Көрмеге келушілер XVII ғасырда аудан аумағында Тереңкөл болысының болғандығы, оны Жанкариндер әулеті басқарғаны жөнінде толық мағлұмат алу мүмкіндігіне ие болды. 5 бөлімнен тұратын көрмеде қонақтардың назарына б.з.д. IV-V ғасырларда ерте темір дәуіріндегі қорғандардан табылған құнды жәдігерлер, Қимақ жауынгері киген бас киімнің реконструкциясы ұсынылды. Сонымен қатар, Тереңкөл ауданының қасиетті жерлерінің тізіміне енген Сейділда қажының қолтаңбалары да орналасқан. Қонақтар көне заманнан келе жатқан ұршық, ағаш табақ, күміспен қапталған ер тоқым, т.б тұрмыстық бұйымдармен танысты. Бұдан бөлек, ауданнан шыққан Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ҚР еңбек сіңірген әртісі, балерина А.Асқарбекова, айтыскер ақын А.Әлжановтың фотосуреттері мен жеке заттары да көрмеден орын тапты.

- Көрмеде ауданда өлкетану жұмыстарын жүргізу барысында табылған деректер мен тарихи мәліметтер, қасиетті орындар туралы мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Мысалы, Сейділда қажының орны қасиетті деп танылған болатын. Осы атамыздың жеке заттары әкелінді. Зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде Тереңкөл болысы болған Ілияс Жанкарин туралы деректер де көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл көрме арқылы қонақтар аудан тарихынан мол мағлұмат алады деген ойдамын, - дейді Тереңкөл ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Бектасова.

Аудан тарихынан сырт шерткен көрмеде жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Өнерлі жастар ұлттық аспаптар - жетіген, домбырамен халық әндерін шырқап, келушілердің ыстық қошеметіне ие болды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz