1938 жылы «Колхоз» деп аталған облыстық газетке Әубәкір Аяпбергенов редакторлыққа тағайындалған. Жауапты хатшы Әнуар Әукенов, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Бәзіл Исабеков, ауыл шаруашылығы бөліміне Арын Әміров, әдебиет қызметкері болып Шәйім Башаров қызмет істеді. Бұл қызметкерлерден кейін Әбдіш Баймұрзин, Зейнолла Мұқанов қызметке келді. Газет жаңа ғана кемеліне келе бастаған кезде соғыс басталып, журналистердің көпшілігі соғысқа аттанады. Редакцияны ұстап қалған Хамза Сыздықов, Қаби Көпбаевтар газеттің шығуын тоқтатпады. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, редакцияға майдангерлер Жылқайдар Қарпықов, Кәрмұқан Бекбергенов қайта оралды.

***

Мен мектепте оқып жүргенде газетке өлеңдерімді жіберіп, шағын мақалалар жазып тұрдым. Тұңғыш өлеңдерім әдебиет бетінде жарық көрді. Ауыл тілшісі деген куәлік алдым. Бізге бөлім қызметкерлері хат арқылы тапсырмалар беретін. Жетпісінші жылдары газетте 8 бөлім болды. Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Әжібек Жүсіпов, үгіт-насихат бөлімін Қапан Сапарғалиев, мәдениет бөлімін Мұхаметжан Дәуренбеков, совет құрылысы және әлеуметтік тұрмыс бөлімін Әділбек Жұмаділденов, ауыл шаруашылығы бөлімін Төлеубек Қоңыров, құрылыс және транспорт бөлімін Әбдіш Баймұрзин, әдебиет және еңбекшілер хаттары мен бұқаралық жұмыс бөлімін Ермек Демешев, хабар бөлімін Төлеубек Төлеубаев басқарды. Бақи Әбдіқадыров жауапты хатшы болатын. Сол кездері газет тілшілері Күлбарам Жұмашева, Қорлан Байжұманова апайларды, Бәну Шәкірова, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Есентай Ерботинді де жақсы таныдым. Тапсырмалар алдым. Суретші, тілші Еренбақ Әлжанов біздің ауылға келіп егін орағын, пішен науқанын суретке түсіріп, менің жазған мақалаларымды алып кететін.

***

1967 жылы облыстық газетке корректор болып орналастым. Газет күнде шығып тұрды. Жітікөз Жиенбек Сәтенов, корректорлар Сәбира Садықова, Сапура Нығышева, Қауия Жаулыбаева, Сағила Төлеубаева, Мәдина Садықова мені корректорлық жұмысқа баулыды. Алғашқы кезде оларға көмекші, «подчитчик» болдым. Біз баспаханада газет дайын болғанша түн ортасына дейін жүреміз. Газетке келген жылдары біздің ұжым ауыл шаруашылығы жұмысына көмекке барып жүрді. Бірде Чернояркаға көкөніс, жеміс жинауға бардық. Ашық аспан астында жұмыс істеген қандай ғанибет! Бақи ағамыз өте әңгімешіл болатын. Күлкіге кенелтетін әңгіме айтқанда, алдына жан салмайтын. Мен ол кісіден майдандағы ерліктерін айтуды өтінетінмін. Бізбен бірге сол жылдары ҚазМУ-де журналистика факультетінде оқитын студент Социал Әйтенов те барды. Бақи аға әнді жақсы айтатын. Бақи Әбдіқадыров пен Сұлтанмахмұт ақынның немере інісі Сәкен Шаймерденов әзілдері жарасқан, құрдас, өте дос жандар болды. Бақи аға майданда алғы шепте жүргенде жарақат алып, госпитальға түседі. Осында тағдырдың жазуымен орыс қызы Анна Матвеевнамен танысып, кейін көңіл қосады. Ерлі-зайыптылардың балалары бар. Сәкен аға Бақи досының Анна Матвеевнасын жақсы көретінін біле тұра әзілдей береді екен. Екеуі де ақын. Бақи Әбдіқадыров табан аузында өлең құрап жауап беретін.

***

Профессор Хайыржан Бекқожин облыстық «Қызыл ту» газетінің тарихы туралы реферат жазуға тапсырма берді. Бұл кісі - қазақ журналистикасы туралы кітап жазған ғалым адам. Лекция оқулығын пайдаланып жүрміз. Жерлес ағаның тапсырмасы маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бәлкім, болашақ журналисті тарихи дүниелерді зерттеуге бейімдегісі келді ме?! Павлодарға оралған соң тапсырманы орындауға кірістім. Зерттеу жұмысымды Павлодар журналистикасының тарихынан бастадым. Совет үкіметі орнағаннан кейін советтік газет құру мәселесі туындайды. Бұл кезде шығып тұрған «Степная речь» эсерлердің газеті болатын. Олар жаңа орнаған совет өкіметіне қарсы материалдар жазғанын білеміз. Осы жылдың бірінші мартында бірінші уездік съезде газетті жауып, редакция мен баспахананы конфескелейді. Бір айдан соң большевиктердің «Объединение» газетінің бірінші нөмірі жарық көреді. Бұл газет жұмысшылардың, шаруалардың, казак, татар және қырғыз (қазақ) депутаттары советінің органы болған. 1922 жылы Павлодар журналистері творчестволық өсу, шыңдалу кезінен өткен кезде «Степной пахарь» газетін шығарады. Күн өткен сайын қазақ газетін шығару мәселесі туындайды. Алайда қазақ әріптерінің жоқтығы және басқа себептермен газет шығару кейінге шегіріледі. 1928 жылғы реформадан кейін жылдың аяғында ВКП(б) округтік комитетінің бюросы газеттердің аттарын бекітті. Яғни «Советская деревня» мен «Кеңес туы» атауымен қазақ тілінде газет шығатын болған. Орыс тіліндегі газет январь айында, ал қазақ тіліндегі газет 15 ақпанда жарық көрді. Қазақ газетінің тұңғыш әріп терушісі Сыздық Смағұлов қазақ газетінің қалай шыққанын былай деп еске алды: «Сол кездегі комсомол комитетінің хатшысы Бәри Мәжитов қаладағы жалғыз қазақ мектебіне барып, Балғабек Есбергенов пен Қажей Әміровті және өзін баспаханаға қызметке қабылдатады. Баспахананың мастері Қанафия Мүліков қазақша әріптер мен газет шығаруға қажетті баспа құралдарын Қазан қаласынан әкеледі. Өзі сол жақтан үйреніп келеді де, әлгі жігіттерді полиграфия әдісіне үйретеді». Сөйтіп қазақ газетінің алғашқы нөмірінің әріптерін қолымен теріп Сыздық Смағұлов газет шығарады. Жазу машинкасы жоқ болғандықтан Самат Нұржанов, Бәуеш Жанбаев, Уәлихан Омаров және Балтабай Асановтар мақалаларды бір-бірлеп теруге көмектеседі екен. Газеттің алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаев, жауапты хатшысы ақын Самат Нұржанов, ал Уәлихан Омаров әдеби қызметкер болған.

***

Сыздық аға 1967 жылы газетке корректор болып жұмысқа келгенімде «Звезда Прииртышья» газетін шығарушы болып қызмет істеп жүрді. Орта бойлы, арықша келген, орыс тілінде өте тез сөйлейтін адам болатын. Бас әріптерді қолымен теріп тұрғанын көзіммен көрдім. Нюся Баланда деген беттеуші қара әйел қолы-қолына жұқпай, бас әріптерді қалыпқа орналастыратын. Сыздық аға өте кішіпейіл, айтқаныңа бірден сеніп қалатын ақкөңіл жанмен журналистер әзіл-шыны аралас мазалай беретін. Аға үнемі жаяу жүретін. Автобусқа отырғанын көрген емеспін. Түннің ортасында баспаханадан шығып, үйіне жаяу кететін. Ол кезде Сыздық ағаның тарихи адам екенін білмедім. Қызылдар мен ақтардың кескілескен ұрыстарын көрген, ақ түрмеге қамалғандармен кездескен. Тергеушілердің өтінішімен тілмаш та болыпты. Бірақ істі болған адамдардың есімдерін айтпайтын.

«Кеңес туы» - шаруа, ауыл газеті болғанымен ауыл жақтағылар бұл газетті оқи алмапты. Газет араб ғаріптерімен шыққан. Елдегі сауатсыздықты жоюға молдалар тартылыпты. Мұғалімдер жетіспеген. Қазақстанда басталған ұжымдастыру кезінде қазақ жазбасында араб алфавитінің орнына латын-қазақ әліпбиін енгізу реформасы енгізіледі. 1930 жылғы 15 февральден 15 мартқа дейінгі бір айдың ішінде Павлодар округінде жаңа алфавитті 11 жарым мың адам меңгерген. Олардың 55 проценті латынша жаза алатындар болса, қалғаны араб әліпбиін білген.

Осы жылы газет атауын «Колхоз» деп өзгерткен. Газет атауы айтып тұрғандай, оның бағыты да, тақырыбы да өзгерген. Советтік Қазақстанда губерния, округ деген атаулардың орнына 122 аудан құрылады. Байлар, кулактар тап есебінде жойыла бастайды. Оның есесіне колхоз малына қасқыр шабады. «Шаш ал десе, бас алатын» әпербақандар «әртелдесің алға басасың, бәрің бір көрпенің астында жатасың» деп жер-жерде артельдерге бөлінеді.

Павлодар аудан болып ұйымдасқанда сол жылғы санақ бойынша 14667 шаңырақ болыпты. Онда 71 586 адам тұрған. Яғни олардың 63 пайызы қазақтар екен. Газет тарихын зерттеп жүріп, «Колхоз» газетінде тілші болған Хайыржан Бекхожиннің аты-жөнін кездестірдім. Кезінде бұл кісі де «халық жауы» деген жазадан құр қалмапты. Павлодар аудандық партия комитетінде Жигарев, ал советауткомында Сәлемхат Күленов газетті партияның ең өткір құралы етуге күш-жігерін жұмсапты. Баспахана жылқышының қосындай тар. Әріп қолмен теріледі. Әрі әріп теруші, әрі версткажасайтын Балғабек пен Хатираларда тізе бүгу жоқ. Әубәкір Аяпбергенов те бір қолына верстак, бір қолына біз ұстап, әріптерді шұқылаумен көрер таңды көзімен атырады екен. Сол кезде Жұмат Досқараев, комсомол қызметкері Әбілхайыр Баймолдин, жазушы Зейін Шашкин, Ахмет Нұралин, ауыл мұғалімі Ахмет Жаманбаев, «Ленин» орденді мұғалім Әбдіуахит Нұрғожин газетке колхоздастыру туралы үгіт-насихат материалдарын жазған.

***

Жаңадан келген бас редактор Әлқожа Мұхамеджанов өзі жазғанан гөрі, басқаларға тапсырма беріп, басқаша жұмыс істеді. Түсі суық, мінезі өте қатал, жаңашыл, талапшыл. Көпті көрген, білімді аға келген күннен бастап кез келген мәселені өзі шешіп беретін болды. Әрине, газет шығаруға деген талап күшейді. Ол кісі жастардың жазуына еркіндік берді. Түсі ызғар шашып тұрса да, мінезі қатал көрінгенмен қыз журналистерге қамқорлық көрсетіп, қанатының астына алды. Әр журналистің тақырыпты меңгеріп жазуына жол ашты. Жаңалықты қолдады. Редакцияға Қазақтың Киров атындағы университетінің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Нұртөре Жүсіпов, Ғалым Омарханов, Фарида Бықай келді. Бұл жас түлектер Балтабай Сейсенбеков кезінде менімен қатарлас редакция есігін ашқан болатын. Қаламдары жүйрік. Жаңа редактор Нұртөреге ауыл шаруашылығын, Ғалымға өндіріс тақырыбын жазуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы мәселесін Қажымұрат Смағұлов, Нәсіполла Есімов те өндіріп жазатын еді, себебі оқырмандарымыз ауылда, әрі ауыл шаруашылығына аса жоғары мән беріледі. Екібастұздан меншікті тілші Амангелді Қаңтарбаев, Ертіс ауданынан Мүбәрак Жаманбалиновтер де өндірте жазды.

Газетке оралғаныма екі-үш жылдың жүзі болды. Мен де жазғыш журналистердің қатарынан көріне бастадым. Газетке мақалаң көбірек шыққан сайын тыныштық болмайтын. Бұрын да сынға ұшырап жүретін басымыз жазылған жайдан таяқ жемеймін десең де, бір ұшы келіп тиетін. Әрине, Қажымұрат пен Айтжан ағамыз бір жерден ілік тауып отырады. Лездемеде шымшып алады. Фарида Бықаеваның тәп-тәуір жазылған дүниелері де сыналады. Өкінішті. Редактор өзімен бірге алып келген Әділбек Жақыповтың да ойын жеткізгенше шыр-пыры шығады. Нұртөре Жүсіпов алыстан орағытып, сөзін дәлелді деректерге құрып, жөн сөздерді айтып отырады.

Мені көп сынайтын Айтжан аға бүгін газетке шыққан бір өлеңімді мақтады. Ұнатып қалыпты. Ол кісінің аузынан мақтаулы сөз естігенде көкке ұшып кете жаздадым. Өлең гинеколог дәрігер Люция Халитқызына арналған болатын. Мінезі қызық Бақыт Баймұратовтың ешкіммен жұмысы жоқ, өлеңдетіп, ыңылдап әндетіп жүріп, имандылық, әлеуметтік мәселелерді жазып жүр. Ғалымбек Жұматовтың мақалалары, көтеретін проблемалары өзекті, жазуға шебер, қаламы жүйрік. Жақында республикалық «Халық кеңесі» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды. Оның орнына кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі лауазымына мені отырғызды.

Бөлімге келген соң, әйелдеріміздің ең өткір мәселелерін, оларды толғандырып жүрген жайларды, әсіресе әйелдердің қоғамда атқаратын ролін және проблемаларын жан-жақты көрсетіп жазу үшін бет ұйымдастырдым. Әйел тек қана отбасы, ошақ қасында отыратын жан ғана емес, олардың ерлермен қатар еңбек ете алатынын, ерлерге серік, жолдас бола алатынын жазғым келді. Жаңадан шығатын арнаулы беттің атауына «Ақ баян», «Кестелі орамал», «Бәйшешек», «Ертіс әйелдері» деген тағы да бірнеше ұсыныстар болды. Алайда Әлқожа редактор «Ардақ» деген атауды таңдады. Бұл атау арыңа дақ түсірме деген мағынаны береді. Сонымен «Ардақ» қыз-келіншектер клубы деп айдар тақтық. Өмірде кездесіп жататын көлеңкелі көріністерге, келеңсіз жағдайларға назар аудардық. Қыз-келіншектер творчествосы, іс тігу, қол өнері, тағамдар дайындаудың қыры мен сыры және басқа да жайлар туралы кеңес берілді.

***

Әлқожа Мұхамеджанов бас редактор болып келгелі газеттің түрі, көркемделуі, беттелуі де өзгерді. «Қызыл ту» деген газеттің атауы жаралы жанымызға, естір құлағымызға, қазақи жүрегімізге шаншудай қадалды. Өткенсіз тарих жоқ. Алайда, жаңа заманның жаңасы мен жаңалығы болу керек.

Газет қызметкерлері арасында газеттің атауына байқау жарияланды. Бірі қалмай ойларын айтты. Бірі «Сарыарқа» деді, екіншісі «Ертіс өңірі», «Баянтау», тағы да сол сияқты атаулар тізбектелді. Соңғы сөзді редакция алқасы, оның редакторы Әлқожа алды. «Сарыарқа» атауы әдемі, бұл аймақтың мағынасын береді. Өңірімізде үнемі самал жел соғып тұрады, осы Сарыарқаға самалын қосайық деді. Біздің жазған дүниелеріміз оқырмандарға самал желдей ессін деген тілек болды. Содан бәріміз мақұлдадық. Газет атауы «Сарыарқа самалы» деп шыға бастады. Бұрын аптасына жеті рет шығатын газет екі күнге қысқарды. Күндері қысқарғанмен, көлемі, берілетін материалдарды сыйғызу сол қалпында қалды. Газетке жастар келіп орналасты. Әділбек Жұмаділденов пен Төлеубай Төлеубеков зейнет жасынан асып кеткендіктен демалысқа жіберілді.

Фототілші Еренбақ Әлжановтың жасы зейнеткерлікке жеткенімен, уақытша жұмыс орнында қалды. Еренбақ аға Қытай Халық республикасы Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасында туған болатын. Қабанбай батырдың үзеңгілесі болған Боранбай бидің ұрпағы. Еренбақ ағамыз 1954 жылы бір күнге ғана шекара ашылғанда Алтайдан бері асып, Керекуге жетіпті. Міне, содан бері отыз жылға жуық осы газетте суретші-фотограф. Еңбекқор, елгезек жан. Ол кісіні үлкен де, бала да жұмсайды. Алайда қабағын шытып, кейіс көрсеткенін көрген емеспін. Иығына фотоаппаратын асып алып, ылғи зырылдап жүреді. Газет бетіндегі анық та таза, кең көлемді суреттердің авторы осы кісі. Еңбек адамдарын да қай қырынан түсіретінін, тіпті түрі келіссіздердің өзін керемет етіп шығарып береді. Әрине, зейнетке кеткен қарт журналистердің орны жастарға тиді.

 

Шолпан БАЙҒАЛЫ, ардагер журналист, Павлодар қаласының Құрметті азаматы.

saryarka-samaly.kz