Борыш

1929 жылы 15 ақпанда алғашқы нөмірі жарық көргенде «Кеңес туын» шығарушы ағалар осынау басылымның ел аман болса, ұзақ жасарына сенгені кәміл. Түркітанушы ғалым, академик Бейсенбай Кенжебаев атамыздың қолы қойылған сол бір газет - үлкен тарихтың басы.

Дәуір талабына сай әуелде округтік газет болып ашылған басылым кейін «Колхоз» аталды, 1938 жылдан Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті болып шықты. 1991 жылдың 26 қыркүйегінен «Сарыарқа самалы» деген бүгінгі ерекше құлаққа жағымды, көзге ыстық көрінетін атауын алды.

Аталған оқиғалардың көпшілігін бұған дейін газетімізде егжей-тегжейлі жазып-жариялаған едік.

90 жылдық кезеңге жете отырып, біраз көне дүниелерді қайтадан салмақтап, әлі де болса білетінімізден білмейтініміз көп екенін түйсіндік.

Себебі тоқсан жылдың тарихы расында терең.

Тоқсан жылда тұтас бір дәуірдің үні бар.

Тоқсан жыл – еліміздің басынан небір алмағайып кезең өткен уақыт. Газет те одан тысқары болмаса керек.

Тоқсан жылда газеттің де, журналистердің де тағдыры сан түрлі болды.

Архивтік құжаттарды ақтара отырып, бұған көз жеткіздік.

Мәлімет үшін айтып өтсек, Бейсенбай Кенжебаевтан кейін газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Балтабек Асанов, Әлімбек Жанғабылов, Әубәкір Аяпбергенов, Сары Мыңбаев, Хамза Сыздықов, Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров, Асыл Әбішев редакторлық етті.

Осы жылдар ішінде газеттің шеберлік мектебінен елімізге белгілі журналистер, ақын-жазушылар, ғалымдар өсіп-өніп шықты. Газет қабырғасында шығармашылығы бастау алған Қалижан, Қайыржан Бекқожиндер, Зейін Шашкин, Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаев, Нұтфолла Шәкенов, Төлеужан Смайылов, Аманжол Шамкенов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мүбәрак Жаманбалинов, Рамазан Тоқтаров, Мейрам Асылғазин, Нәсиполла Есімов, Жанат Тұрғанбеков секілді ақын-жазушылар тұтас қазақ халқының мақтанышы атанды. Газет мәдени саланың да жаңғыруына өшпес үлес қосты. Әнші Естай, Майра, төкпе жырдың дүлдүлі Иса туралы тың деректерге құрылған мақалалар газет бетінде жарияланып отырды.

1963-1965 жылдары «Қызыл ту» газетінің жабылып (тың игеруші солтүстік 5 облысқа ортақ «Тың өлкесі» газеті жарық көрді), кейін оқырманымен қайта қауышқанын да бөліп атап өткен жөн. Бұл жағдайдың бәрі газеттің сол кезде халықпен тыныстас болып, табысты сәттерді, күрделі кезеңдерді бірге бөліскенін айғақтайды.

Міне, тың игеру тұсында қазақ газеті жабылғанда, орыс тіліндегі басылым қалалық газет ретінде жарық көріп тұрды. «Қызыл ту» қайтадан қашан ашылады?» деген сұрауларға жергілікті билік: «Газетті қайта жаңғырту көзделіп отырған жоқ» деген тілдей ғана жауап берген. Бәрібір намысы қайнаған журналист ағаларымыз қоярда-қоймай мәселені шешкізіп, арада екі жыл өткенде «Қызыл ту» қайта оралды. Оқырмандарды қайтадан көбейту бойныша тілшілер барлық аудандарда тынбай еңбек етіп, насихат жүргізді. Осындай бір кезең өткен бастан.

Тоқсаныншы жылдардың да өзіндік сынағы алдан тосты. Тәуелсіздік рухы қайта маздаған тұста, «елім-жерім» деген ағалар-әпкелер, журналистер мен ел азаматтары тағы да төбе көрсетті. Жұртшылық арасында қазақ газетінің көсегесін көгертелік деп, ауызбіршілікке шақырған ағалардың, апалардың біразы бұ дүниеде жоқ. Десе де, істері қалды. Ел айтады әлі күнге. Өндіріс орындарында басылымды таратуға тізе қосып, жанашырлық танытқан тұлғалар арамызда бар. Бұл жағынан алғанда, газеттің маңдайындағы бағы бес елі.

Қазақ газетті «бабама қатысты не бар?» деп оқиды.

Қазақ газетті «балама не береді?» деп іздейді.

Бүгінде оқырмандарымыздың арасында «Қызыл ту» газетін әкесінің көзіндей көретіндер бар.

«Әкеміз мақала жазып тұратын, жаздырып алатын еді» деп жылы сүйіспеншілікпен еске алушылар көп.

Ауыл-ауылды аралап жүргенімізде, дөңгелек үстелді «Сарыарқа самалы» газетін оқу үшін жазатын отбасын көрдік. Қазақта дөңгелек үстелді тек ас ішуге ғана емес, газет оқуға да жаяды. Қандай зор құрмет!

Тағы бір ақиқат – қазақ баласы газеттің сөзін шындықтың сәулесі деп бағалайды. Қазіргідей ақпарат атаулы «жер-көкті жаулаған» заманда да, газетте жазылған сөзге иланып, соған тоқтайды.

Мұның бәрі – борыш. Кешегі ағаларымыздың да еңбегі – борышын өтегені. Оқырманның да газет іздегені – өзінің борышына адалдығы.

Тағзым

«Аруақ разы болмай, тірі байымайды». Бұл - тоқсан жылдық белеске жеткен «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы бірден санада жаңғыртқан ой. Қазақы дүниетанымға салсақ, тарихқа, өткенге тағзым ету мерейтойдың алғы шарты болуға тиіс. Осы орайда кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін қайтып келіп, газеттің қабырғасында еңбек еткен ағаларымыздың тұрған үйлеріне естелік тақта орнату идеясы туды. Бұл жерде осы ағалардың алдын көрген, тәлімін алған, жанында бірге жүріп, қызғылықты әңгімелеріне куә болған ардагерлер Тұрсынбай Ибадуллин, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Социал Әйтенов, тағы басқа үлкендердің жөн сілтеуі бізге таптырмас көмек болды.

Осылайша, Ұлы Жеңістен кейін редакцияда қызмет еткен ағалардың есімін жағыртуды құп көрдік. Атап айтқанда, «Қызыл ту» газетін 19 жыл бойы басқарған (1962-1981) Сұбыхан Шошанов, редактордың бірінші орынбасары Жылқайдар Қарпықов, редактордың орынбасары болып қызмет істеген Кәрмұқан Бекбергенов, ұзақ жылдар бойы өнеркәсіп саласын жазған Әбдіш Баймұрзиннің естелік тақталарының нобайын әзірлеп, тиісті құжаттарды құзырлы мекемелерге жібердік. Белгілі журналист, соғыс ардагері Бақи Әбдіқадыров ағамыздың ұрпақтары да бұл іске атсалысып, Бақи ағаның естелік тақтасын әзірлеп қойған екен.

Осы орайда, қажетті құжаттар мен деректердің көшірмелерін тауып берген облыстық мемлекеттік архив мекемесіне, Павлодар қалалық әкімдігіне зор алғысымызды білдіреміз.

Тоқсан жыл тамырсыз мереке емес. Олай болса, алдымен аруақ алдында бас исек, қазақы табиғатымызға жарасар.

Айта кетелік, редакция ғимараты сыртында «Қызыл ту» газетінің 50 жылдығына орай (1979 жылы) соғысқа аттанып, майданнан оралмаған журналистердің аты-жөндері жазылған ақ мемориал тақта ілулі тұр. Мұндай тағылымды істер мерейтойлар сайын жалғасып, жаңарып, жетілдіріліп отырса, құба-құп. Қазақтығымызға лайық әрекет қой, есті ұрпақ аман болсын.

Таным

Бүгінде «Сарыарқа самалы» газетінде еңбек етуші қызметкерлер кешегі ағалар салып кеткен сара жолды лайықты жалғастырып келеді деген сенімдеміз. Бұған журналистердің жылма-жыл респуб-ликалық түрлі бәйгелерден, сөз сайыстарынан жүлделі оралып, есімдері аталып отыратыны айғақ. Десе де, әуелі алдымыздағы ағаларға құрмет көрсету, солардың өнегесін ұстану – дәстүр.

2000 жылдар басында «Сарыарқа самалы» газетінің бір толқынмен келгендей ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келген журналистер құрметті демалысқа шығып кетті. Осы заңдылықты ерте байқаған сол кездегі бас редактор Мұхит Омаров бірден ауыл-аймақтан жазуға талабы бар жастарды жинап, баулыды. Екіншіден, өңірде студент жастарды оқыту қолға алынды. Редакция жанынан «Жас қалам» жас тілшілер мектебі жұмыс істеді. Тәжірибелі журналистерден тәлім алған жас талапкерлердің арасында өзімнің де болғанымды осы күні мәртебе санаймын.

Айтайын дегеніміз, қызметке жаңадан орналасқан осы жастар редакция дәлізінде еңселі аға-әпкелерден тәрбие алды. Қажымұрат Смағұл, Төлеубек Қоңыр, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов сынды ағалардың алшаң басқан жүрісі, маңғаз кескін-келбеті, май тамған сөздері – бәрі шын мағынасында өнеге болатын. Қазірде буын алмасып, кейін келген жастар бар. Бірақ олар біз тәрізді алдыңғы толқынның алдын көрмегендіктен, бұл сөздерді жете түсінуі екіталай. Басы қосыла қалса, шешендік әңгімелердің тиегін ағытатын ағалардың тәлімін алу тағдырдың маңдайға бұйыртқан бағы болса керек.

Бүгінде, шүкір, редакцияда жастар баршылық. Олардың дені – осы жерде алғаш еңбек жолын бастағандар. Тырнақалды туындысы - осы топырақтан. Өніп-өскені, көзін ашқаны - осы редакция. Бабы да, бағы да келіскен журналистер талай бәйгеде шашасына шаң жұқтырмай келер деп сенеміз. Бастысы, олар осы жерден тамыр тартты. Оларға қойылатын талап, жүктелетін сенім тіпті зор.

Тамыр демекші, бүгінде «Сарыарқа самалы» газетінде еңбек жолын бастап, кейін республикалық деңгейде еңбек етуші әріптестеріміз де бар. Қазірде қазақ журналистикасының төресі саналатын Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омарханов ағаларымыздан бастап, бертінгі Айбек Қобдабай, Фархат Әміреновтер осы газеттен қанат қақты. Олар жүрген жерінде томағасын сыпырған газет туралы айтатынына сенімдіміз.


Түптеп келгенде, «Сарыарқа самалы» газеті - көптеген қаламгерлерге қуат берген, бауырын көтерген қара шаңырақ. Осы шаңырақтың берекесі арта түсуін тілеген қауымға мың да бір мадақ! Мерейтойымыз құтты болсын! Қазақ газеті әрдайым төрден табылсын!

saryarka-samaly.kz