1928 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін сол кезеңдегі қазақтың талапты жастарының көбі білім алуға ұмтылған Семей педтехникумына түседі. Отызыншы жылдардың басында Қазақ драма театрына талантты жастарды тарту мақсатымен жер-жерді аралауға шыққан Ғабит Мүсірепов Семейге келеді. Міне, сонда табиғи дарынымен жас жазушының назарына іліккен Шәкен Айманов театрға шақырылады. «Ғабит Мүсірепов «Зарлық» пьесасын сахналағанда мені көрсе керек. Мүмкін, мен өзгелерге қарағанда сахнада өзімді өзім сенімді ұстадым ба, әлде бала кезден бойымда қалыптасқан «актерлік» дарын ба... жалпы, өз басым кейіпкерімнің сөзі не қылығы ұнамаса, өзімше жасап алатынмын. Сонда кейіпкер образы шынайы шығатындай көрінеді. Дегенмен түсіру алаңындағы дайындықсыз айта салған сөзге қарағанда жазушының ойланып отырып жазған сөздері жақсы болар. Бірақ мінезім сондай. Сөйтіп, Мүсіреповке ұнадым. Ол мені алып кетті» деп жазған екен бір естелігінде. Міне, 1933 жылы осылайша өнер әлемінің есігін ашқан Шәкен Айманов 20 жылдай театр сахнасында еңбек етті, бас режиссер болды. Ол М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім («Абай»), Алдар Көсе, Исатай (І.Жансүгіров, «Исатай — Махамбет») бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, «Асауға тұсау»), Гогольдің «Ревизор», басқа да көптеген туындылардың басты рөлдерін асқан шеберлікпен бейнеледі. Режиссер ретінде «Абай» спектаклін қойды. 1952 жылы осы қойылым үшін Аймановқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Шәкен Айманов 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті. Ол режиссер ретінде түсірген «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры», «Махаббат туралы аңыз, «Дала қызы», «Туған жер» фильмдері - қазақ кино өнерінің алтын қорына қосылған көркемдік төлтумалық өміршең туындылар. Шәкен Айманов актер ретінде «Абай әні», «Жамбыл», «Біз осында тұрамыз», «Найзатас баурайында», т.б. фильм-дерде ойнады. Режиссердің біраз фильмдері туған жері Баянауылда түсірілді. Сол кезде қазақтың маңдайалды өнер иелерінің Баян-ауылда болғаны, актердің ауылдастарының да олармен бірге фильмге түскені жайлы қазір баянауылдықтар мақтана айтады.

Жалпы, Шәкен Айманов бейнелеген, режиссер ретінде түсірген туындыларының қай-қайсысы да тек қазақстандықтар ғана емес, Ресей, Еуропа театр, кино сыншыла-рының назарын аударып, жоғары бағасын алғаны, ірі-ірі сыйлықтарға ие болғаны белгілі. Мәселен, режиссердің ең соңғы фильмі «Атаманның ақыры» Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына (қайтыс болғаннан кейін) ие болды. Сондай-ақ үздік жұмыстары үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және екі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Шәкен Айманов - есімі ел жадында қалған тарихи тұлға. Сондықтан жер-жерде актердің мерейтойы аталып өтуде. Сондай игі шараның бірі ақпанның 15-і күні Г.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінде өтті. «Сахна саңлағы» деп аталған кеште музей қызметкерлері Ж.Қадырұлы мен М.Дарханұлы жиналғандарға Ш.Аймановтың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен айтып, жиналғандарға режиссердің «Тақиялы періште», «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Кеш барысында ақын, ҚР мәдениет қайраткері Б.Сыздықов, облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы А.Әбішев, журналист, ақын Ж.Амантайұлы, т.б. сөз сөйлеп, өлең оқыды. Жалпы, Айманов кино саласында еңбек еткен 15 жылда он бір фильм түсірген екен. Оның шығармашылық шырқауы - «Атамекен» фильмі. Бұл фильмді Олжас Сүлейменов екеуі бірігіп жасады. «Атамекен» - Душанбеде өткен кинофестивальде бас жүлдеге ие болса, ең соңғы «Атаманның ақыры» фильмі шығар шыңы болды.

Иә, ел-жұрты дарынды азаматын ұмытпақ емес!

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz