Екіжақты келісім құжатына қол қою шарасына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентев, «Отандастар қоры» акционерлік емес ұйымының аймақ- тармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалы төрағасы Болат Зауыт қатысты.

Бір елден екінші елге қоныс аудару және сол елге үйренісу ешкімге оңай соқпасы анық. Сондықтан оларды өзімізге бейімдеу және ықпалдасу жұмыстарын көптеп жүргізу қажет. Сонымен қатар, шетте тұратын қандастардың тілі мен ұлттық салт-санасын сақтау бағытына көп көңіл бөлінбек.

- «Отандастар қоры» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2018 жылы құрылған. Биылдан бастап өңірлермен байланыс орнатып, облыс әкімдерімен келісімшарт жасаудамыз. Біз көші-қон саласы бойынша бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Мысалы, «Қазақ елі», «Білім», «Мәдениет» деп аталатын офистеріміз бар. Бұлар шетелдегі, яғни Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдеріндегі қазақ диаспораларымен байланыс орнатып, ондағы қазақ жастарының ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауына, білім алуына жағдай жасайды, - дейді Әлия Сапабекқызы.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өз сөзінде «Отандастар қорымен» бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін және ұсынған барлық жобаларды қолдайтынын айтты. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов көші-қон саласында бұған дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Айтуынша, облыстық «Ана тілі» орталығында шетел қазақтарын оқыту курсы басталады. Оған Ресейдің Нобосібір, Омбы және Алтай өлкесінің тіл мамандары шақырылған. Сондай-ақ, жақында Моңғолияның Қобда аймағында тұратын қандастар байланысқа шығып, Наурыз мерекесіне арналған айтыс өтетінін айтып, осы жақтан айтыскерлер жіберуді сұраған. Сол айтысқа төрт ақын жіберіледі деп жоспарлануда.

- Этникалық қазақтарды қолдау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Қазіргі күні Ресей және Моңғолия қазақтарымен тығыз байланысып тұрамыз. Жақында Алтай өлкесіндегі қазақ ауылдарының кітапханаларына Павлодар облысы туралы 20 кітап берілді. Сондай-ақ, бірқатар өнерпазға сахналық костюм тіктіріп бердік. Ондағы қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін ұмытпас үшін әдістемелік қолдау көрсетілуде. Яғни, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары қазақ тілі курстарын өткізіп келді. Павлодарда соңғы үш жыл қатарынан өткен «Ұлы Дала» фестиваліне үш мемлекеттен қандастар делегациясы келді, - деді Ернұр Нұрланұлы.

Еске сала кетейік, жақында «Отандастар қорының» президенті болып Нұртай Әбіқаев тағайындалған болатын.

- Қор жұмысын басқаруды Мемлекет басшысы маған сеніп тапсырды. Ендеше, жүктелген міндет пен үмітті ақтауға асықпын. Қызметіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз байланысқа негізделген. Бүгін біз Қор дамуының болашақ бағыттарын анықтадық. Осы тұста отандастарымызға кешенді әрі жан-жақты көмек көрсету жүйесін құруға басымдық беріп отырмыз.

Алдағы уақытта қызметіміздің барлық дерлік салаларын қамтитын заңнаманы жетілдіру, елге оралған және шетелде тұратын қандастарымыздың мәселелерін зерттеу мен бірлесіп шешуге бағытталған диалог алаңдарын құру, отандастарымыздың бастамалары мен бизнес-жобаларын қолдау, мәдени және білім шараларын өткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізбек ниеттеміз, - деп атап өтті.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz