Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қуат Белгібаевтың мәлімдеуінше, еліміз бойынша 2020 жылы 13 миллионнан астам адам жалпыға ортақ декларация тапсыруға міндеттеледі. Ал облысымызда шамамен 500 мың тұрғын осы тізімде. Олар – кәмелетке жасқа толған азаматтар, оралмандар және тұруға ықтиярхаты бар азаматтар, сондай-ақ, аттарына мүліктер немесе қандай да бір кіріс тіркелген кәмелет жасына толмағандар. Декларациялау жүйесіне енгеннен кейін Бұл санаттағыларға 250 нысанды бастапқы декларация жасау ұсынылады. Онда жеке тұлғаның мүлкі, дебиторлық және кредиторлық берешегі, қолма-қол ақша, банктік мәліметтер, шетелдегі банктердегі депозиттер, кредиттер көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, тұрғындар ерікті түрде мәдени, құнды және биологиялық активтерін де көрсетуге құқылы. Бұл - алғашқы жылы тапсырылатын декларация түрі. Одан кейінгі жылдары 260 және 270 нысанды есеп беру көзделген. Біріншісі қысқартылған түрі болса, екіншісі - кеңейтілген түрдегі есептілік. Декларация тапсыруға тиіс адамдардың 70 пайызы қысқартылған түрінде есеп береді деп күтілуде. Яғни, кірісі тұрақты тұрғындар қысқартылған нысанда тапсырады. Ал кеңейтілгенін есеп берілетін жылы қандай да бір жылжымайтын мүлік немесе көлік, құнды қағаздар және басқасын сатып алған азаматтар міндетті болмақ. Мамандардың мәлімдеуінше, ақпараттық жүйе көптеген құзырлы органдардың жүйесімен кіріктірілген. Сондықтан, толтыру кезінде азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі енгізілісімен, кейбір ақпарат декларация парағында автоматты түрде шыға келеді.

Департамент басшылығының айтуынша, мұндай декларация көлеңкелі экономикамен және жасырын кірістермен күресті күшейтуге бағытталған. Яғни, жеке тұлғалардың кірістерін бақылау үшін қолға алынып отыр. Мәселен, кімде-кім көлігі бола тұра, есептік кезеңде астына тағы бір автомобиль алса, бірақ, жұмыс орнын ауыстырмаған, сол жалақымен күн көріп жатқан болса, онда «темір тұлпардың» оған қандай қаржымен келгені тексеріледі. Бұл дегеніңіз, құзырлы органда бұл азаматтың декларацияға енбеген кірісі бар деген күдік тудырады. Ал егер ол азамат көлікті біреу сыйға тартты десе, онда жомарт жанның кірісі де ескеріліп, жіті тексерілетін көрінеді. Сонымен қатар, сауда үйлерінен алған тұрмыстық және электронды техникалар да салық салымшыларының назарынан тыс қалмайды.

Мамандар екі жылдан бері алдағы уақытта декларация тапсырылатыны турасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ақпаратты азаматтар құзырлы органның ресми сайтынан да ала алады.

Сонымен қатар, кірісіңіз бен мүлкіңіз жайындағы ақпаратты кірістер департаментіне электронды немесе қағаз түрінде тапсыруыңызға болады. Алғашқы нұсқасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 15 қыркүйегіне дейінгі аралықта 2019 жылдың кірісі жайында ақпаратыңызды тапсырып үлгеруіңіз тиіс. Ал қағаз түрінде тапсыруды ыңғайлы деп тапсаңыз, онда есебіңізді құзырлы органға 1 шілдеден кешіктірмегеніңіз жөн. Департамент мамандары декларацияның көбі электронды түрде тапсырылады деп күтуде. Алғашқы кезеңінде мекеме мамандары тұрғындардың бұрыннан таңсық құжатты дұрыс толтыруына жәрдемдесеміз деп отыр.

«Міндетті декларацияны тапсыр-маған жағдайда қандай шара қолданылуы мүмкін?» деген орынды сауал туындайды. Қ.Белгібаевтың айтуынша, мұндайда алғашында ескерту жасалады, егер одан кейін де орындалмаса, әкімшілік жаза қолданылуы ықтимал.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz