Кездесу барысында ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы, техникалық мәселелер талқыланды. Ұлттық компания басшысы бүгінгі таңда халықаралық, тақырыптық павильондарының құрылысы аяқталып, көрме қатысушыларына павильондарды табыстау әрі оларды мазмұндық толтыру процестерінің белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.

Өз кезегінде Доктор Зайни Бин Уджанг ұсынылған павильон және осындай деңгейдегі халықаралық шараға қатысу мүмкіндігі үшін алғыс білдірді.

- Біздің қатысуымыз тек ұлттық павильон төңірегінде болмаса дейміз. ЭКСПО-2017 аясында 3 мыңнан астам мәдени, тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Біздің секциямыздың мақсаты – баламалы энергия көздерін пайдалану бойынша көрме аясында ұйымдастырылатын конференция, дөңгелек үстел, форумдар жұмысына қатысу, - деді малайзиялық павильон комиссары.

Сондай-ақ, Бин Уджанг мырза ЭКСПО-2017 көрмесі барсында Қазақстанның астанасына Малайзия премьер-министрі Набжиб Тун Разак келетінін айтты.

Кездесу соңында Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы барысында малайзиялықтарға барынша қолдау көрсетілетінін білдіріп, Малайзия ұлттық павильонының табысталуы жөнінде құжаттарға қол қойды.

Бүгінгі таңда ЭКСПО-2017 көрмесіне 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатыны белгілі болды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

irstar.kz