Білім беру саласындағы бұл жаңашылдық жаңа стандарттар мен нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы және әлемдік тәжірибеге сүйену негізінде енгізілген. Сала жетекшілері осылай дейді. Десе де, қоғамда бұл мәселе қызу талқыға түсуде. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Әлия Серікбаева қызының жасы оқу бағдарламасын меңгеруге дайын емес екенін айтады.

- Өткен жылы тұңғышым 7 жасында мектеп табалдырығын аттады. Қазіргі жаңартылған білім мазмұнына сәйкес, оқу бағдарламасының күрделі екенін білесіздер. Ұлым балабақшада мектепалды дайындықтан өтсе де, мектеп бағдарламасын меңгеруде қиналды. Соның салдарынан әкесі екеуімізге салмақ түсті. Себебі үйге берілетін тапсырманың көптігінен баланы оқудан қажытып алғандай болдық. Енді бала мектепке 6 жастан барады дегенді естіп, не істерімізді білмей отырмыз. Жақында қызым 6-ға толады. Бірақ тұңғышымыздың жағдайына қарап, оны мектепке бергіміз келмейді. Ол әлі ойын баласы ғой. Мұндай талап баланы оқуға деген құлшынысынан айырады деген ойдамын, - дейді ата-ана.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев өткен жылы 1-сыныпқа баратын балалардың жас ерекшеліктеріне аса көңіл бөлінбесе, биылдан бастап талап өзгергенін айтады. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнама 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толған балаларды мектеп табалдырығын аттауға міндеттеп отыр. Құжатта аталған датаға дейін, яғни қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 6 жасқа толмағандар мектепке барудан бас тарта алады. Бұдан бөлек, денсаулығы нашар балалар да бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Ол үшін психологиялық, медициналық және педагогикалық комис-сияның анықтамасы болуы тиіс. Осы аталған жағдайларда ғана ата-ана құқығы ескеріледі. Сондықтан қыркүйек айында әр отбасы 6 жастағы баласын мектепке беруге міндетті. Әйтпесе, заң алдында жауапқа тартылады. Бұл іспен облыстық білім беру саласын бақылау департаментінің мамандары айналыспақ.

Ата-аналардың қалауымен 6 жасқа толмағандардың да оқушы қатарына қосылуына болады екен. Өткен жылы мектеп табалдырығын аттаған балалардың 56 пайызы 6 жастағы балалардың үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, 307 бала жоғарыда аталған 6 жасқа толмай-ақ, оқушы атанған. Биыл біздің облыста мектепке дейінгі ұйымдардағы дайындық және ересек топтардан 11 мыңға жуық бала шығады деп жоспарлануда. Оның ішінде 6 жастағы балалардың саны 7,5 мыңға жуықтаса, 7 жастағы балалардың үлесі 3 мыңнан асады екен.

- Бұл жаңашылдыққа қатысты ата- аналардың күдігін түсініп отырмыз. Олар балаларын 6 жасында мектепке беру ерте деп есептейді. Мұндай орынсыз күдіктен арылу керек. Себебі балабақшаларда мектепалды даярлық топтары жұмыс істейді. Олардың оқу жүйесі балаларды мектеп біліміне баулуға бағытталған. Ал мектепалды даярлықтан өтпеген 5-6 жас аралығындағы балалар үшін оқу жылы алдында, яғни, жазғы уақытта мектеп ішінен тегін курстар ұйымдастырылады, - дейді Жомарт Қарамбаев.

Осылайша, жоғарыдағы аталған жаңашылдыққа сәйкес, алдағы оқу жылы 1-сыныпқа 5, 6 және 7 жастағы балалар барады. Олардың жас ерекшеліктеріне қарамастан оқу үлгерімдері қатаң сынға алынбайды деп отыр мамандар. Яғни, мектеп табалдырығын енді аттаған балғын толыққанды оқып, жазып білуі міндетті емес. Педагогтар әр баламен жас ерекшелігіне қарай жұмыс істейтін болады.

Аталмыш жағдай бойынша Павлодар қаласындағы мектептердегі дайындық жұмыстарын білу үшін Павлодар қаласы білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Қыдыралинмен сөйлескен болатынбыз. Оның айтуынша, осы жаңашылдық бойынша хабарласып жатқан ата-аналар саны көп. Мамандар қоңырау шалып, қабылдауға келген әр адамға заңдағы жаңа талаптарды түсіндіруде.

- Білім беру бөлімінің мамандары балабақша басшыларымен кездесіп, аталмыш жағдайды талқылаған болатын. Ата-аналардың қалауы бойынша тәрбиешілер балаларды мектепке дайындап, жазу мен оқуға үйрету үшін тегін курстар ұйымдастыратын болады. Ал үйде отырған балалар үшін мектептерде тамыз айында осындай курстар өткізілетінін білесіздер. Енді ата-аналарға ыңғайлы болу үшін бұл жұмыстарды наурыз айында бастамақпыз. Яғни, 1 наурыздан бастап ата-аналар мектептерге өз еркімен хабарласып, қажетті ақпарат ала алады. Бұл ретте балаларды 1-сыныпқа қабылдайтын мұғалімдер аптаның сенбісінде дайындық жұмыстарымен айналысатын болады. Бұдан бөлек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өткен жылы қазан айында шыққан №564-ші бұйрығына сәйкес, мектепке бала кез келген оқу үлгерімі бойынша қабылданады. Егер баланың оқу мен жазудан хабары болмаса да, оқушы атанбақ. Оларға педагогтар көмектесуі тиіс. Сондықтан уайымдаудың қажеті жоқ. Мектепке қабылдау құжаттары 1 маусым - 30 тамыз аралығында жүргізіледі. Баланы мектепке беру мәселесі бойынша 8 (718 2) 65-04-27 нөміріне, ал балабақшаға қатысты сұрақтары бар адамдар 32-80-35 нөміріне хабарласа алады, - дейді Қ.Қыдыралин.

Мұндай жаңашылдықты жатырқамауға шақыратын ата-аналар да кездесті. Мәселен, 3 баланың анасы Бикеш Солтанова ұл-қызының мектепке ерте барғанын айтады.

- Бұған дейін мектепке қабылданатын балалардың жас ерекшелігіне ешқандай талап қойылмаған еді. Десе де, балаларымның барлығы 1-сыныпқа 6 жастан қабылданған болатын. Қазір үлкенім 9-сыныпта, кенжем 4-сыныпта оқып жүр.

Аллаға шүкір, барлығының оқу үлгерімі жақсы. Әу баста сабақтарына әкесі екеуіміз кезектесіп көмектескен едік. Қазір үй тапсырмасын өздері бірлесіп орындайды. Сондықтан жаңа талапты үлкен мәселе көрудің қажеті жоқ деп ойлаймын, - дейді ол.

Мамандар аймағымыздағы мектептер 6 жасқа толған барлық баланы мектепке қабылдауға дайын деп сендірді. Сонымен алдағы оқу жылында аймағымыз бойынша 13 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарлануда.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz