Елінің сөзін сөйлеп, ақын деген қасиетті атты абыроймен алып жүрген қаламгердің мерейлі жасы қарсаңында бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ақын жырсүйер қауыммен кездессе, Достық үйіндегі салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, журналистика мэтрі Жанболат Аупбаев және тағы да басқа мәртебелі меймандар қатысты. Кеш барысында қаламгердің «Қарашығымдағы бейнелер» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Арман Қани - кешегі солақай саясаттың салқыны есіп тұрған шақтарда да өзінің өршіл ақын екендігін, қазақтың қайтпас қайсар ұлына тән тектілігімен дәлелдей білген азамат. Қоғамнан қанша теперіш көрсе де, мойымай, Алаштың сөзін сөйлер ақын боламын деген асқақ арманы оны биік шыңдарға жетеледі. Ақынның алғашқы өлеңдеріне 1980 жылдардың бас кезінде республикалық әдеби басылымдар беттерінде қазақ поэзиясының көрнекті тұлғалары Жұмекен Нәжмиденов, Қуандық Шаңғытбаевтар жылы лебіз білдіріп, сәт-сапар тілеген. Тұңғыш жыр жинағына Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай толымды пікір білдірген еді.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өткен «Ертістің өршіл ақыны» атты шығармашылық кездесуге ақынның өзімен қатарлас жүрген қаламгерлер, туған-туыстары мен өлеңсүйер оқырман қауым қатысты. Ақын Алақанұлы, Социал Әйтенов, Шолпан Байғалы сынды үзеңгілес замандастары ақ тілегін айтты.

- Арман - қазақ поэзиясындағы көрнекті ақын. Оның ноқта-жүгенге сыймай, еркіндікті аңсаған басы шу асауды көз алдыңызға әкеледі. Шығармалары жаныңызға рух сыйлап, тектілік пен кесектіктің айқын келбетін көрсеткендей. Сондай-ақ лирикаға толы кейбір өлеңдерінде нәзіктік пен тазалық, өнерге, өлеңге деген адалдығы айқын көрініс тапқан. Қазақ поэзиясының айтулы тұлғасы Мұзафар Әлімбай: «Арман - ақын жігіт», - деп бір ауыз сөзбен ғана оның кескін-келбетін сипаттады. Сөз қадірін өз қадірім деп ұққан ақын ініме зор денсаулық пен шалқар шабыт тілеймін, - деді Моңғолияның және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ақын Алақанұлы.

Ал ақын, журналист Жарқынбек Амантайұлы жастар атынан сөз сөйлеп, Арман ағаның жас буынға үлгі боларлық тұлға екендігіне тоқталып өтті. Аталған музей қызметкері, жас ақын Досжан Мұратбек Арман Қаниға «Алаш рухы» атты арнау жырын оқып берді.

Арман Бақтанұлы - атақты Жаяу Мұса Байжанұлының жиені. Сондай-ақ Алашқа аты мәлім күрескер ақын, әнші, композитор Мәди Бәпиұлының тікелей ұрпағы. Кеш барысында Жаяу Мұса мен Мәдидің ел аузында айтылып жүрген рухты әндерін жергілікті өнер жұлдыздары Амангелді Қожанов, Оразбек Бақытхан, Әсел Ботаева нақышына келтіре орындады. Аталған музейдің директоры, суретші Жеңіс Молдабеков туған күн иесін құттықтап, Арман Қани мен жұбайы Бақыт Аханбаеваның қылқаламмен салынған естелік суретін сыйға тартты.

Достық үйінде өткен салтанатты шара Арқа өңіріндегі игі жақсылардың басын қосқан айтулы жиын болды. Бұл кешке ақындар мен жазушылар, журналистер, ел ағалары, қаламгердің ұстаздары мен туған-туыстары тегіс жиналды. Олардың қатарында Қорабай Шәкірұлы, Қабидолла Шәкәрімов, Қуат Есімханов, Абызбай Адамов, Алтынбек Нухұлы секілді тағы да басқа айтулы азаматтармен қатар Ғазиза Әбжанова, Рымтай Бердалина секілді ақынның аяулы ұстаздары да болды. Қаламгерді мерейтойымен облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев арнайы құттықтады. Ақынға шығармашылық табыс тілей отыра, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Арман Бақтанұлының шығармашылық қырына тоқтала келе:

- Мен Зайсан өлкесінде туып-өстім. Ерке Ертістің толқынымен бірге тербелдім. Зайсан мен Баянауыл баурайынан үлкен үндестік табамын. Себебі, екеуі де таулы жер. Сол тауда қарағай дейтін қатты ағаш өседі. «Қарағайдың қырық бұтағы бар», - деген сөз бар қазақта. Соның ішінен бір бұтағынан ғана әулиелер ұстайтын қасиетті асатаяқ шығады екен. Арман Қанидың өршіл өлеңін оқысам, қарағайға қарсы біткен бұтағы есіме түседі. Арекеңнің мерейтойы қарсаңында республикалық «Қазақ әдебиеті» және «Жұлдыз» журналында, сондай-ақ облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде Арман Бақтанұлының шығармашылығы кең көлемде насихатталған екен. Шығармаларына қарап отырып, оның осы жасқа құр қол келмегендігін байқадық. Сонау жылдарға ой жүгіртсек, небары 15 жасында «Жас ұлан» атты ұйымның құрамында болып, ұлттың сөзін сөйлеуі бекерден-бекер емес. Дәл сол кезде Алаштың айтулы азаматы Мұрат Әуезов Мәскеуде «Жас тұлпар» атты ұйымға жетекшілік еткен еді. Рух үндестігі деген, міне, осы, - деді Ұлықбек Есдәулет. Сондай-ақ ол ақынның иығына шапан жауып, жырдан шашу шашты. Сонымен қатар Мұрат Әуезовтің мерейтой иесіне арнаған құттықтау хатын оқып берді. Бұдан соң Ресейдің Лермонтов комитетінің тең төрағасы В.Захаров пен А.Додуевтің шешімімен А.Қаниға берілген Кайсын Кулиев медалін кеудесіне тақты.

Арман Бақтанұлы - бірнеше жыр жинақ-тарының авторы. Атап айтар болсақ, «Ар алдында», «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар», «Шындықпен бетпе-бет», «Жұлдызды тұман», «Сен және мен», «Үйлесім» секілді жыр жинақтары бұл күнде оқырман қауым іздеп жүріп оқитын туындыларға айналды. Кеш барысында ақынның «Қарашығымдағы бейнелер» атты жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды. Павлодардағы «ЭКО» баспасынан 500 дана- мен басылып шыққан кітапқа демеуші болған қоғам белсендісі, кәсіпкер Асылбек Туғанбай екендігін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы да әрқайсысы 40 данадан ақынның жаңа жыр жинағын жарыққа шығарды.

Арман Қани туралы қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ел ағасы Қуат Есімханов былай дейді.

- Интернаттың жылап тұрған әйнегінен қоштасып кеткен бала содан бері келе жатқан жолда бәтеңкесінің табанының бүрі таймай, жалпаңдап жалынбай, жалтақтап қорықпай, ойындағысын тура айтып, шындыққа тура қарап келе жатыр. Соғыс жоқта батыр, қауіп жоқта қаһарман көбейіп кеткен заманда Арман секілді тектілігін ісімен дәлелдейтін азаматтар керек бізге, - деді ол.

Айта кетерлігі, Арман Бақтанұлы былтырғы жылдың аяғында Алланың қалауымен өңірдегі аға буын қаламгерлер арасында алғашқы болып Мекке мен Мединеге қажылық сапарға барып қайтты. Бүгінде кейінгі буынға өнеге, өсиет болар имандылық тақырыбында да қалам тербеп жүр. Кеш соңында мерейтой иесі шараны ұйымдастырған облыс әкімдігіне, дастарқан жайған айтулы азамат Абызбай Адамовқа, жаңа кітаптың жарыққа шығуына ұйытқы болған кәсіпкер Асылбек Туғанбайға кіші қажылық парызын өтеуге демеушілік жасаған Наурызбай қажыға және облыстық Қажылар қауымдастығының төрағасы Рымтай Сапарбекқызына, тілекші болып келген ағайын-туыстың барлығына алғыс айтты. Кеш барысында астаналық және жергілікті өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz