Кезінде Алаш қайраткерлерінің көшбас-шысы Міржақып Дулатов:

Білесіз дүние жүзі толған халық,

Олардың арасында бар көп парық.

Алты айлық алыс сапар аралары,

Тұрады бір-бірінен хабар алып.

Шашатын сол хабарды - газет-журнал

Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып.

Жетеді күн батысқа... – деп жырлап, газеттің қоғам үшін қаншалықты қажет екені туралы пікірін білдірген еді. Газет тілі мен стиліне қойылатын талаптардың дұрыс орындалуы әр кезеңде айтылып, бүгінгі таңда да күн тәртібінен түскен жоқ.

1919-1920 жылдары Алаш қайраткерлері газет тілі мен стиліне құлаш-құлаш, түсініксіз материалдар беруге әуестенбей, мейлінше толық, бірақ та қысқа дәлдікпен жазуды талап етті. Ал 1921 жылы газеттердің тілі мен стиліне байланысты жалпыға бірдей мынадай кемшіліктерді айтты:

1. Газеттердің беті жалпылама сөздерге толы, ал басты мақсат - фактіге құрылған мәселелерді жазу;

2. Газеттердің ұсақталып кетуі, олардың күрделі мәселелерді жазудың орнына, шимай-шатпақ жайлардың төңірегінен шыға алмауы;

3. Газеттер өз оқырмандарының ой-өрісінің мінбері болуға жарамауда;

4. Газет қызметкерлерінің шеберлік деңгейі, идеялық саяси білім деңгейі төмен, олардың көпсөзділікке баруы содан;

5. Журналистердің күрделі мәселелерге бара алмай, нақтылы жазбау себебі, олар қандай да бір оқиғаның басында болмай, сырттай долбарлап жазуынан туындайды;

6. Сондықтан хабарлар мен мақалалардың тілі қысқа болуымен қатар, негізгі ой-пікір дәлме-дәл айтылуы керек. Түсініксіз оқиғалар туралы қосымша фактілер беріліп отырғаны жөн. Редакция ұжымы газет оқырмандарына түсінікті болып шықты ма, соған мән беріп, көз жеткізіп отырғаны абзал.

Газет материалдары әсерлі, тұшымды, бейімді, оқығанда тамсанып отырып оқылуы тиіс. Ең бастысы, газет-журналдардың әрбір сөзі, сөйлемі жүрек түкпірінен шыққан оқырман жанына жайлы тиіп, сезіміне әсер ететін болсын. Міне, сонда ғана оқырман газетке, жазылған ақпаратқа құлақ асады.

Осындай талаптар өресінен шыға білген, ғасырлық тарихы бар газеттің бірегейі, Ертіс-Баян өңірінің ұлықтық үні - «Сарыарқа самалы» газеті.

1929 ж. «Кеңес туы» деген атпен өлкелік басылым ретінде жарық көреді. Алғашқы редакторы – Бейсенбай Кенжебаев. Газет алғашқы екі-үш ай бойы аптасына бір рет екі мың дана тиражбен шығарылған. Елімізде шаруашылықты ұжымдастыру қозғалысына байланысты 1930 жылдың 14 ақпанынан бастап басылым атауы «Колхоз» деп өзгертілді. Ал 1938 жылдың 14 сәуірінен «Қызыл ту» деген атпен шыға бастады. Газеттің қоғам өміріндегі орны, журналистерінің белсенділігі ескеріліп, 1979 жылы 15 наурызда «Қызыл ту» газеті «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталады.

Ал 1991 жылдың 26 қыркүйегінен бастап «Сарыарқа самалы» деген жаңа атаумен жарық көріп, басылым мазмұны кеңейіп, облыс жұртшылығы үлкен қуанышпен қарсы алды.

«Журналист — өз газетінде сараланатын жазушы», - деп кезінде Адриан Декурсель айтқандай, бүгінгі таңдағы Қазақ Еліне аты мәлім ақын–жазушыларымыз осы газет бетіне өздерінің алғашқы шығармаларын шығарған.

Редакцияда қызмет еткендер қатарынан Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев, Мейрам Асылғазин сынды есімдері елге танымал қаламгерлер шықты. Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» романынан, Рамазан Тоқтаровтың «Орамал» атты новелласынан үзінділер нөмір сайын жарияланып тұрған екен. Біздің аймақтан, әсіресе астықты аудандар Ертіс, Ақтоғай, Аққулы, Шарбақты аудандарынан хабарлар, еңбек екпінділері туралы ақпараттар беріліп тұрған.

Сол жылдарда газеттердің қай-қайсысы болса да авторлармен жақсы байланыс орнатып, қолдау жасап отырғанын әлі күнге дейін бәрімізге танымал журналист–қаламгер Сүлеймен Баязитов те кездескенде зор мақтанышпен әңгімелеп отырады.

– Алпысыншы жылдардың басында Ресейдің Уральск қаласында әскерде жүрдім. Сонда өлең-мақала жазып, «Тың өлкесіне» жібердім. «Жүрегі жырлайды» деген айдармен М.Зерендин деген журналистің алғы сөзімен менің жазғандарымды, оның ішінде «Айтылмаған сыр» деген әңгімем де бар, сол «Тың өлкесіне» шықты. Сонда полкті сапқа тұрғызып, маған құрмет көрсетілді, «Коммунистік еңбек екпіндісі» деген белгіні кеудеме тақты, - деп еске алады қарт журналист. Сондай-ақ, Павлодар облысынан «Тың өлкесінде» ақын Қимадиден Нығманов, кейін белгілі журналист болған Социал Әйтенов (ол кезде 10-класс оқушысы), Нәжімиден Қазантаев, т.б. шығармашылығы, ақпараттары жарияланып тұрған. Атап өтерлігі, белгілі қаламгер жерлесіміз Қалмұқан Исабаевтың Ертіс-Қарағанды каналының құрылысынан жазған топтамалық мақалалары жарияланып келгенін баршамыз білеміз. Бұл қатарда Қажымұрат Смағұл, Мұхаметжан Дәуренбеков, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов сияқты ақсақал журналистеріміз облыстық газеттің әдеби-рухани дамуына зор үлес қосты. Сол сияқты, өмірдің әр сәтін әдемі таныта білетін фотожурналист, өз ісінің білгірі Қаһарман Нұртаза ағамыздың есімін ерекше атауға болады деп ойлаймыз.

Газет — әдеби тілдің бірінші баспалдағы. Барлық өнегелілік пен шеберліктің шыңдалып, таралатын жері де осы. Сондықтан осы баспалдақтың тазалығын сақтау үшін журналистер қауымы қажымай-талмай тынымсыз еңбек ете білулері керек. Бұл ретте бүгінде өлкемізге белгілі ақын жігіттеріміз бен қыздарымыздың шығармашылығын мақтанышпен айтуға болады. Мысалы, Асығат Тұрғанбеков, Жарқынбек Амантай, Айбек Оралхан, Қуаныш Шарманов сынды ақындарымыздың ұлт рухы мен имандылығы туралы өлең жырлары, Алпысбай Хонждың сатиралық туындыларының мәнді өрімін осы «Сарыарқа самалы» газетінің бетінен оқып таныдық. Қаламгерлік қадамдарына қуандық, артымызда сөз қадірін түсінетін ұрпақтың барына риза болдық.

Газет тек күнделікті ақпаратты ғана таратушы емес, оның тәрбиелік–танымдық қызметі де зор болуы керек. Бұл тұрғыда да «Сарыарқа самалы» аз қызмет жасап жатқан жоқ. Жалпы, ел газетінде Қазақстанның 90 жылдық тарихын да айқын көруге болады. Өйткені, мұнда шежірелі жылдардың барлық белестері көрініс тапқан, облысымыздың бас басылымы зар замандағы жағдайлардан да айналып өте алмаған. Ашаршылық, зұлмат, соғыс жылдары, тың игеру мәселелерінің барлығы сол кезеңнің тілімен бізге жетіп отыр. Әсіресе газет бетінде өлкетану тарихы мен шежіресі бойынша құнды материалдар жарық көріп, оқырмандар көңілінен шығуда. Бұл ретте газеттің бас редакторларының да қызметтері зор екені сөзсіз. Әр жылдарда келген бас редакторлардың өзіндік қолтаңбалары көрініп–ақ тұрады. Өз басым газеттің әр шыққан басылымын оқып шығып, қажетті материалдарды оқу үрдісіне пайдалануды әдетке айналдырдым. Тарихи тағылымды материал болса, өнеге аламыз.

Журналистика мамандығында оқитын студент, магистранттармен газетке шыққан материалдарды талдап, сараптап, газет шығару технологиясы бойынша жиі әңгіме қозғалады. Өйткені газет тілі мен оны шығару қарекеті бойынша бүгінгі журналис-терге қойылатын талаптар жоғары екені баршаға аян. Бұл ретте газеттің белді тілшісі, әдебиет, тарих және мәдениеттану салаларынан мол хабардар, ізденімпаз журналист Сая Молдайыпты ерекше атауға болады. Оның әрбір мақаласы үлкен ізденімпаздықпен жазылып, терең дәлелдеме, дәйектемелермен түйінделіп отырады. Нақты фактілер келтіріліп, тарих қойнауындағы шежірелерге саяхат жасатып, өткенді бағалап, бүгінгіні саралап, болашақты бағамдауға ересен еңбек етіп жүрген өз ісінің маманы деп айтуға әбден болады.

Өңірімізде екі жоғары оқу орны, яғни С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Инновациялық Еуразия университеті болашақ журналистерді дайындайды. Осы жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттер мен магистранттарымыз мамандықтың қыр–сырын практикалық тұрғыда игеру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының бірегейі - осы «Сарыарқа самалы» редакциясында өткізеді. Сөз табиғатын түсінетін, жазушылыққа икемі бар студенттеріміз өндірістік практикадан кейін үлкен үмітпен редакцияға баратындары бар. Мұның дәлелі ретінде бүгінгі таңда «Сарыарқа самалы» газетінде жемісті еңбек етіп жүрген, өзіндік ұстанымдары берік, салмақты ой–пікірлері бар журналистеріміз Жұмабек Сманов, Асыл Әбіш, Мұрат Аяғанов, Гүлжайна Түгелбай, Құндыз Қабылденова, Мереке Амантай сияқты шәкірттерімізді үлкен мақтанышпен айтамыз.

Газет жетістіктері аз емес. Газет Ертістің Павлодар өңірімен қатар, еліміздің барлық облыстарына және Ресейдің Алтай, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей өлкелеріне тарайды. 2000 жылы «Сарыарқа самалы» Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. 2014 жылы Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық «Алтын Жұлдыз» дипломын алды. 2016 жылдың 25 қазаны күні Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 15 000-ыншы нөмірі жарық көрді. Осының барлығы - бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен елге қызмет жасалған ерен еңбектің нәтижесі.

Тұрақты оқырманы және еліміздің ұлтжанды азаматы ретінде облыстың зиялы қауымын, журналистика саласының ардагерлерiн және жас буын журналистердi Ертіс–Баян өңірінің бас газеті «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейто-йымен шын жүректен құттықтап, Қазақ Елі қоғамының жаңа тарихын жазу жолында табыстар тiлеймiнІ.

 

Айман Зейнулина, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор.

saryarka-samaly.kz