Біз – ардагерін ардақ тұтқан халықпыз. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр бабаларды ұмытуға хақымыз жоқ. Ел мен жердің бостандығы үшін саз кешіп, жалын құшқан азаматтарға қандай құрмет көрсетсе де лайық. Бейсенбі күні біздің басылымда әр жылдары қызмет істеген соғыс ардагерлерінің тұрған үйлері бойынша (Павлодар қаласы) орнатылған ескерткіш тақталардың ашылу салтанаты болды.

Қанды майдан басталған тұста редакциядан аттанып, жаумен шайқасқан ардагерлердің бірі – Әбдіш Баймурзин. Ол еңбек жолын 1936 жылы «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінде бастаған. Ал «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалына» 1938 жылы келді. 1942 жылы майданға шақырылып, 1945 жылы елге оралды. Майдан даласында екі жыл бойы атқыштар бригадасының құрамында шайқасты. Әбдіш атамыз өмірінің соңғы жылдарында Павлодар қаласындағы Генерал Дүйсенов көшесі, 56-үйде тұрған екен. Мемориалды тақта сол үйдің қабырғасында орнатылды. «Қызыл ту» газетіне қаламының сиясы сіңген ардагерлердің бірі - Бақи Әбдіқадыров. Ол 1942 жылы небары 18 жасында майданға аттанып, соғыста парашютші-десант полкін бастаған. Майданда да қолынан қалам мен қағаз тастамай, өлең жазып, оны майдан газеттеріне жариялап тұрды. Соғыстан келгеннен кейін «Егемен Қазақстан» және «Қызыл ту» газеттерінде қызмет еткен. Бақи ағаға арналған ескерткіш тақта өмірінің соңғы жылдарында тұрған Тәуелсіздік даңғылы, 4/1 мекен-жайында орнатылды. Осы қатарда соғыс ардагері, көзі тірісінде БАҚ саласында көп жыл еңбек еткен Жылқайдар Қарпықов та бар. Ардагер Ленинград және Балтық бойы елдерін азат ету ұрыстарына қатысқан. Сонымен қатар, Шығыс Пруссияның Кенигсберг қамалын бұзу шайқасында ерлік көрсетті. Соғыстан 1945 жылы оралып, облыстық «Қызыл ту» газетіне қызметке алынды. Мұнда 1966 жылға дейін бас редактордың орынбасары болып қызмет істеп, зейнетке шықты. Сонымен қатар, бір жылдары «Тың өлкесі» газетінде де жұмыс істеді. Ж.Қарпықов соңғы кездері генерал Дүйсенов көшесі, 14-үйде тұрғандықтан, дәл сол үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Облыстық газет ұжымы майдан даласында 1939 жылдан соғыс аяқталғанша болған Кәрмұқан Бекбергеновті де зор құрметпен еске алуда. Ол майданнан келгеннен кейін облыстық «Қызыл ту» газетіне қабылданып, 1963 жылға дейін қызмет істеді. Осы кезде газет жабылып, «Социалистік Қазақстан» газеттеріне ауысты. 1966 жылдың 1 қаңтарында «Қызыл ту» басылымына қайта оралып, редактордың орынбасары болып көп жыл жемісті еңбек етті. Басылымның көркеюіне көп еңбек сіңірген адамдардың бірі – Сұбыхан Шошанов. Майдангер-журналист бұл басылымды 19 жыл бойы басқарып, биік деңгейге көтерді, оқырман санын көбейтті. Білікті басшы ретінде танылды. Ол кісінің тұсында Павлодар алюминий зауыты алғашқы өнім бере бастады, Павлодардың алғашқы тракторы жасалды, мұнай өңдеу зауыты іске қосылды. Міне, осы тақырыптардың барлығы осы газет арқылы оқырманға жетті. Соның нәтижесінде 1979 жылы 15 наурызда газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Сұбыхан Шошановқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуына Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және ардагерлердің балалары мен жақын туыстары қатысты.

- Ертіс-Баян өңірінің айнасына айналған «Сарыарқа самалының» биылғы мерейтойы - барша оқырманға ортақ. Осы мерейлі датаға орай ардагерлер еңбегіне құрмет көрсетіп, олардың есімдерін өшпес тарихқа жазу – бүгінгі буынның міндеті. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен майдангер-журналистердің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Олар өз замандарында облыстың мәдени-рухани дамуына үлес қосты, маңызды істер атқарды. Барша оқырмандарды және газет ұжымын ескерткіш тақталардың ашылу салтанатымен құттықтаймын, - деді Ернұр Нұрланұлы.

Өңірімізге белгілі журналист, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Социал Әйтенов те сөз алып, ардагер ағалары туралы естеліктерімен бөлісті. Социал аға газетке Сұбыхан Шошанов радактор болып тұрған тұста келіп, ағалық ақылын және ұстаздық тәлімін алғанын мақтанышпен айтты.

- Кәрмұқан Бекбергенов, Жылқайдар Қарпықов, Әбдіш Баймурзин ағаларымыздың барлығын ұстаз тұтамыз. Қызмет жолында қандай жетістікке жетсек, барлығы бізді баулыған сол кісілердің еңбегінің жемісі, - деді Социал аға.

«Нұрсағат» мейрамханасында берілген мерей-тойлық асқа облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, облыстық газеттің ардагерлері, ақын-жазушылар, кезінде басылымда қызмет еткен журналистердің ұрпақтары және қалалық, аудандық газеттердің редакторлары қатысты. Жолдас қажы дүниеден өткен ардагер журналистердің рухына құран оқып, дұға бағыштады.


Әл-Халел ҚАРПЫҚ, академик, филология ғылымдарының докторы:

- Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті - мен үшін аса бағалы басылым. Мұнда менің әкем Жылқайдар Қарпықовтың қолтаңбасы бар. «Қызыл туда» кезінде редактордың орынбасары болып қызмет істеген. Менің тіл және әдебиет саласына келуіме әкем ықпал етті. Қартайған шағында сырқаттанып, ұзақ жыл төсек тартып қалды. Ауруханада жатқан кезде қасына отырып, әңгімелесемін. Сонда: «Әке, қандай арманыңыз бар?» деп сұраймын ғой. Сонда әкем: «Менің жалғыз арманым - өз аяғыммен сыртқа шығып, өз көзіммен табиғатты тамашалау» дейтін еді. Әкемнің еңбегін бағалап, есімін әспеттеп жатқан облыс басшылығына, газет ұжымына алғыс айтамын.


Аймақ баспасөзінің қарашаңырағы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойы Естай атындағы мәдениет сарайында сән-салтанатымен жалғасын тапты. «Тоқсан жыл туған жердің төрінде» атты кешке Ертіс-Баян өңірінің әр қиырынан тұрақты оқырмандарымыз торқалы тойдың куәсі болуға арнайы келді. Үлкені де, жасы да өңір тарихынан сыр шертетін, әр күнінің куәсі - ата басылымның жаңа белесімен құттықтай келіпті.

Облыс әкімі Болат Бақауов бастаған жергілікті билік өкілдері, академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім әрдайым ел мүддесін бәрінен биік қоятын басылымның мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Ресейдің Алтай өлкесі Байғамұт ауылындағы қазақ мектебінің директоры Сапарбек Маусымбаев, «Алтайская правда» газетінің арнаулы тілшісі Николай Гуртенко көрші елдегі қандастарымыздың атынан құттықтау айтып келді.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның Рүстембек Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күй салтанатты жиынның шымылдығын ашты. Бұдан кейін құрметті қонақтардың ақ тілектері ағылды. Көпшілікке газеттің тарихынан, бүгінінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.

Облыс әкімі Болат Бақауов аймағымыздың ақпарат айнасы – «Сарыарқа самалы» газетінің ардагерлерін, ұжымын, оқырмандарына мерейтойлық тілегін жеткізді.

- Төл газетіміздің 90 жылдығымен құттықтаймын. Бұл - облыстағы маңызды даталардың бірі. 90 жылдың ішінде газет өз бағытынан айныған емес. Халықпен бірге жасап келеді. Барлық мәселені қамтиды. Газеттің ескі тігінділерін парақтасаңыз, қаншама тарих сақталған. Бұл газеттен қаншама классик ақын-жазушыларымыз танылды. Қалижан Бекқожин, Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шәмкеновтер – біздің мақтаныштарымыз. Бүгінде «Сарыарқа самалы» газеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан әр саладағы реформалар жайында кеңінен жазып келеді. Облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайында да жан-жақты жазылуда, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдық өңірлердегі газеттің оқырмандары басылымның әр санын асыға күтетінін жақсы білетінін атап өтті. Газет әрдайым алтын бесік - ауылды ұмытпайтынын да тілге тиек етті. Кешегі аға буынның жұмысын бүгінгі жастар сенімді жалғастыратынына сенім білдірді.

Бұдан соң аймақ басшысы газет ұжымы қызметкерлерінің жұмысына жеміс тілеп, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс-тады. Газеттің ақпараттық бөлім меңгерушісі Сая Молдайып «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев, орынбасары Мұрат Аяғанов, жауапты хатшы Санитас Иманғазина, корректорлар – Айман Иманғазина және Зәмзәгүл Оспанова, шолушы Құндыз Қабылденова, Нұржайна Шодырға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Ал әлеуметтік-экономикалық даму бөлімінің меңгерушісі Гүлжайна Түгелбай, шолушы Айдана Қуанышева, тілшілер – Алпысбай Хонж, Қарлығаш Хашымқызы, Тілеуберді Сахаба, Мереке Амантай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Алыстан ат терлетіп, аймағымыздың ата басылымының торқалы тойына арнайы келген мәртебелі мейманымыз Ғарифолла Есім өңір жұртшылығы алдында қарашаңырақтың шашбауын көтеріп, ақ тілегін ақтарды.

- Зал лық толы. Осында газет оқитын адам қарасының көптігін көріп, тебіреніп кеттім. Қазақтың тойы бітпесін. Қазағымыз той болса, жайдарланып, құлпырып шыға келеді. Астанадан арнайы келіп тұрмын. Мен мынаны айтқым келеді, той тойлауға, бір-бірімізді құттықтауға бір ғана нәрсе керек. Ол – бейбіт өмір. Бейбіт өмірсіз дәл бүгіндей емін-жарқын отыру болмайды. Елбасының және оның айналасындағы азаматтардың арқасында елімізде тыныштық орнаған. Қаншама елде берекесіздік белең алған. Ондайда адамға ас та батпайды. Сондықтан, бейбіт өмірімізге риза болу керекпіз, - деді ғалым Ғарифолла Есім.

Мәртебелі мейманымыз газет қашанда билік пен халықтың ақылшы-кеңесші екенін еске салды. Билік пен қоғамды байланыстыратын көпір іспеттес екенін, осы ретте «Сарыарқа самалы» бұл міндет мүддесінен шығып отырғанын да атап өтті. Ертіс-Баян өңірінің бас басылымына ықыласы да ерекше екенін білдірді. Себебі, атақты жерлесімізді бала кезде қанаттандырған. Ағамыз сол балалық шағындағы біраз естеліктерімен бөлісіп, көптің ықыласына бөленді.

Ұжымымызда ардагерлерге айрықша құрмет көрсету ежелден қалыптасқан дәстүр десек, артық айтқандық болмас. 90 жылдық мерейтой төрінде көп жылдар газетімізде еңбек етіп, өлшеусіз үлес қосқан ардагер аға-апайларымызға құрмет көрсетілді. Ардагерлер атынан газетке кезінде редакторлық еткен Қазақстанның Құрметті журналисі Мұхит Омаров та қарашаңырақтың айтулы күнінде ағынан жарылып, ақ тілегін ақтарды. Ол газет әрдайым халыққа қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралы екенін ерекше атады. Бұл ретте, басылым үшін оқырманның орны бөлек, деді. Яғни, оқырмансыз газет - тұл.

- Аймағымыздың ата басылымында өңір тұрғының әрбірінің атасы, әкесі жайында сөз қалған, олардың ізі сайрап тұр. Сондықтан, бұл басылыммен байланысы жоқ аймағымызда адам кемде-кем. Бүгінгі той бәрімізге ортақ. Мерейтойға орай ұлықты шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, газетте қызмет еткен Ұлы Отан соғысының 5 ардагеріне мемориалды тақта ашылғанын ерекше атап өткен жөн, - деді М.Омаров.

Сонымен қатар, ардагер журналист қазіргі заманда теледидар, радио, интернет, әлеуметтік желі көбейгенімен, газеттің орнын ешқайсысы баса алмайды, деді. Басылым 90 жылға жеткенше талай соқтықпалы-соқпақты жолмен өткенін де көпшіліктің есіне түсірді. Газет редакциясының біраз жыл «өз ошағынан» жырақта жүруге мәжбүр болғанын қынжыла есіне алды. Осыған байланысты облыс басшылығына ардагерлердің білдірген өтінішін қабыл алып, ежелгі қонысына қайта жайғасуына жағдай жасағанына алғыс айтты. Сондай-ақ, бұл ғимараттың төбесіне «Ертіс Медиа» деген атаудың орнына «Журналис- тер үйі» деп жазылса деген бұйымтайын да бүгіп қалмады.

«Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев та мерейтоймен құттықтай келген қауымға алғысын айтып, газеттің өткені мен бүгініне қысқаша шолу жасады. Осы ретте, Ертіс өңірінің ата басылымының қалыптасуына, өркендеп, дамуына, кемелденуіне кеңінен үлес қосқан азаматтардың есімін айшықтап өтті. «Сарыарқа самалы» газетінен қанатын қатайтып, түлеген тас түлектерін де тізіп шықты. Сол түлектердің ең мықтылары Халық жазушысы, ақыны атанса, ал ең осал дегені республикаға танымал тәжірибелі журналистке айналды, деді. Газетпен етене еңбек етуден жалықпаған, бізден қол үзбеген тұрақты ғалымдар, тұрақты оқырмандарымызға, сенімді серіктеріне де айрықша алғысын айтты.

Газет елімізде жүзеге асып жатқан реформаларды облыс жұртшылығына шынайы жеткізуші құрал екенін де атап өтті. Қазіргі сенсация мен рейтинг қуған заманда фейк емес, ақпарат тек газет бетінен табылады, деді. Яғни, бұл ақпарат құралдары жедел болғанымен, ұлағатты басылымның орнын баса алмайтынына сенім білдірді.

Салтанатты кеш әсем әнмен, күмбірлеген күймен өрілді. Тойға жиналған қауым замана жүгін қайыспай көтеріп келе жатқан ата басылымның болашағына үміт артып, кейінгі буынның да сенімді серігіне айналуына тілектестік танытып, тарасты.


Нескен МӘЛІКОВА, ҚР еңбек сіңірген ұстазы, тұрақты оқырман:

- Ата басылымның тойына Баянауылдан арнайы келдім. Бұл тойды көру мен үшін өте қуанышты сәт болды. Өйткені, бұл басылым бала күннен бергі сырласым, серігім. 90 жас деген адамның бір ғұмыры ғой. Бала кезімде «Қызыл туды» құлашымызды жая оқушы едік. Зейнет жасына жетіп, балалық шағымның куәсі болған газеттің торқалы тойын көру мен үшін үлкен бақыт. «Сарыарқа самалымен» байланыс ешқашан үзілген емес. «Айналайын» талбесігі тербетіліп, қаншама балғынның бағын ашуда. Сондықтан, газет ұжымына сәттілік серік болып, биіктен көріне берсін дегім келеді.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz