Аталмыш кәсіпорын жұмысты жалғастыру үшін екінші деңгейлі банктен несие алған. Қазіргі таңда ғимарат 80 пайызға дайын, құралдардың бір бөлігі жеткізілді. Осы жылдың үшінші тоқсанында кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Тағы да қаржылай қиындықтарға тап болмас үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды сұрады.

Облыс әкімі Болат Бақауов төрағалық ететін өңірлік үйлестіру кеңесінде кәсіпкердің ұсынысы сараланып, қолдау тапты. Банктен алған 16 пайыздық несиенің 10 пайызын мемлекет, қалған 6 пайызын серіктестік басшылығы төлейтін болды.

Кеңесте қаралған өзге жобалардың дені көлік сатып алуға қатысты болды. Мәселен, Екібастұздағы «Жоламан-ЭК» ЖШС қаладағы жұмысшыларды қызмет орнына тасымалдаумен айналысады. Жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін тағы 3 автобус сатып алмақ. Бір көліктің құны – 29 млн. теңге. Ал ақсулық «AksuTransLogistic» ЖШС жүк тасымалы саласында қызмет көрсетеді. Сұранысты толыққанды өтеу үшін аталмыш серіктестік тағы бірнеше көлік алуды жоспарлап отыр. Ал Павлодар қаласында №3 бағыттағы қоғамдық көлікте қызмет ететін Ақылтай Тайманов тағы бір «Мерседес» маркалы автобус алып, кәсіп аясын кеңейтпек. Көлікке қатысты тағы бір жоба – «Бауэр» жеке кәсіпкерлігінің техникалық қызмет көрсететін орны. Бұл мекеме - Екібастұз қаласындағы жүк көліктеріне қызмет көрсететін жалғыз фирма. Кеншілер шаһарындағы ірі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейді. Алайда ондағы жұмысшылардың еңбекақысы тым аз екен. Небары 23 мың теңгені құрайды.

- Бұған дейін де өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелеріне жалақысы төмен кәсіпорындардың жобасы ұсынылды. Сол тұста еңбекақысы аз мекемелердің мәселесі кері қайтарылады деп келісілген еді, - деді Б.Бақауов.

Жеке кәсіпкер Ольга Бауэр таяу арада жалақыны 50 мың теңгеге дейін көтеретініне сендірді.

- Бұған дейін қымбат құралдар сатып алған едік, сондықтан табыс-тан шығысымыз көп болды. Қазіргі кезде техникалық қызмет көрсету орталығында екі адам еңбек етеді. Жаңа құралдар есебінен жұмыс көлемі ұлғайып, оларға 50 мың теңге айлық төлейтін боламыз, - деді кәсіпкер.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz