Қазіргі буынның ақпарат қабылдау ерекшелігі, мінез-құлқы тіпті өзгерген. Біз дәстүрлі медиа арқылы олардың көңілін таба бермейтініміз анық. Көбін экранның ар жағынан көруге дағдылануда. Оқырмандардың, кез келген адамның кезіндегі аға буын шығарған газеттің тігінділерін электронды формат арқылы оқып, таныса алуы – қазіргі технологияның ұсынған мүмкіндігі. Қазір облыстық кітапханада ескі сандарды көшіру жүргізіліп жатыр. Ол кейін интернет желісіндегі ашық ресурсқа жүктеліп, көпшілікке қолжетімді болады дейді мамандар.

Басылымның электронды нұсқасын жасау - облыстық кітапхана мен облыстық мемлекеттік архивтің және қаладағы музейлердің бірлесуімен жүзеге асып жатқан іс.

- «Павлодар облысындағы баспа-сөздің электронды архиві» деп аталатын жобада А1 форматындағы кәсіби сканері пайдаланылуда. Бұл құрылғы арқылы цифрлауда ультракүлгін және инфрақызыл сәулелену деген атымен жоқ. Сәйкесінше түпнұсқаға еш зиян келмейді. Газет нөмірлерін цифрлы тасымалдағыштарға көшіру нәтижесінде ақпараттық ресурстарымыз толыға түседі әрі оларды сақтау мерзімі ұзарады, - дейді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана директоры Шолпан Шахметова.

Қазіргі уақытта «Сарыарқа самалының» 1943 жылдан, ал облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің 1950 жылдан бергі шығарылымдарының жалпы саны 1750 нөмірі электронды түрге көшіріліпті. Кез келген адам компьютердің көмегімен ескі нөмірлерді шыққан уақыты бойынша іздеп, лезде тауып ала алады. Ал тарихи маңызға ие түпнұсқасына қол тигізбестен, ұзақ уақытқа дейін сақтаудың мүмкіндігі зор.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz