Сабақтастық

(Мұрат Мұхтарұлы Әуезовке)

-І-

Ұлан едім ел мұңын ұғынған шын,

Ұлы Дала төсінде үнім қалсын.

«Жас тұлпардың» * дүбірі естілгенде,

Шідер үздім шырқырап құлын даусым!

 

Әттең, жалғыз бұтағым көктемеді,

Сотқар ағыс лақтырды шетке мені!

Ақ кемеге ынтыққан жағалаудан

Ұлым көзден ғайып боп кеткен еді...

 

Көкірегімнен көкжал ой ылғи да ұлып,

Жас қабірге жан-тәнім тұрды иіліп.

Ұлы түнде ұлыма жоқтау айтам,

Жүрегімнің басына у құйылып!

 

Жандым, өштім, әйтсе де

жасығам жоқ!

Жаным таза,

Боламын осыған тоқ.

Отқа оранып қап қойған он бесіме

Қол созды, әне, жас ұрпақ

«Жас ұлан» боп!... **

-ІІ-

Қаршадайдан көз тігіп Бұланайға,

«Казкрайдан» шықпасам, кінә қойма!

Тәңірлік ой өлең боп жеткен шығар,

Жидебайда отырған Ұлы Абайға!

 

Тас кітапқа түркі өтті таңба салып,

«Ділім» – сол бір тарихтың

жалғасы анық.

Қанша қанды асудан астық біздер,

Олжас және өзіңді алға салып!

 

Бекзада мен бектерге сарай толы,

Ұмытамыз күні ертең қалай да оны!

Тәңір тауға бізді алып бара жатыр,

Шыңғыс таудан басталған Абай жолы! 

-ІІІ-

«Жұртта қалар заманға ілеспеген»,

Деп әр күнді өткізем күреспенен!

Партшенеунік кеңестік кезді аңсайды,

Кеңсе ішінде патефон үні өшпеген...

 

Көбік ауыз бөспе көп безген ардан,

Ақиқатты сомдамақ сөзбен жалған.

Жұртқа кейде үнімді естіртпейді,

Граммофондар кеңестік кезден қалған!..

 

Уақыт қашан елге оны ұқтырады,

Шашта қырау, кірпікте шық тұрады.

Махаббат пен ғадауат майдандасқан

Кездерге енді қош айттым,

Бітті бәрі!!!

 

Аттың басын бұрып ап Қырымға ана

Елден безем,

Ұмытсын ұлын Дала!

Сап, сап, көңілім, сап, көңілім,

Сол сапардан

Тоқтататын мені осы «Ділім» ғана!.. ***


* «Жас тұлпар» – 1960 жылдардың ортасында Мәскеуде Мұрат Әуезовтің жетекшілігімен құрылған ұлтшыл студенттер ұйымы.

* * «Жас ұлан» – 1969 жылы Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернатта Арман Қанидың жетекшілігімен құрылған ұлтшыл оқушылар ұйымы. Егемендік кезеңінде құрылған оқушылар ұйымы да «Жас ұлан» аталады.

* * * «Ділім» – Мұрат Әуезовтің жаңа кітабы.

 

Анамның елі

Балалығым бес жаста қараң қалып,

Жатты алдымда қара жол тарамдалып.

Қаралы топ батысқа бетін бұрды,

Ақ кебінге оранған анамды алып.

 

Қала бердім қаланың баласы боп,

Жаутаң қағып орманға ағашы көп...

Қасқыр тымақ көзіне түсіп кеткен

Аттылыға зер салдым нағашы... – деп.

 

Ілінбеген пенденің назарына

Періште кез әлі де – көз алдымда.

Есейгенде анамның жұртын іздеп,

Тізе бүктім Шайқы ата мазарында...

 

Баян елі құрметтер ұлын ерек,

Бірі жебеп жүреді, бірі демеп.

Бәлкім біреу сұрады:

–Қызымыздан

Қалып еді бір бала, тірі ме?.. – деп.

 

Сол бала енді:

–Ақбетте тамам шынар

Тұр ма екен, – деп – көк тіреп? –

хабар сұрар.

Есен болса Қорабай Шәкірұлы,

Анамыздың елі де аман шығар...

 

Нағашыға базына

(Баймағамбетов Әмірхан Дуабекұлына)

 

Бекзадасы өзіңсің бүгінгінің,

Даңқыңды естіп, парқыңды ұғынды інің!

Көз тимесін қаракөк үйіріне,

Жүрген шығар ішінде құлын күнім.

 

Үйіңе енсе төре де, қараша да,

Тап болады той-думан, тамашаға!

Жүдеп келсе жиенің, алдынан шық,

Жүйрік мініп, ту ұстап, нағашы аға!

 

Баян тау мен Едірей құтты мекен,

Бәрі жекжат, көрмедім жұртты бөтен.

Бауыр Бошан елінде бай-бағлан көп,

Тек соларға мырзалық бітті ме екен?..

 

Өткен күндер бозарды самайымда,

Ер Мәди де жақпаған ағайынға!

Өз жұртымда еншім бар бөлінбеген,

Соны бүгін айдатып алайын ба?!...

 

Аңғал елдің бұл емес күткені тек,

Ара ағайын бойымды тіктеді кеп.

Айтты біреу: «Әжеңнің құрсағы алтын,

және анаңның жатыры

мықты еді! – деп.

 

Осы сөзді жақын мен дос естіді,

Нағашымыз әйтсе де кеш естіді.

Ысқырығы жер жарып жиенінің,

Айдап келе жатқанда бес ешкіні...

 

Жұрағаты Жаяудың арға сенер,

Текті атаның ұрпағы, жалғаса бер!

Жақсыны да жатсынып кетер ме едім,

Ескі салтқа ие боп қалмаса егер...

 

Аруақты ерді құрметтер дала біздің,

Мен де осынау заманнан қалар ізбін!

Тамырымда бір тамшы қаны ойнайды,

Ел билеген Құлболды бабаңыздың!

 

Жайқалып тұр Жасыбай айналасы,

Өзгені оған жуытпас бай баласы.

Қонсам деймін сол көлдің жағасына,

Рас еді ғой мәрттігің, әй, нағашы!..

 

Бір рулы елге ағасың, ардагерсің,

Ботпай мырза соңында қалған ерсің!

Жиен ел боп отырса Жасыбайда,

«Өзгелердің керегі бар ма?...» – дерсің.

 

Сірә, өзіңе тұлпардың тұрқы мәлім,

Бұғалықта кей сәтте шырқырадым!

Жүргенімде ноқтаға басым сыймай,

Алдыңа алып келді ғой Жыр пырағым!..

 

«Казкрай», қараша үй

Қазір қызыл қоғамнан жоқ па сұрау,

Қалды сонда бала күн от басып-ау!..

Қара шаңырақ, қараша үй, қара қазан,

Бұлбұл ұшты көзімнен шақта осынау!

 

«Егемен ел», «Еркіндік», «Азат бәрі!» –

Десем де енді түрлі ойлар азаптады!

Өлеңдерім ымыртта өртенерде,

Өксіп еді-ау «Казкрай» қазақтары!..

 

Ұрғанда ызғар, үскірік қарашадан,

Өр рухымды ықтады бала-шағам!..

Лебізі ыстық жылытып үмітімді,

Енуші еді үйіме Манаш ағам!

 

Амал қанша, іздері ағалардың

Ұзады алыс...

Ол жақтан оралар кім?..

Ақсақалдар, ғажайып ақ сапарлар...

Ақ сағымға айналды көбі олардың...

 

Әжелер де жөнелді кезегі кеп,

Тарлауыт жол...

Текті ұрпақ төзеді тек!

Түсіме еніп абыздар аян берді:

«Тоқыш қажы көненің көзі еді!» – деп.

 

Бүгінгі ерлер сыйласын ежелгіні,

Ата-баба аруағы сезер мұны!

«Казкрайдың» киесін ұстап қалған

Тоқыш апам –

Көненің көзі ендігі!

 

Құран оқып бабалар қорымында

Жұбансам да,

Көкірек толы мұңға.

Түбінде мен думанды ғұмыр кешем,

Тойхана тұр қараша үй орынында!..

 

«Марсель» мейрамханасы

Абыздардың соңынан ерсем де мен,

Бала күнге оралып көрсем деп ем!

«Казкрайдан» іздедім қараша үйді,

Мейрамхана қарсы алды

«Марсель» деген!

 

Жауап бермей тойшыл жұрт сұрағыма

Төрге оздырды

(Кім білсін, сынады ма?).

Шақта осынау анамның үніне іңкар

Бесік жыры келгені құлағыма!..

 

Саумалына шөлімді қандырып ем,

Құлын күндер сол жерде қалды кілең!

Қақ төрінде ақыны «Казкрайдың»

Отырсын! – деп «Марсельді» салды,

білем...

 

Сиқырлы әуен, сылқым би, ғажап бәрі,

Тоймаймыз-ау тойдағы ләззатқа әлі!

«Марсельде» осы

Cыпайы француздардай

Әдепті екен Кереку қазақтары!..

 

Көз жұмылып бір сәтке тіл байланып,

Жұрт тыңдаса әлгі ақын

жырлайды анық!

Түнгі аспанға әуелеп бара жатыр,

Әміренің әні де нұрға айналып!

 

Бірақ тоймен өткізіп жаздың айын,

Жүрегімді мен қайтып мәз қылайын?!

Жүдемейді менсіз де

Қараша үйдің

Орнындағы «Марсель» мен

«Казкрайым»!..

 

Патшайым нәресте

(Төлеген Құлжановтың немересі туғанда)

 

Шаңырағыңа періште өмір еніп,

Жасыбай көл толқыды тебіреніп.

Алпыс екі тамыры «Бәйтеректің»

Босады, әне, сәбиге еміреніп!..

 

Жадыратып керілген қас-қабағын

Жаңа ай туды!...

Шырқаса жастар әнін,

Шарананың шыр еткен үнін естіп,

Түп тарихы оянды Астананың!..

Көзге, бәлкім, сақ жұрты елестеді,

Солар бізге өнеге емес пе еді?!

Атқа, таққа отырғыз,

Көкке көтер

Қайта туған патшайым нәрестені!..

 

Бабасы оның Мұқатай, сірә, абыз,

Қырда қалған ізінде тұнады аңыз!

Тұмарханым туатын кезде бірақ,

Түсіңе енген тәрізді ұлы анамыз!..

 

Сен де атасың көп күткен немересін,

Енді жұпар исіне кенелесің!

Тұңғиықтың түбінен көтерілген

Тұмарханым – айбарлы ат,

Әдемі есім!

 

Ертең тарқап мыңжылдық

мұнарлы үміт,

Шын патшайым алдыңда тұрар күліп!..

Бір түп арша апарып Баянтаудан,

Бесігіне байлап қой тұмар қылып!!!

 

Қаңтардағы гүл

(Гүлжанат Иманғазыға)

 

Ертістің жағасында Муза елі,

Жыр пырақ содан қашан ұзап еді?

Думаны тарқамаған Керекудің

Әуелден жігіті ақын, қызы әдемі!

 

Кірпікті қара мақпал нұрға малып

Жымисаң,

Сыр шертеді сырғаң анық.

Қақ жарып қаңтар айын келе жатсың,

Жаннаттан шыққан қыздай

гүлге оранып!

 

Кезде де жұртым тыныш, елім аман,

Сағыныш соқпайды екен жеңіл маған!

Сен, сірә, сәби шаққа іңкарсың-ау,

Сол жақтан ұзаған соң елу қадам...

 

Гүл өссе қар астынан біздің жерде,

Себеп жоқ сезіміңді тізгіндерге.

Ынтығып келешекке ұмтылғанмен,

Қия алмай қол бұлғайсың қыз күндерге!..

 

Әйтсе де ұл-қызыңа нұрланып бір

Зер салсаң,

Бусанады бүр жарып қыр.

Қаңтарда, қарашы, әне, қала үстінен

Ақ жұпар исі аңқыған гүл жауып тұр!

 

Ертістің жағасында жыр әлемі,

Сол жақта өсіп-өнген гүл әдемі.

Екеуің жүз жасайсың,

Себебі жұрт

Тәңірден сондай тілек сұрап еді!

 

Кеңістік және Кереку

Өзімді-өзім түсінбей-ақ бүгін мен,

Жан-дүниеме үрейленіп үңілгем!

Түссізденіп тәнім сіңді ауаға,

Түсіме енді Адам ата-Хауа ана!

Маған үлгі осы екеуі емес пе,

Өзге дүние кетті айналып елеске!

Ақындардың ары таза, жаны ізгі

Десем де мен,

Тәнім ауа тәрізді.

Салмағым жоқ тозаңындай ғаламның,

Әуедегі буға ұқсаған адаммын!

Біресе ысып,

Денем мұздап біресе,

Минут сайын ұлғаямын мың есе!

 

Көкке қарай өсіп келе жатырмын,

Көк тұманды кешіп келе жатырмын!

Сөйтіп, түпсіз шексіздікке

Шектеулі

Ой-санаммен көшіп келе жатырмын!

 

Кеңістіктің түкпірінде Жер қалған,

Сонда оралу, сірә, маған енді арман!

Сүт сәулесі шүпілдеген Құс жолы

Бара жатыр мені айналып белуардан!...

Бұл көрініс қиялы емес ақынның,

Тіпті сыймас шеңберіне ақылдың!

Бойымдағы әлгі үрейден түк қалмай,

Батылданып бірдемені ұққандай,

Шыға келдім арсы-күрсі үстіне,

Су бетіне кенет ыршып шыққандай!

Одан арғы дүниеге, Тәңір-ау,

Мен бәрібір тұра алмаспын сұқтанбай!!!

 

Жұлдызды аспан тіршілікке жарығын

Төгіп тұрса,

Ол да сенің әмірің!

Бар мен жоқтың иесі Өзің болған соң,

Дидарыңды көрмек едім, Тәңірім!!!

 

Жаратқанды жаратылыс ішінен

Іздеу үлкен күнә шығар,

Түсінем.

Мына сөздер айтылмайды бекерге:

«Һақ тағала мұқтаж емес мекенге!

Ол жаратқан түн мен нұрды әуелгі,

Ол тудырған үнсіздік пен әуенді!

Ол Мәңгілік туылмаған, тумаған,

Мезгіл, уақыт...

Бәрі де Оған тәуелді!».

 

...Әл-Харамда Қағба алдында бас ұрып,

Дұға оқыдым санам шайдай ашылып!

Қара тастың жылуынан жүрегім

Жібіп еді, нұр таңбасы басылып ...

Ендім Хира үңгіріне

Көз жасым

Пайғамбардың іздеріне шашылып!

Мұның бәрі бір көруге Жүзіңді

Жетпейді екен!!!

Бірақ бұл сөз асылық!

Дедім сонсын өзіңді-өзің алдама,

Түр-әлпет те тән емес қой Аллаға!

 

Сезімімімді жұпар иіс тербеген,

Бұрын-соңды мұндай сәтті көрмегем!

Бірақ ғарыш түк емес қой Тәңірсіз,

Сол себепті нәпсіге ерік бермегем!

О, Жаратқан, жебеші Өзің ендеше,

Жаннат емес, оралайын Жерге мен!

 

...Тілек қабыл болар мүмін тілесе,

Минут сайын кішірейіп мың есе!

Жерге қарай жай отындай зауладым,

Қандай күшті құдіреті Алланың!

 

Тай қазандай Күн қайнап тұр, апырай,

Алтын түйме секілденіп жатыр Ай.

Қарсы алдымнан Кемпірқосақ керілді,

Қапталымнан жүз шұғыла өрілді!

Жер Анамның қарасы, әне, көрінді,

Жаратқанның шуағы оған төгілді!

 

Мен әуелден ғаламшарға ғашықпын,

Сол себепті сапарда осы асықтым.

Одырайып көз салады бір қауым,

Оралуын күткен Иса мәсіхтің!

 

Жер астының сырын олар ұқпайды,

Заманақыр жетпей Мәді шықпайды!

Біздің елде төрт шадияр туған жоқ,

Бірақ содан тартты ма екен

жұрт қайғы?...

Машайық пен пірді жүрген әспеттеп

Жамағатқа жаманшылық жұқпайды!

 

Кенде емес қой әулиеге бұл қазақ,

Кезінде олар көргенімен түрлі азап,

Мәшһүр Жүсіп кесенесі үстінен

Ғарыш жаққа шашырайды нұр ғажап!

Ғабдылуахит Хазіреттің есімін

Құрметтемеу қызға ұят, ұлға жат.

 

Азан айтар шақтарды өзім қош көрем,

Мұнараға құлақ түріп өскен ем.

Кепиетке толы Бижан мешіті,

Үні Кеңес кезінде де өшпеген!

 

...Көрдім, міне, Қазақстан бедерін,

Күтеді ол өзі өсірген өренін!

Елдің көзін ту биікке қаратып,

Оқыды аспан Олжас ақын өлеңін!

Сағынышы Тоқтар Әубәкіровтың

Өзекті өртеп күйіп-жанып келемін!

 

Астананың көкше бұлты сіркіреп,

Есіле ағып Есіл жатыр жыр тілеп.

Жүр алаңда сарбаздардың түмені

Көкірегінен Ән ұраным күркіреп!

 

Мың баланың жүрегінде мың алау,

Айбат беріп жауынгер сақ тұр анау.

Күн астында қалықтай бер мәңгілік,

Көк туымда қанат жайған қыран-ау!

 

Тамырына сан ғасырдан сыз өткен,

Бәйтерекке басымды идім ізетпен!

Айналайын, қос пырағым, аман бол,

Қасиетті шаңырақты күзеткен!

 

Ел-жұртыммен қауышар кез келді ме,

Өз түріме ендім қайта мен, міне!

Елордаға айбын беріп Ел таңба,

Ел байрағы ту биіктен желбіре!

 

Беу, Астана, өндіршіндей жас қала,

Өнегесің дұшпанға да, досқа да!

Саған қарай керуен-керуен мұратпен

Келе жатыр өз жұртың да, басқа да!...

Мені әйтсе де, туған жерім күтіп тұр,

Енді есен бол, Ақ ордалы Астана!

 

...Көкірегімде қайта көктеп күзгі өлең,

Жауқазын жыр өніп-өсті жүздеген.

Алып-ұшып жеттім Керекуіме,

Әкімдері ақындарын іздеген!

 

Кереку-ай лапылдаған оттары,

Жауларым бар атылмаған оқтары!...

Достарым бар қалқан болған кеудеме,

Сөйте тұра басып жүрмін шоқты әлі!

Ақын болып өмір сүрдім десем де,

Өткен күндер маған оңай соқпады!

 

Қадірлеген тобырды да, топты да,

Сендей шаһар жер үстінде жоқ мына!

Көп күндерім күліп өтті десем де,

Ақындығым маған оңай соқты ма?...

 

Тұлпар едім, қазған орға сүріндім,

Сұңқар едім, жайған торға ұрындым!

Құлан едім, қанды судан өтерде

Сұр мергеннің жебесіне іліндім!

Жаутерек ем, жапырағы жайқалған,

Жасын ұрып тамырымнан жұлындым!

Кей түндері жалғыз өксіп жаттым мен,

Құшақтап ап жас қабірін ұлымның!

Сосын зират арасында тізерлеп

Отырдым да

Жаратқанға жүгіндім!

Беу, Кереку, сенде туып едім ғой,

Қойныңда өліп, бүгін қайта тірілдім!

Қара күзде суық ұрған дән едім,

Елдің ыстық деміменен жылындым!

Ертең қара орманыңа айналам,

Ұлы қалам,

Мен осыны ұғындым!

 

Ертісте анау жуылғанда жөргөгім,

Сенің жүзің ең алғашқы көргенім.

Бәйтеректің бұтағына байланған

Бесігімді анам болып тербедің!

Сәби үнмен өлең оқып уілдеп,

Түндерде де саған тыншу бермедім!

Түбі түркі жұртын іздеп шығар деп,

Қиялымды шежіремен зерледің!

Келбетіме күліп тұрып, Кереку,

Күрсінгенсің, сен өйткені шерлі едің!

Бекзат қалам, өнеге алып өзіңнен,

Он бес жасқа келгенімде ерледім!...

 

Жүрегіме шемен ойлар байланып

Тұр ғой енді,

Жата алмаймын жайланып.

Періште боп туып едім қойныңда,

Кетсем екен періштеге айналып!...

 

Арман ҚАНИ

Қазақтың қабырғалы ақыны Арман Бақтанұлының 65 жас мерейтойы – бұл барша Ертіс-Баян өңірі үшін елеулі оқиға деп білеміз.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы қаламгерге тілекші барша ағайынның лебізіне қосыла отырып, мерейтойымен құттықтайды. Сіздің облыстық басылыммен ұзақ жылғы байланысыңызды, өңірдің әдебиет, мәдениет салаларына қосқан өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Жырсүйер қауымды жүректен шыққан өлеңдеріңізбен парасатты ойға шомдырып, қалың жұрттың рухын түлетуден шаршамаңыз. Жазарыңыз таусылмасын, ғұмырыңыз ұзақ болсын!

Құрметпен, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы.

saryarka-samaly.kz