Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында халқымыздың ұлттық өнерін кеңінен насихаттау керек деген тапсырма берген болатын. Міне, Мемлекет басшысының осы ұсынысын «Нұр Отан» партиясы бірден іліп әкетіп, дәстүрлі өнер керуенін жолға шығарды. Шараның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев ашып, халқымыздың сан ғасырлық мұрасын талмай арқалап жүрген өнерпаздарға алғысын білдірді.

- Қазақ өнеріне Иса мен Майраны, Естай мен Иманжүсіпті берген қасиетті Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіздер. Өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу үшін осы концерттік шараға жастарымызды көптеп шақырттық. «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі еліміздегі дәстүрлі музыканың дамуына сүбелі үлес қосады деп сенеміз, - деді Мейрам Мұхамедрахымұлы.

Ұлттық музыка кешін Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, атақты жыршы-жырау Алмас Алматов жүргізді. Ол сахнада орындалған әрбір ән мен күйдің мағынасына және шығу тарихына қатысты естеліктер айтып, мол мағлұмат беріп отырды. Ал қазіргі дәстүрлі ән өнерінің көшін бастап тұрған Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Жәкен Омаровтар мен күйші Батыржан Мықтыбаев, Әсел Арғынова, сыбызғышы Архат Қайратұлы сынды өнерпаздардың арнайы келіп өнер көрсетуінен бұл өнер кешінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Көрермендер де дән риза. Тіпті, Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Жәкен Омаровтардың өнеріне деген халықтың ықыласы аса жоғары болды. Әншілерге көрсетілген ерекше қошемет пен үздіксіз соғылған шапалақ оларды бір әнмен жібермеді. Көрерменнің сұрауы бойынша олар екі-үш әннен орындады.

Сонымен қатар, концертке өңіріміздің дәстүрлі әншілері мен күйшілері де қатысты. Олардың қатарында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері Жанболат Байсолтан, Медғат Манапов, Павлодар музыкалық колледжінің директоры Серік Сыздықов, аталған колледж жанында құрылған «Еркеназ» тобы бар.

- Өнер өзінің мұрагер ұрпақтары арқы- лы дәстүрлік сипатқа айналады. Міне, сонда ғана жалпы халыққа рухани азық болар дәрежеге жетеді. Бүгін Павлодарға үлкен өнер керуені келіп отыр. Бұл – қарт Ертістің жағасы талай тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Ертіс-Баян десе алдымен Естай, Исалар еске келеді. Сондықтан бұл жақтың халқы ұлттық өнерді, дәстүрлі ән мен жырды жанымен сүйетініне еш күмән жоқ. Мұндай сахнада өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне кенелу - біз үшін үлкен мәртебе, - деді жыршы-жырау Алмас Алматов.

Концерт соңында ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеп, халықты ұлттық өнермен сусындатып жүрген өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz