Әкімдер - әлеуметтік желіде

Облыс орталығының Естай атындағы қалалық мәдениет сарайына 900-ге жуық тұрғын жиналды. Шараны облыстық «Ertis» телеарнасы және «Pavlodarnews.kz» ақпараттық порталы онлайн режимде таратты. Сондай-ақ, есептік кездесуге еліміздің Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бектенбай Есполов және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Бас инспекторы Марат Жексембин, облыстың барлық деңгейдегі әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, зиялы қауым, жұртшылық өкілдері қатысты.

Өткен жылы облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде 46 өтініш келіп түскен. Олардың 25-і жедел түрде шешімін тапты. Қалған 21 өтініші бақылауға алынған. Бүгінге дейін оның 11-і оңтайлы шешілсе, 2-уі бақылаудан алынып тасталып, 8-іне қатысты жұмыс жүргізілуде. Аймақ басшысы павлодарлықтар тарапынан келіп түсікен арыз-шағымдарды мұқият қадағалайтынын айтты. Өз қарамағындағыларға да осындай қатаң талап қойып келеді. Жыл басынан түрлі деңгейдегі әкімдермен 518 есептік кездесу ұйымдастырылып, онда 32 мың тұрғын қамтылыпты. Аталған кездесулерде 1066 өтініш пен ұсыныс айтылған.

Облыс әкімі Б.Бақауов билік пен бұқара арасындағы байланысты жетілдіру мақсатында әлеуметтік желілердің көмегін ерекше атап өтті. Апта басында аймақ басшысы Инстаграмм әлеуметтік желісіне тіркелгенін хабарлаған болатын. Небары 2 күннің ішінде оған 7 мыңнан астам интернет пайдаланушы жазылып үлгеріпті. Аталған желі арқылы әр тұрғын өз мәселесін тікелей облыс әкіміне жазу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы жайтты ескеріп, Болат Жұмабекұлы барлық қала, аудан әкімдеріне Инстаграмм парақшасын ашуды тапсырды.

Табыс тетігі - технологиялық жаңғыру

Аймақ басшысы былтырғы жылды Павлодар өңірі табысты аяқтағанын айтты. Облыста түрлі салалар бойынша оң динамика бар.

- Өткен жылы Елбасының Үшінші модернизациялау аясындағы тапсырмаларына ерекше мән бердік. Бұл ретте, өзіміз үшін индустрияландыру саясатын жетілдіріп, экспорттық әлеуетке ие өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттыру мақсатында 5 негізгі бағытты айқындап алдық. Оның біріншісі – аймақ экономикасының дәстүрлі салаларының жасырын резервтерін технологиялық қайта жарақтау арқылы іске қосу. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы экономиканың құрылымын өзгерту. Үшіншіден, инвестициялық белсенділікті арттыру және қолдау. Төртіншіден, цифрлық және өзге де заманауи технологияларды енгізу. Соңғы, бесінші бағыт – инфрақұрылымды дамыту. Атап өтерлігі, бұл бағыттар бойынша алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіздік, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Былтыр Павлодар облысының ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 3 пайызға өсті. Бұл өсімнің 70 пайызы өнер-кәсіптегі өндіріс көлемінің артуымен байланысты болып отыр. Аймақ кәсіпорындары елдегі өнеркәсіп өнімінің 7 пайызын қамтамасыз етуде. Сәйкесінше, экономиканың өсуі тұрғындардың әл-ауқатына да оң әсерін тигізді. 2018 жылы тұрғындардың табысы 10,3 пайызға артқан. Ал орташа еңбекақы көлемі 7,1 пайызға өсті.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі тау-кен өнеркәсібі, жылу-энергетика кешені және мұнай-химия саласындағы өндіріс орындарында игерілмей келген жасырын қорлар бар. Көп жағдайда оны игеруге кәсіпорындардың әлеуеті жетпей жатады. Сондықтан аталған саладағы зауыттардың техникалық тұрғыдан қайта жарақтануына көп көңіл бөлінді. Нәтиже көп күттірмеді.

- Павлодар мұнай-химия зауыты модернизациядан өткеннен кейін өндіріс көлемі 1,2 есеге артты. Аймағымызда алғаш рет 5 миллион тоннадан астам мұнай өңделді. Халықаралық талаптарға сай келетін авиа жанармай өндіре бастадық. Тау-кен саласында да өсім бар. Мысалы, «Богатырь-Көмір» кәсіпорны өткен жылы 44,9 миллион тонна көмір өндірді. Бұл - жылдық жоспардан 3,5 миллион тоннаға көп. Осылайша, аймағымызда көмір өндірісі 3,6 пайызға өсті. Электр энергиясын да көп өндіре бастадық. Бүгінде аймағымыз республика көлемінде жалпы энергияның 43 пайызын беріп отыр. Екібастұздың электр станцияларындағы 3-ші және 5-ші энергоблоктардың іске қосылуымен бұл көрсеткіш ұлғая түседі, - деді Болат Жұмабекұлы.

Басымдық - өңдеу саласында

Облысымыз республика бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында тұрақты түрде үздік үштіктен табылып отыр. Ал аталған салаға инвестиция тарту көлемі бойынша екінші орында. Бұл ретте, ферроқорытпа, құбыр, полипропилен және вагон өндірісі қарқын алып келеді. Жалпы өнеркәсіп саласының 64 пайызын осы өңдеу өнеркәсібі құрап отыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Павлодар облысы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнім экспорттау көлемі бойынша үздіктер қатарынан табылған.

2018 жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 473 млрд. теңгеден асқан. Тақырыпты тарқата келе аймақ басшысы индуст-рияландыру картасы аясында жалпы құны 71 млрд. теңгені құрайтын 8 жаңа жоба жүзеге асырылғанын айтты. Нәтижесінде 1128 жаңа жұмыс орны ашылған. Ерекше атап өтерлігі, шағын және орта бизнестің инвестициялық әлеуеті артып келеді.

Аймақта бизнесті қолдау мақса-тында мемлекеттік бағдарлама-лардың мүмкіндіктері оңтайлы пайдаланылуда. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 450 кәсіпкерлік нысаны 2,6 млрд. теңге көлемінде қолдауға ие болды. Ауыл кәсіпкерлігі қарқын алып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Облыс көлемінде 370 жобаны инвестициялауға (соның ішінде 68 стартап жоба) қазынадан 2,3 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 3 мыңнан астам кәсіпкердің 18,4 млрд. теңге көлеміндегі салықтық қарызы амнистияланбақ.

Облыс әкімі өз баяндамасында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының дамуына ерекше мән берді. Аталған экономикалық аймақ халықаралық Foreign Direct Investment Magazine талдау орталығының бағалауы бойынша үздік ресурстық-шикізаттық база ретінде танылған. Былтыр мұндағы орын тепкен кәсіпорындар 31 млрд. теңге көлемінде өнім өндіріп, аймақ қазынасына 1,8 млрд. теңге көлемінде қаржы құйған. Олардың шығарған заманауи өнімдерін тұрғындар облыс әкімінің есебі өткен қалалық мәдениет сарайының фойесіндегі көрмеден көру мүмкіндігіне ие болды. Алдағы жылдары мұнда экспортқа бағытталған тағы 10 өндіріс іске қосылмақ.

Туризмді «түлету»

Болат Жұмабекұлы өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де ерекше тоқталды. Бұл ретте, негізгі күш Баянауыл ауданының демалыс орындарына жұмсалмақ. Мұнда жылына 200 мыңнан астам турист демалуға келеді. Алдағы 7 жылда бұл орындарды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру көзделуде. Соңғы екі жылдың өзінде мұнда 23 млрд. теңге шамасында инвестиция құйылған. Биыл Жасыбай көліне электр желісін тартып, су тарату жүйесін салу жоспарлануда.

Ал «медициналық туризм» дегенде ойға бірінші кезекте Мойылды шипажайы оралатыны белгілі. Мұнда жылына 8500 адам ем қабылдайды. Оның 60 пайызы - шетел азаматтары. Енді бұл тізімге Маралды көлі қосылмақ. Мұнда да емдеу-сауықтыру бағытындағы демалыс орнын құру жоспарланған.

Аймақ басшысы қай салада болмасын инвесторларға ерекше қолдау көрсетілетінін атап өтті. Осы мақсатта Павлодар қаласындағы бұрын «ҚазТрансОйл» АҚ орналасқан зәулім ғимаратта «Инвесторлар үйі» ашылмақ. Онда Солтүстік Корея, Жапония елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, аймақ экономикасына қаржы құйып, бизнес жүргізуге ниетті кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша қолдау көрсетілмек.

Цифрландырудың пайдасын көруде

Елбасы тапсырмасына сәйкес өндірісті цифрландыру бағытында да біршама маңызды жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы облыс кәсіпорындары бұл бағытта жалпы көлемі 1,1 млрд. теңге болатын 11 жоба жүзеге асырған. Облысымызда блокчейн технологиясына негізделген жаңа «цифрлық сала» құрылмақ.

Цифрландыру үрдісі мемлекеттік қызмет, әлеуметтік саланы да айналып өтпеді. Биыл өңірімізде ақпараттық-талдау қызметін жүргізетін «Геоақпараттық портал» құрылады. Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында сәулет, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, ветеринария сияқты бірнеше басқарманы бір мекемеге көшіру көзделуде. Олар тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін болады.

Б.Бақауов цифрландыру жұмысы агроөнеркәсіптік кешен саласында да қарқынды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде аймағымыздағы 3 млн. гектардан астам ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлер электронды картаға енгізілген. Былтыр пилоттық түрде дизельдік отынды электронды негізде үлестіру тәжірибесі сынақтан өткізілді. Қазіргі кезде шаруалар үйлерінде отырып-ақ бірқатар қызметті онлайн түрде алатын деңгейге жетті.

- Жалпы, ауыл шаруашылығын қолдау шаралары күшейтіледі. Агроөнеркәсіп саласында инвес-тициялық белсенділікті ынталандыруды қолға алдық. Өткен жылы аграрлар құны 15,3 миллиард теңгені құрайтын 55 инвестжобаны жүзеге асырды. Ірі жобалардың қатарында 3106 бас малға арналған алты тауарлы сүт ферма, алты мал шаруашылығы жайлары, құс фабрикасы, элеватор, төрт көкөніс қоймасы бар. Соңғы үш жылда облысқа 3600 бас асыл тұқымды мал жеткізілді. Оның жартысы өткен жылы әкелінді. Биыл он мыңға жуық асыл тұқымды мал сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді аймақ басшысы.

Биыл облысымызда аграрлық секторды дамытудың өңірлік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында, суармалы егістіктердің аумағын ұлғайтуға баса көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын бірқатар өндірісті біріктіретін «Агропарк» ашылмақ. Оның аясында жүзеге асырылатын жобалардың қатарында қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайтын қант өндірісі зауытының құрылысы бар.

Инфра-құрылымды дамыту – өркениеттіліктің белгісі

Өткен жылы жол құрылысы және жолдарды жөндеу жұмыстарына 12 млрд. теңге шамасында қаражат бөлінген. Нәтижесінде 436 шақырым жол қалпына келтірілді. Ал респуб-ликалық маңыздағы тас жолдарды есептегенде, алғаш рет бір жылда 1100 шақырым жол жөнделген. Бүгінде облыс жолдарының 80 пайызының сапасы көңіл көншітерліктей деңгейде. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Биыл, аудан, ауыл жолдарын жөндеуге күш салынады. Ағымдағы жылы, тұрғындар көптен күткен игілік, Павлодар арқылы өтетін «Орталық-Шығыс» дәлізінің құрылысы аяқталмақ.

Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды инвестиция тартылып, облыс бойынша 284 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген болатын.

Жылдар бойы күн тәртібінен түспей келген мәселенің бірі – сапалы ауызсу. Үкімет қолдауының нәтижесінде елді мекендерде су құбырларын салу бойынша 21 жоба жүзеге асырылған. Орталық-тандырылған су жүйесімен қамтылған тұрғындардың үлесі 29,7 пайызға жетті. Биыл бұл бағытта тағы 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сол арқылы тұрғындардың сапалы ауызсумен қамтылу деңгейін 39 пайызға жеткізу көзделген. Аймақ басшысы осы қарқыннан таймайтын болсақ, алдағы екі жылда республикадағы орташа көрсеткіш, 62,5 пайызға жететінімізге сендірді.

Адами капитал – алдыңғы шепте

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде аймақ бюджетінің жартысы адами капиталды дамытуға бағытталып отыр. Салаға бөлінген қыруар қаражат өзін ақтап келеді. Былтыр Павлодар облысының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде Алматыдан кейін екінші орынды иеленді. Мектеп оқушыларының түрлі олимпиадалардағы жетістігі де қуантып отыр. Аймақ оқушылары халықаралық, республикалық білім додаларынан 212 алтын медаль жеңіп алған. Болат Жұмабекұлы бұл ұстаздардың қажырлы еңбегі мен балалардың оқуға деген құштарлығының арқасы екенін ерекше атап өтті.

Бүгінде «Цифрлық білім беру» жобасы аясында облыс мектептерінің барлығы қағазсыз есеп-қисап жүргізуге көшті. Оқу ордалары заманауи технологиялармен қамтылуда. Цифрлық технологияның пайдаланылуы оқушылардың білім деңгейін арттыруға септігін тигізіп отыр.

Облыс әкімі баяндамасында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің оңтайландыруға ұшырағанын да атап өтті. Аймағымыздағы алты кәсіптік колледж біріктірілсе, бес колледж сенімгерлік басқаруға берілген.

Әлеумет және әлеует

Елбасы жариялаған «Жастар жылы» аясында талантты, талапты жастарды қолдау шаралары есенеле түседі. Аймақ басшысы павлодарлық ұл-қыздар IT-технология, энергия үнемдеу, ауыл шаруашылығы, туризм, инклюзивті білім беру салаларындағы инновация бойынша 50-ден астам авторлық жоба ұсынғанын айтты.

Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлінбек. Облысымызда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері едәуір азайған. Қатерлі дертке шалдығу көрсеткішінде де оң өзгерістер бар. «Бұл - аталған салаға көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі», - деді Болат Жұмабекұлы. Өткен жылы денсаулық сақтау мекемелерінің құрал-жабдықтарын сатып алуға 2 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Биыл бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалғасын таппақ. Ағымдағы жылға қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі дертіне шалдыққан тұрғындарға 300 аталым бойынша дәрі-дәрмек сатып алынған.

Тұрғындардың денсаулығын арттыру мәселесінде спорттың да алар орны орасан. Өткен жылы аймағымызда 50 спорттық нысан іске қосылды. Бұл жұмыс биыл да қарқынды түрде жүзеге асырылмақ.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыста 178 жоба табысты іске асырылды. Олардың қатарында «Ұлы дала» этнофестивалі, «Ертіс cinema» халықаралық кинофестивалі, «Ертіс Променад», «Тіл керуені» және басқалары бар. «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде өңірдің барлық объектілері абаттандырылды. Сонымен қатар қасиетті жерлер бойынша 67 туристік маршрут әзірленді. «Pavlodar Travel» мобильді қосымшасы іске қосылды.

2019 жылға да «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. Оның шеңберінде облыста 112 жоба мен іс-шара жүзеге асырылатын болады.

Тұрмысты жақсартуға бағытталады

Мемлекет басшысы тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар бергені белгілі. Б.Бақауов Үкімет деңгейінде қолға алынған шаралар тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында кешенді жұмыстар жүргізуге мүмкіндік тудырғанын айтты. Мысалы, облыс кәсіпорындары жұмысшылардың жалақысын арттыруды қолға алған. Нәтижесінде, 9 мыңнан астам тұрғынның еңбекақысы орташа есеппен 14 пайызға көтеріліпті. Жыл басынан бері зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы орташа есеппен 7 пайызға өсті. Қазір аймағымыз бойынша орташа зейнетақы көлемі 87 мың теңгені құрап отыр.

Баяндамасының соңында облыс әкімі Б.Бақауов әр салада мәселелер қашанда жеткілікті екенін айтты.

- Қоғамды толғандырған мәселелерді біліп қана қоймай, оңтайлы шешуге күш жұмсауымыз қажет. Бұл барлық деңгейдегі әкімдер мен мемлекеттік мекеме басшыларына қатысты. Әр мәселеге қатысты нақты жоспар құрып, жүйелі түрде жұмыс істеуге шақырамын, - деді аймақ басшысы.


Талап-тілек легі

Облыс әкімі негізгі баяндамасынан кейін есептік кездесуге келген тұрғындардың талап-тілегіне, сауалдарына жауап берді.

Тереңкөл ауданынан келген «Астық-ПВ» ЖШС директоры А.Оразымбетов облыс орталығынан шалғайда 700 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасын салып жатқанын, көп ұзамай құрылыс жұмыстары аяқталатынын айтты. Осы ретте, цифрландыруға көшіп жатқан заманда алдағы жұмысына кең жолақты интернеттің қажет болатынын алға тартты. Яғни, шалғайдағы Покровка ауылын жылдамдығы жоғары интернетпен қамту мәселесін көтерді. Облыс әкімі Болат Бақауов, негізінен, Тереңкөл мен Железин аудандарын байланыстыратын жол бойы толығымен интернетпен қамтылғанын атап өтті. «Қазақтелекоммен» көтерген мәселенің мән-жайын қарастырамыз, деді.

Павлодар қаласының тұрғыны Қ.Пішембаев Лесозавод, Хромзавод шағын аудандарына халыққа қызмет көрсету орындарын көптеп қарастыруды сұрады. Әсіресе, қоғамдық монша және шаштараз қажет деді. Аймақ басшысы бизнес арқылы қарастырылады, дегенмен жеке үйлердің көбінде өз моншалары барын ескеру қажет, деді. Облыс әкімі есесіне аталмыш шағын аудандарда жылумен қамту, жол салу мәселелері өзекті екенін тілге тиек етті.

Қ.Қожанов есімді азамат Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде оқитын туысқан екі бауырына жатақханадан орын табылса деген тілек білдірді. Облыс басшысы соңғы жылдары гранттар көптеп бөлініп, жатақханамен толық қамту мүмкін болмай жатқанын жеткізді. Бүгінде бизнесті тартып, сондай-ақ, бюджет есебінен жатақханалар салу қолға алынатынын айтты. Мәселен, биыл бес жатақхананың құрылысы басталып, оның екеуі ағымдағы жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» облыстық филиа-лының төрағасы А.Сағындықова жарты жыл бұрын ғана бекітілген Павлодар қаласының бас жоспарына қайтадан түзету енгізіп, қазына қаржысын тағы да «шашудың» қаншалықты қисынды екенін білмек болды. Б.Бақауов былтыр бекітілген жоспарға облыс орталығының шекарасын Павлодар ауылына қарай нақты белгілеуге, дамытуға байланысты түзету енгізілетінін әрі бұл саналы түрде жасалып отырған жұмыс деп сендірді.

Аққулы ауданының «Ардақ» шаруа қожалығының өкілі өңірдегі суармалы жүйені қалпына келтіру бастамасының қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Белгілі болғандай, жуырда Аққулы ауданының әкімі Астанаға құзырлы органдарға барып келген. Айтуынша, ағымдағы айдың соңына дейін техникалық сипаттамасы әзірленіп, ары қарай жоба жасауға қаржы бөлу жағы қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда іс ілгері басуда. Сондай-ақ, облыс әкімі «Ертіс-Успенка» суармалы алқабы бойынша да жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Жобасы дайын көрінеді. Қазіргі таңда облыс көлемінде 43 мың гектар суармалы алқап болса, оны 200 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Ертіс ауданы тұрғындарының тілегін арқалап келген Қ.Зейнішев есімді ақсақал Беловод топтық су құбырынан тіршілік көзін тұтынып отырғандарға тарифтің қымбаттығы қалталарына салмақ түсіріп жатқанын жеткізді. Облыс әкімінен осы мәселені шешуге ықпал етуді өтінді. Сондай-ақ, қырдағы кейбір елді мекендерді сумен қамту қашан іске асатынын сұрады.

- Беловод топтық су құбырының бірінші кезеңін іске қостық. Тариф бойынша мәселе барын білеміз. Шешу жағын қарастырып жатырмыз. Қалған ауылдарға келетін болсақ, жағдайды жеке-жеке реттеп беретін боламыз. Мысалы, бір округ халқының саны 200-ге дейін болса, онда оларға ұңғыма қазылып беріледі. Ал тұрғындарының саны 500 адамнан асатын ауылдарға жоба жасап, құбыр тартылады. Топтық құбырдың екінші кезеңі болмайды, оның инфрақұрылымын суармалы алқапқа пайдаланатын боламыз, - деді облыс әкімі.

Тереңкөлден жастар атынан келген С.Рыспеков аудан орталы-ғында 24 пәтерлі үйдің құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылса деген ниетін білдірді. Аймақ басшысы оның жобасы бар, жобаның сараптамасы да аяқталуға жақын екенін білетінін айтты. Ары қарайғы жағдайын қараймыз, деді. Тереңкөлден тағы бір сұрақты аудан орталығындағы №2 мектеп басшылығы қойды. Ол мектептің жылу желісін жаңартуға қолғабыс жасауды сұрап отыр. Айтуынша, құбырларының 80 пайызы тозған. Оны ауыстыруға 39 млн. теңге қажет көрінеді. Б.Бақауов мектептің жағдайын білетінін, ал жаңартуға қажетті сома аса көп еместігін, яғни аудандық қазынадан да табылатынын алға тартты.

Ленин кентінің тұрғыны С.Сейсенбаев Ленин кенті мен Айнакөл ауылының су құбырлары жобасының біріктірілгеніне наразылық білдірді. Облыс әкімі Б.Бақауов кентте қазылған 5 ұңғыманың қуаты қос елді мекеннің тұрғындарын сумен қамтуға жеткілікті екенін атап өтті. Тіпті, қуатының әлі тек елу пайызы ғана жұмсалып тұр, деді. Сондықтан екеуін біріктіру жөнінде шешім қабылданған. Бұл шешім жобалық институтпен келісілген. Есесіне, 250 млн. теңге көлемінде қазына қаржысы үнемделіпті. Ленин кентінің тұрғындары жеке полиция бөлімінің болғанын жөн санайды. Сондай-ақ, облыс орталығына қатынайтын №38 автобустың жүру аралығын 30 минуттан 20 минутқа азайтуды талап етуде. Аймақ басшысы полиция бөлімшесінің қаншалықты қажетті екені полиция департаментімен бірлесіп, айқындалатынын айтты. Ал қоғамдық көлік мәселесін шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев кентке №38 автобуспен бірнеше рет қатынап, шешім шығаратын болды.

Баянауыл ауданы Майқайың кентінің тұрғындары «Майқайың-алтын» кәсіпорнына тиесілі жылу қазандығын жаңғыртып, жеке үйлерді де жылумен қамтуға жәрдемдесуді сұрап отыр. Сондай-ақ, кентке Үшқұлын ауылынан балаларды жеткізетін мектеп автобусының жаңасын сатып алу мәселесі қозғалды. Б.Бақауов қазіргі таңда Үкіметте тірек ауылдарды дамыту бойынша бағдарлама әзірленіп жатқанын еске салды. Онда ірі елді мекендерді барынша дамытуға көңіл бөлінбек. Ал автобус сатып алуға қаржы биылғы жыл бюджетінен қарастырылыпты.

Мектеп автобустары мәселесін ақтоғайлықтар да көтерді. Мұнда Қ.Ыдырысов атындағы мектепке бірнеше елді мекеннен балалар тасымалдайтын автобустар да ескірген көрінеді. Жаңасы сатып алынса деген бұйымтай айтылды. Осы ретте, облыс әкімі аудан басшылығына бұл мәселені жаңасын сатып алмай, басқа жолмен шешуді ұсынды. Яғни, көлік емес, жекеменшіктен қызмет сатып алу ұсынылып отыр. Аймақ басшысы Ақтоғайға бұл тәжірибені пилоттық ретінде реттеп көруді тапсырды.

Аймақтың экологиялық ахуалына әрдайым алаңдап жүретін «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Могилюк ауаның ластануына автомобильдердің «үлесі» көп екенін алға тартты. Сондай-ақ, ауасы желмен тазартылуы екіталай аулаларды автокөліктермен толтыруға тыйым болса деген тілегін білдірді. Есесіне, аулаларды көгалдандыруға көңіл бөлуді сұрады. Болат Жұмабекұлы бұл пікірмен толық келісті. Яғни, Башқұртстаннан арнайы келіп, бір апта қаланың ауасына зерттеу жүргізген маман атмосфераға басты залал ескі көліктерден келіп жатыр деген қорытынды шығарып кетіпті. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе назарда болып, көліктен шығатын түтінді тексеретін құралдар да сатып алынуы мүмкін. Көгалдандыру күн тәртібінен түспек емес.

Екібастұз қаласы атынан шыққан Р.Гайнуллин кеншілер шаһары мен Майқайың арасын байланыстыратын жолдың сапасыз салынып, бір жыл өтпей сыр бергенін сөз етті. Б.Бақауов жолдың сапасыз салынуына байланысты құзырлы органдарға хат жіберіліп, енді мердігер компаниялар бетінен тағы бір қабат асфальт төсеп өтуге уәде бергенін жеткізді.

Павлодар қаласының Затон базары маңындағы екі қабатты ескі үйлердің тұрғындары баспаналарының қашан сүріліп, жаңасына көшірілетінін білмек болды. Облыс әкімі бес жылсыз ол үйлерді сүру жоспары жоқ екенін кесіп айтты. Тіпті, одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Себебі билік алдымен Сарыарқа, Достық шағын аудандарын аяқтамақ.

«Ертіс» кооперативінің өкілі Т.Оспанов кооперативке тиесілі жер телімін сот арқылы алып қою қаупі туындап жатқанын айтып, аймақ басшысынан көмек сұрады. Облыс әкімі іс сотқа кетіп қалғандықтан, сот әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.

Бұдан бөлек, екінші Павлодардағы жеке үйлер секторында жерасты суының көтерілуі, екібастұздағы қыздар гимназиясына жаңа ғимарат салу, Ақсу қаласына қарасты Алғабас елді мекенінде шағын орталыққа жеке ғимарат сатып алу және басқа да сұрақтар, талап-тілектер айтылды.

Түйін: Облыс әкімі Болат Бақауовтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне жиналғандар жеке бастың да, жалпы тұрғындардың да мәселесін қозғады. Жалпы, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда ауызша 40 шақты сұрақ қойылды. Облыс басшылығы кейбір сауалдарға кездесу барысында толық жауап берсе, кейбірі бақылауға алынатынын, жазбаша түскен сұрақтар да жауапсыз қалмайтынын айтты. Талап-тілектер де ескерілмек.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz