Сіздерді маңызы зор елеулі оқиға – «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын!

Кереку өңіріне ғана емес, бүкіл еліміздегі көзі қарақты оқырман қауымға етене таныс газеттің тарихы тым тереңде жатыр. Бұл ретте халықтың мұң-мұқтажы мен мақсат-мұратына қызмет еткен абыз басылымның мерейлі тойы баршамызға ортақ. Облыстың өткенінен сыр шертіп, бүгінінен ақпарат беріп отырған «Сарыарқа самалының» бетіндегі өзекті материалдарды мен де үнемі қадағалап отыруға тырысамын. Өйткені, бұл газет – қастерлі өлкенің үнжариясы ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеуші, келешек қайнары.

Халқымызда өткен тарихқа тағзыммен қарау – ата дәстүрі. Байырғы басылым талай жас дарынның талантын шыңдап, бірнеше буын ұлт зиялыларының тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Ел ардақтылары салып кеткен сара жолды бүгінгі редакция ұжымы абыроймен жалғастырып келеді деп сеніммен айтуға болады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатын, күнделікті өмірдегі қоғамдық құбылыстарды, әлеуметтік-экономикалық реформаларды зерделей отырып, жергілікті оқырманға шынайы жеткізуде «Сарыарқа самалы» газеті алдағы уақытта да отандық медиа-кеңістікте лайықты орын алады деп ойлаймын.

Газет ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өркенді өріс және асқаралы асуларға жетуді тілеймін. Оқырмандармен, елмен бірге жасай беріңіздер!

 

Ізгі ниетпен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Астана, Үкімет Үйі, 2019 жылғы ақпан.

saryarka-samaly.kz