Округтік атқару комитеті президиумінің 1929 жылғы 3 қаңтардағы отырысында «Жергілікті «Советская деревня» (орысша) және «Кеңес туы» (қазақша) газеттерін шығару және типография ұйымдастыру туралы» қаулы қабылданған. Осы қаулыда былай деп көрсетіліпті: «ВКП(б) округтік комитеті округтік кәсіподақ комитетімен бірге жоғарыда аталған газеттердің шығуына атсалыссын; ...округтік жергілікті шаруашылық ұйымына (окрместхоз) жуық арада типография ұйымдастыру және оның жарғысын дайындап, рәсімдеу жүктелсін; «Советская деревня» және «Кеңес туы» газеттері үшін типографияның ұйымдастырылуы ағымдағы жылдың қаңтар айында аяқталсын». Сонымен қатар осы құжатта газет редакцияларына шаруашылық қажеттіліктері үшін алғашқы қаражаттың 1000 рубль көлемінде бөлінгендігі жөнінде мәлімет кездеседі.

Павлодар округтік атқару комитеті президиумінің 1929 жылғы 2 ақпанындағы кезекті отырысында «Кеңес туы» газетінің редакторын бекіту туралы» мәселе көтеріліп, «Кеңес туы» газетінің редакторы болып жолдас Кенжебаев Б. тағайындалсын» деген №12 қаулы қабылданады. Ал редакция алқасының мүшелері болып Молдабаев, Ишмағамбетов және Әжібеков тағайындалады. Архив құжаттарынан округтік газеттерді, әсіресе қазақ тіліндегі «Кеңес туы» газетін шығаруды ұйымдастырудың қаншалықты қиынға түскендігін көруге болады. Ол қаражаттың, мамандардың жетіспеушілігі, қазақ типографиясы және оған қажет арнайы қазақша шрифте құрал-жабдықтардың жоқтығы болды. Деректерге сүйенсек, қазақ типографиясы үшін құрал-жабдықтар Қазан қаласынан әкелінген.

Облыстық мемлекеттік архивте Павлодар округтік атқару комитетінің жауапты хатшысы Елеукеновтің аудандық атқару комитеттеріне 1929 жылдың 30 қаңтарында жолдаған циркулярлық жедел хаты сақталыпты. Әрбір парағы, әрбір сөзінен сол жылдардың тыныс-тіршілігі сезілгендей құжатта газеттердің шығарылуына байланысты былай деп көрсетіліпті: «Округтік партия комитеті, округтік атқару комитеті және округтік кәсіподақ кеңесі ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан жұма сайынғы «Советская деревня» (орыс тілінде) және «Кеңес туы» (қазақ тілінде) газеттерін шығаруға кірісті. Аталған газеттер тек қана жергілікті маңызы бар басылымдар болып табылады. «Советская деревня» газетінің алғашқы нөмірі округтің барлық аудандық атқару комитеттеріне ақысыз жіберілді. Газеттің Кеңестер Одағы көлемінде қоғамның саяси, әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық және т.б. салаларын мейлінше толық қамтығанын көруге болады. Жалпы Қазақстандағы жағдайларға, ал оның ішінде Павлодар округінің тыныс-тіршілігіне (әкімшіліктердің әрекетсіздігі, кулактардың бой көтерулері т.б. сол сияқты мәселелерге) ерекше көңіл бөлінген. Басылып шығуы қазақша шрифтегі құрал-жабдықтың болмауына байланысты кешігіп жатқан қазақ газетінің де мазмұны осындай болмақ.

«...Газеттердің соңғы беттерінде аудандық, ауыл-селолық атқару комитеттері, ұйымдар мен мекемелер үшін аса маңызды болып табылатын округтік билік органдарының қаулы-лары, өкімдері жарияланатын болады.

Округтік атқару комитеті аталған газеттердің шығуы туралы ақпаратты және осы басылымдардың алдында тұрған міндеттерді еңбекші халыққа кеңінен тарату керек екендігін атап өтеді. Сонымен қатар төмендегі мәселелердің орындалуын ұсынады:

1. Қазақ аудандық атқару комитеттері өздері үшін және аумағындағы ауылдық кеңестер үшін жедел арада «Кеңес туы» газетіне жазылсын, орыс аудандық атқару комитеттері дәл осылайша «Советская деревня» газетіне жазылсын;

2. Бұдан басқа, аудандық атқару коми-теттеріне мүмкіндігінше өз аудандарындағы мәдени-ағарту мекемелері (оқу үйлері (избы читальные), мектептер, ликбездер т.б.) үшін де осы аталған газеттерге жазылу міндеттелсін;

3. Газеттерге жазылу жөніндегі үгіт-насихат жұмысы сондай-ақ жергілікті жерлердегі шаруашылық, кооперативтік және т.б. мекемелер мен ұйымдар арасында жүргізілсін;

4. Округтік газеттерді шығару жаңа ғана ұйымдастырылғанын және осы мақсатқа қыруар қаржы кеткенін ескере отырып, газеттерге жазылу ақысы толығымен және ең жуық арада төленсін.

Аудандық атқару комитеттеріне осы ақыны өздері үшін және өз аумағындағы ауыл-селолық кеңестер үшін ағымдағы жылға толық төлеуге болады, өйткені жазылу ақысы тіптен көп емес: небары бір жылға 1 дана газет бағасы - 2 рубль.

Осы өкімді алғаннан кейін ағымдағы жылдың 25 ақпанына дейін төменде көрсетіл-гендер жайында хабарлаңыз:

а) Сіздің ауданыңыз барлығы неше дана газетке жазылды және осы екі газеттің қайсысына?

б) Сіздің ауданыңызда барлық ауыл–селолық кеңестер газет ала ма және қайсысын?».

Павлодар округтік «Кеңес туы» газеті осы атаумен тура бір жыл шығады.

Сол жылдардағы елдегі коллективтендіру саясатына сәйкес 1930 жылдың ақпанынан «Кеңес туы» газетінің атауы «Колхоз» болып өзгертіледі.

1930 жылдың 23 шілдесіндегі ВЦИК-тің арнайы қаулысына сәйкес Павлодар округі жойылып, кеңейтілген аудандық аумақтық бірліктер енгізіледі. Осыған байланысты «Колхоз» газеті ВКП(б) Павлодар аудандық комитетінің, аудандық атқару комитетінің және аудандық кәсіподақ бюросының органына айналады.

1938 жылы 15 қаңтарда Павлодар облысы құрылды. 1938 жылдың 16 ақпанында өткен ҚК(б)П ОК-нің Павлодар облысы бойынша Ұйымдастыру бюросының ең алғашқы отырысында-ақ «Облыстық газет туралы» мәселе тыңдалады. Отырысқа «Колхоз» газетінің редакторы Ә.Аяпбергенов және «Колхозный путь» газетінің редакторы Д.Шухова шақырылады. Ұйымдастыру бюросы Павлодар қаласындағы полиграфиялық базаның екі облыстық газетті шығару мүмкіндігі жоқ екендігін ескере отырып, Морозов жолдасқа (ұйымдастыру бюросының мүшесі. – Қ.М.) қазақ және орыс тілдерінде газеттерді шығару үшін, полиграфиялық базаны дайындаумен шұғыл айналысу қажеттігі жөнінде қаулы қабылдайды. Сонымен бірге редакция және типография үшін қызметкерлерді іріктеу туралы тапсырма беріледі. 1938 жылдың сәуірінде Ұйымдастыру бюросы қайта ұйымдастырылып жатқан облыстық «Қызыл ту» және «Большевистский путь» газеттерінің атауларын бекітеді және осы сәуір айында газеттердің алғашқы нөмірлері басылып шығады. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып Ә.Аяпбергенов тағайындалады.

Мемлекеттік архивте облыстық «Қызыл ту» газетінің алғашқы редакторы Ә.Аяпбергеновтің қайғылы тағдыры жөнінде мәлімет сақталған. Әубәкір Аяпбергенов 1904 жылы Қызылағаш болысының (казіргі Ертіс ауданының аумағы. – Қ.М.) №5 ауылында дүниеге келеді. Өзінің 1937 жылдың 25 шілдесінде жазған өмірбаянында көрсеткендей, ол 1925-1926 жылдары Павлодар қаласында «выдвиженецтер» курсында оқиды, онан соң ауыл мектептерінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1927-1929 жылдардың жаз айларында екі айдан Павлодар қаласында мұғалімдер курсында білімін одан әрі жетілдіреді. 1930 жылдың қараша айынан 1932 жылдың маусымы аралығында Ертіс аудандық «Колхоз тілі» газетінің хатшысы, 1932 жылдың маусымынан осы газеттің редакторы болып қызмет істейді. 1936 жылдың 31 тамызында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен Аяпбергенов Әубәкір Павлодар аудандық «Колхоз» газетінің редакторы болып бекітіледі. Осы қызметте ол облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып тағайындалғанға дейін істейді.

1938 жылы 2 маусымда ҚК(б)П ОК-нің Павлодар облысы бойынша Ұйымдастыру бюросы «Облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы жолдас Ә.Аяпбергенов туралы» деген мәселені талқылап, оны осы қызметтен босату жөнінде қаулы шығарады. Облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып ұйымдастыру бюросының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі С.Мыңбаев тағайындалады.

1938 жылы 3 маусымда ҚК(б)П ОК-нің Павлодар облысы бойынша Ұйымдастыру бюросының жабық отырысы өтеді. Осы отырыста «Аяпбергенов жөнінде» деген мәселе тыңдалып, онда: «Аяпбергенов алашордашылармен және халық жауларының ұлтшыл элементтерімен байланыста болғаны үшін партиядан шығарылсын. Іс НКВД органдарына берілсін» деген қаулы қабылданады.

Аяпбергенов Әубәкір тек 1964 жылы 31 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының арнайы шешімімен ақталады.

Павлодар облыстық партия комитеті бюросының 1939 жылдың 10 қаңтарында өткен отырысында «Облыстық «Қызыл ту» және «Большевистский путь» газеттерінің жұмыс жағдайы туралы» мәселе тыңдалады. «Екі газеттің де редакциялары өз жұмыстарын ВКП(б) ОК-нің «ВКП(б) тарихының қысқаша курсының шығуына байланысты, партияның үгіт-насихат жұмысының алға қойылуы» атты қаулысына сәйкес бейімдей алмай отыр. Үгіт-насихат бөлімдері білікті мамандармен толық қамтамасыз етілмеген, авторлық ұжым әлі жоқ, газет беттерінде кеңестер, сұрақтарға жауаптар т.б. жарияланбайды. Редакция штаттарына осы уақытқа дейін негізгі басшы қызметкерлер қабылданбаған. «Қызыл ту» газетінде барлығы 8 бөлім болса, соның 6-уында ғана бөлім меңгерушілері бар. Газеттер көктемгі егістікке дайындық, мал шаруашылығының дамуы мен сақталуы жөніндегі мәселелерді толық қамтымай отыр. Селькорлармен жаппай жұмыс өз деңгейінде емес. Газеттер осы уақытқа дейін партия өмірін нашар насихаттайды. «Партия өмірі» айдарымен берілген материалдар терең емес, үстірт қана болып отыр. Аудандық газеттерге шолу жасалмайды. Газеттер екі бетпен ғана шығуда», – деп көрсетілген облыстық партия комитеті бюросының қаулысында. 1939 жылдың 15 қазанында облыстық партия комитетінің V пленумы өтеді. Осы пленумда облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы Мыңбаев Сары (құжаттарда Менбаев, Минбаев болып та кездеседі. – Қ.М.) өзі басқарып отырған ұжымның жұмысындағы қиындықтар жөнінде айтады. Газет редакциясында үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болмады. Белгіленген 7000 дананың орнына газет тек 5000 данамен ғана шығарылды. Оқырмандарға газет 1939 жылдың басынан бастап төрт бетпен шығатын болады деп уәде етілген болатын, бірақ полиграфиялық базаның нашарлығына байланысты газет әлі де екі бетпен басылып отыр. Терушілер болмады, бар-жоғы екі теруші ғана жұмыс істеді, олар осы екі беттің өзін 3-4 күн басады. Редакцияда автокөлік те болмады.

Кешікпей, 1939 жылдың 18-20 қазанында баспасөз және радио қызметкерлерінің облыстық жиналысы болады. Бұл жиналыста 1939 жылғы 24 желтоқсанда жергілікті еңбекшілер депутаттары Кеңесіне алғашқы сайлаудың өткізілуіне байланысты, баспасөз, радио ұйымдарының алда тұрған міндеттері талқыланады.

Сол жылдары шығарылған газеттердің сапасы өте нашар болды. «Типография жағдайы қай жағынан алмасақ та, өндірістік, әсіресе қаражаттық тұрғыда, тіптен нашар. Бүгінгі күні типографияда бар құрал-жабдықтар газеттердің уақытында және сапалы шығуын ешбір қамтамасыз ете алмай отыр», – деп хабарлайды Павлодар облыстық партия комитетінің хатшысы С.Рябов Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Д.Кулитовқа 1940 жылдың 7 қаңтарында «Павлодар облыстық типографиясының жағдайы және жұмысы туралы» жазған хатында. Типографияда екі линотип болды, бірақ олар бірде-бір арнайы білікті мамандардың болмауынан бірде істеп, бірде істемеді. Сонымен қатар типографияның өз энергетикалық базасы болмады, линотиптер энергия көзін тәулігіне 16 сағат қана жұмыс істейтін совхозаралық шеберханалардан алып тұрды. Ал линотиптердің қалыпты жұмыс істеуі үшін, тәулігіне 20-22 сағат электр энергиясы керек болатын. Типографияда бір ғана жаңа «Пионер» және «әбден тозған екі ескі» баспа машинкасы болды. «Типографияның қаражаттық жағдайының нашарлығы соншалықты, – деп көрсетілген хатта, – ол жедел арада көмек көрсетуді қажет етіп отыр, өйтпеген жағдайда өндірістің тоқтап қалу қаупі бар. Бірқатар білікті мамандар еңбекақыларының уақытында төленбеуі себебінен жұмыстан кетті».

Типография өте тар жайда орналасты. Бір цехта теру, баспа, сұрыптау цехтарымен қатар корректорлар да жұмыс істеді. Осындай ауыр жағдай типография жұмысының нәтижелілігіне, еңбек сапасы мен өнімділігіне кері әсерін тигізді. Облыстық типографияға Қазполиграфтресі тарапынан кезек күттірмейтін практикалық көмек керек болды. Хат авторы осы туралы мәселе көтерді.

Сол жылдары облыстық газет редакция-ларының жанынан әдеби үйірмелер құрылып, жұмыс істейді. 1939 жылдың 23 сәуіріне қарай облыстық «Қызыл ту» газетінің әдеби үйірмесі 14 адамның басын біріктірді. Әдеби үйірмелер 42 жас ақын-жазушылармен тығыз байланыста болып, олардың газеттерге жариялауға жіберген туындыларын талқылап, кеңестер беріп отырды. 1940 жылдың 2 наурызында газет редакциясында Павлодардың әдеби үйірмешілерінің халық әншісі, ақын, композитор, Қазақ ҚСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Естай Беркімбаевпен кездесуі өтеді.

Ертістің Павлодар өңірінің әр кезеңдегі тарихынан сыр шертер және өз өлкеміздің шежіресін білуде әрі дерек көзі болып табылатын облыстық қазақ баспасының тарихы осылай басталған еді.

 

Қаншайым МАҚАЖАНОВА, Павлодар облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары.

saryarka-samaly.kz