Бәріңізді аймағымыздың басты басылымы, тарихы терең, тағылымы мол «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

«Сарыарқа самалы» газеті алғаш құрылған 1929 жылғы 15 ақпаннан бастап, өлке шежіресін газет беттеріне қаттап, облысымыздың тыныс-тіршілігінің барометрі ретінде қызмет етіп келді. Кеңестік идеологияның әсерімен алғашқы кезеңде «Кеңес туы», «Колхоз», кейін «Қызыл ту» деген атаулармен жарық көрген газет еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң құлаққа жағымды, айтылуы әуезді «Сарыарқа самалы» деген атауды иеленді. Газеттің алғашқы редакторы қазақ филология ғылымының негізін салушы, түркітанушы, әдеби сыншы Бейсенбай Кенжебаевтың соқпағын жалғаған жаңа буын газеттің безендірілуіне, айдарлардың түрлендірілуіне, газет тілінің көркемдігіне баса назар аударып, орталық деңгейдегі баспасөзбен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жетіп отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде газеттің Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық «Алтын Жұлдыз» дипломына, көптеген республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болуын, газет тілшілерінің түрлі шығармашылық байқауларда топ жаруын айтуға болады.

«Сарыарқа самалы» - өңірімізден шыққан балалар әдебиетінің классигі, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ардагер-жазушы Мұзафар Әлімбаевтың тырнақалды туындыларын басып шығарған, жастардың жастанып оқитын кітабы – «Махаббат, қызық мол жылдар» романының авторы Әзілхан Нұршайықов сынды елімізге кең танымал дарындарға қанат қақтырған белді басылым. Газетте түрлі кезеңде қызмет еткен ақын Мүбәрак Жаманбалинов, өнертанушы Айтжан Бәделханов, ардагер журналист Төлеубек Қоңыровтың есімдері елімізге кеңінен танымал.

Газет редакторы болып қызмет атқарған Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлғожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров сынды ағаларымыз «Сарыарқа самалын» өңірдің әр тұрғыны іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымына айналдыра білді.

«Сарыарқа самалынан» түлеп ұшқан жас буын журналистер кейін өңірімізге сыйлы, ойы оралымды, қаламы қарымды жазушыларға айналды.

«Сарыарқа самалы» газетінде өз ісінің нағыз білгірлері жұмыс істейді. Газет бетінде күнделікті жаңалықтар ғана емес, өңір тұрғындарының өткір мәселеге қатысты ой-пікірлері, шалғайдағы халықтың хат-қоржындары, уытты әжуа мен шымшымаға толы сатиралық айдар, балдырғандарды аса қызықтыратын «Айналайын» қосымшасы да жарық көреді.

Газеттің 15 мыңыншы нөмірі жарық көрген кезеңнен бері де біраз уақыт өтті. Бір адамның ғұмырына тең 90 жылдық мерзім аз уақыт емес. «Сарыарқа самалы» газеті алдағы уақытта да өзіне лайықты абырой биігінен көрініп, облыс жұртшылығын жағымды жаңалықтармен қуанта берсін деп тілеймін!

 

Ізгі тілекпен, Болат БАҚАУОВ, Павлодар облысының әкімі.

saryarka-samaly.kz