұрбек Кожиковтің де бұл салаға терең бойлап келе жатқанын байқауға болады. Ал газеттегі материалдардың қатесіз шығуы тікелей корректорлардың еңбектерінің нәтижесі десе де болады. Мақаланы оқып, қателерін жөндеп, басылым корректурасын түзетумен айналысатын мамандардың еңбегі - көзге көрінбегенімен, газеттің шығуында айрықша рөл атқаратын маңызды жұмыстардың бірі. Бұл ретте редакцияда 15 жылдай қызмет етіп келе жатқан Зәмзәгүл Оспанова мен Айман Иманғазина осы жылдар аралығында небір бұралаң жолдардан қайыспай жүріп өтті. Өз қатарластарымен газет жұмысының көзге көрінбейтін, бірақ бір сәт дамыл таппайтын ішкі шаруаларының иін қандырып, тап-тұйнақтай тындырып отырды. Қазіргі уақытта олар газет талаптарын жете меңгерген, тәжірибесі толысқан, қырағы көз корректорға айналды.

Осындай қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін кәсіптен нәсібін теріп, тапжылмай қызмет атқару кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Ол үшін мол сабырлық пен өз ісін сүйетін нағыз маман болуы керек. Осы мамандардың бойынан өз кәсібіне деген адалдықты аңғаруға болады. Жаңашылдықты сүйетін, әр істе жауаптылықты сезінетін осындай мамандар оқырман сенімін абыроймен атқаратынына бек сенімдіміз.

 

М.АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz